«Нарцисс» науқасына шалдыққандар немесе қазақ баласы кумирсіз қалған жоқ па?
Бұрын адамда таңғалу деген қасиет болушы еді, ал қазір селт етпейтін болып барамыз. Себебі таңсық ештеңе қалмады. Олай болмасына қоя ма, күнде үйіңізде теледидар мен интернет жақсысын да, жаманын да жарыса көрсетіп жатса. Күні кеше ғана, Қадыр ақынша айтқанда, «жайлауында жүрген жігіт бағып қой» араға ай салар-салмас теледидар бетінен түспейтін «жұлдызға» айналып шыға келеді. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сондай біреу «төбеге шыққаннан» кейін, басқа таңғалатын не қалды? Жалпы, қазір қайда қарасаңыз да, тек өзін ғана жарнамалап, өзін ғана көрсетіп, өзімен ғана әлек боп жатқан біреу... Осыған қарап қазіргі қоғам тұтас «нарцисс» науқасына шалдыққан ба деп қаласыз.
Әлқисса-әпсана
Ертеде сыр-сымбатына сөз жетпейтін, көркіне көз тоймайтын бір жас жігіт болыпты. Есімі оның Нарцисс болса керек. Сымбаттылығы сонша – қыз-келіншектер түгіл, оған ер жыныстылар да аңтарыла қарап, сиқырланғандай күй кешеді екен. Бірақ айналасындағылардың өзіне деген сондай ілтипаты оны шектен тыс тәкаппарлыққа ұрындырып, ешкімді менсінбей, көзге де ілмейтін халге жетеді. Ол – ол ма, бір күні бақта кетіп бара жатқанда шөл қысқан әлгі жігіт су ішпекке бұлаққа еңкейе бергені сол еді, кенет ар жақтан өзіне ентелей қараған бір бейнені көреді. Көреді де, естен тана ғашық болады. Өмірі ешкімге көз қиығын да салмайтын Нарцисс әлгі бейнені көргенде, қасынан кете алмай, көзін ала алмай, сол жерде талып қалады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жігіт ақыры сол бейне иесін таппаған күйі құсадан көз жұмады. Ең өкініштісі, су бетінен көрген бейне өзінікі екенін Нарцисс өлгенше білмей кеткен еді... Кейін келе ғылымда өзін шектен тыс жақсы көретіндерге «нарциссизм» диагнозын қою осыдан қалған.
Кешегі «мен» мен бүгінгі «меннің» арасы...
Енді жай-жапсар түсінікті бола бастаған шығар. Қайта Нарцисстің ол «қылығын» кешіруге болады, бір себептен... Оның су бетінен көрген бейненің өзінікі екенін білмегені үшін. Ал одан кейінгі немесе бүгінгі қоғамның іс-әрекетіне не жорық? Олардың тек өзіне сұқтана қарап, айналасынан өзінен басқа адам көрмей, өзгелерге өзін жарнамалауының мәнісі неде? Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірсек. Алдымен теледидарды алсақ. Елге ұнасын-ұнамасын жарыса ән жазып, бейнеклип түсіріп жатқан әншілердің бәрінікі сырт көзге «өнерге өз үлесін қосу» деп түсіндірілгенімен, шын мәнінде дамып жатқан эстрада, өнер бар ма? Ендеше, ашығын айтайық, «әр кәллада бір қиял» демекші, қалай болғанда да әркім қолдан келгенше өзін көрсетіп, «қолда барда қоныштан басып қалуға» жанталасып жатыр. Әнші болу арқылы ән әлеміне өзіндік бір үлес қоссам деген бұрынғы әншілерде болса, қазір әнші болу деген, шынын айтқанда, «танымал боп, табысты молынан табу, солайша дәулетті өмір сүруге» «билет», бәлкім, «лотерея» деуге келетін шығар. Оған бәрі ұмтылады, бірақ «бағы жанғандар» «ұтысқа» ие болады. Тек әнші ғана емес, жалпы, өнердің қай түрі болсын қазір өнерге өнер деп емес, табыс табатын, табуға міндетті тауар деп қарайтын болған. Оны осы өлкеде жүргендердің өзі-ақ байқамай мойындап қояды әрегідік, «өтетін ән», «өтпейтін ән» деу арқылы. Бұл – бір.
