Наурыз көжені дайындау сол өңірде өсетін өсімдіктерге байланысты болуы мүмкін
Оңтүстікте наурыз көжені дайындаудың өзіндік ерекшеліктері қандай? Ол жөнінде белгілі этнограф ғалым, тарихшы, жазушы, Наурыз мейрамы туралы терең зерттеулер жүргізумен шұғылданып келе жатқан Әбдіһан Шілтерханов атамыздан сұраған едік:
– Негізі, жаңа жыл Наурыздан басталады. Қазіргі тойлап жүрген Жаңа жылымыз – қолдан құрастырылған, Рим императорының бұйрығымен жасалған календарь. Ешқандай негізге сүйенбеген. Ал Наурыз – бұл қолдан жасалмаған, табиғаттың өзі берген мейрам. Яғни табиғат пен жер бетіндегі тіршілік иелерінің байланысынан, бірлігінен туған. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Өмір жаңарады. Ал осы мейрамның негізгі нышандарының бірі – наурыз көже. Наурыз көженің әр өңірдегі пісірілуінде кездесуі мүмкін өзгешеліктер сол өңірде өсетін өсімдік, дақылдарға тікелей қатысты болады. Мәселен, бізде бидай өседі, яғни бидай қосылады, арпа, тары да өседі, оларды да қосамыз, сосын сүр ет, айран секілді мал өнімдері қосылады. Жалпы алғанда, наурыз көженің дайындалуында аздап өзгеріс болғанымен, мақсаты – бір. Барлығы да адамның денсаулығына өте пайдалы. Семіздің жұқарып, арықтың үзілер шағында қосымша күш беретін дәрумендерге өте бай тағам – бұл. Мәселен, сүр еттің үш жылдық, бір жылдық, жарты жылдық, үш айлық деген секілді түрлері болады. Атам қазақ мұны қазіргі суыққа қарсы қолданатын дәрі ретінде пайдаланған. Үйде біреу суық тиіп ауырса, сүр етті әбден қайнатып, сорпасын ішкізіп, емдеген.
Біздің бала кезімізде жақсы бір дәстүр болатын. Ол дәстүр бойынша дайын болған наурыз көжені ең алдымен құмырсқаның илеуіне салатын. Сосын барып адамдарға үлестірілетін. Бұл – өте жақсы дәстүр. Біріншіден, адамның табиғатпен байланысын күшейтуге, оны аялауға үйретсе, екіншіден, кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болары сөзсіз. Құмырсқа дегеніміз – адамның досы, ешкімге зияны жоқ, еңбекқор жәндік. Табиғаттағы осындай жәндіктер мен жан-жануарларды, өсімдіктерді аяулау, мәпелеу өзімізді мәпелеумен бірдей.