Екінші бір мысал – әлеуметтік желілер мен блогтар. «Мен бүйткенде, мен сүйткенде» немесе «мен мынадай жерде жүрмін», «мынау менің бәленшемен кездескендегім», «мына суретте бүйтіп қалсам керек, сүйтіп қалсам керек», әйтеуір, бітпес «Мен». Осыдан он шақты жыл бұрын шығар, «МЕН» деп мемуар жазғаны үшін Мұхтар Мағауин сынды ұлы тұлғамызға үдере қарап едік. Шындығында, Мағауин қалай айтса да жарасатын, себебі бір ғана оның қазақтың бес бірдей ғасырын тірілткенінің өзі қайда жатыр? Мағауин ол дәрежеге жеткен еді. Біз соны мойындамай, қоғам алақұйын болдық. Ал қазір ше? Қазір сол бір ғажайып тұлғаның тобығына да жетпейтін мына біздер күн сайын «мен» деген «мемуарлардың» жүзін жазып жатырмыз. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Бізді осыған жеткізген не?
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Бұл – ұлттық намыстың сөніп бара жатқандығының белгісі. Тек жігіт не бірыңғай қыздарды кінәлі демеймін, бірақ «мен» деген менмендікпен өсіп келе жатқандардың дені жастар ғой. Алайда аға буынның да бұл жерде кінәсі жоқ емес, олардың кінәсі ұл-қызына дұрыс тәрбие бере алмай, тәрбиені уыстан шығарып алғанында. Ұлылық, ататек сөзі айтылмаған соң, ұл осылай өз бетімен өседі де, әншейін бір жәндік сияқты жүреді. Оның кеудесіне елдік намыс, азаматтық ар мен абырой, батырлық рухтың дәні егілмеген. Ел билеп отырған жігіттеріміз Жиреншені оқыса ғой, шіркін! Шешендік сөздер, жыр-дастандар – білгенге қазақтың ғасырлап жинаған рухани байлығы. Бірақ сол байлығымыз қадірін білмес ұрпаққа қор болып кете ме деп қорқамын.
Әбдуәлі Мамәділ, психолог:
– Саналы түрде «мен мәңгі сұлу, мәңгі жас, мәңгі осылай гламур кешемін, себебі мен ерекше туғандардың санатындамын» деген сияқты ойларды өзіне таңуды психологиялық дерт десек те болады. Негізінен, 18 бен 25 аралығындағы жастарға тән болып келетін бұл да бір адамның не өзіне, не өзгеге есеп бермей, «мен ерекшемін» деп қабылдаудан туған өмір сүрудің формасы. Сән өкілдері, стиль саласындағы, жарнама саласындағылар, БАҚ осы аудиторияға бағытталған дүниелер беріп және одан жап-жақсы табыс та табады. Мұның қауіптілігі сонда – соңы дағдарысқа апарып соғады.
Кумирсіз ұрпақ...
Осыдан келіп қазіргі қазақ баласы кумирсіз қалған жайы бар. Бұрын ұшқыш болуды армандамайтын бала жоқ болатын. Себебі алғаш ғарышты бағындырған Гагарин сынды кумирі болатын. Ал қазір аспанға қараудан да қорқып қалды, шыны керек... Сондай-ақ бұрын ауылдың қара домалақтары үшін Мұқағали сынды ақынды «тірідей» көру арман болатын. Ал қазір?.. Күн сайын микроблогтардан жырлары ағылып, әлеуметтік желілерде жылт-жылт етіп көріне берген «ақынсымақтар» ақын деген атауға дақ түсіріп алды ма екен, олар ешкімге таңсық болмай қалды. Ал одан да бұрын, қазіргі таңда ең қауіпті жайт – бәріміздің болмаса да, басым бөлігіміздің «нарцисс» науқасына шалдыққандығымыз...