Наурыз символы – «Өмір ағашы» болса...
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛОВ, суретші, «Дарын» сыйлығының лауреаты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:
Наурыздың ең басты символы ретінде әр шаңырақта, балабақша, мектептерде «өмір ағашы» орнатылса. Біздің арғы түсінігімізде дүниені Тәңір жаратқанда ең алдымен алтын жұмыртқа пайда болған. Жұмыртқаның үстіңгі қабығынан көк аспан, астыңғы қабығынан жер пайда болып, жерден ең бірінші өмір ағашы шықты деген сенім бар. Астанадағы «Бәйтеректі» алсақ, оның үстінде алтын жұмыртқа бар, бұл адамзаттың тарауын білдіреді. «Өмір ағашын» декоративті етіп жасау керек сияқты Ағаш көк түстен жасыл түске ауысып, жапырақ жайып тұруы керек. Бұл – қыстан жазға ауысудың, өсіп-өнудің символы. Образды түрде алма ағашын немесе ерте гүлдейтін шие ағашын алуға болады. Өмір ағашын түрлі ойыншықтармен, ертегі кейіпкерлерімен, төрт түлік иелерімен және түрлі тілектер, баталар жазылған ойыншықтармен безендіруге болады. Ағаштың астына балаларға арналған сыйлықтар қойылады. Өмір ағашының ең басына әдемі құс ілінеді. Бұл «бақыт құсы» шаңырағыңа бақыт құсы қонды деген символиканы білдіріп тұрады. «Алтын адамның» баскиімінде таулар, өмір ағашы, бақыт құсы бейнеленген. Қазақтың түсінігінде жеке-дара өскен ағаш киелі деп есептеледі. Айдалада өсіп тұрған ағашқа шүберек байлап кету бізде әлі сақталған. Қазақтың шежіресінің өзі, халықтың өсіп-өнуі ағаштың тамырына баланады. Қазақ деген ха-лықтың тамырынан үш жүздің баласы таралып жатыр. «Өмір ағашы» – ұлттың діңі. Жаңа жыл біткен соң бұл ағаш үйдің бір бұрышынан орын алатын, сәнін кіргізетін әдемі ағаш болуы шарт. Сондай-ақ қазіргі балалардың түсінігіндегі шырша, Аяз Атаны алыстатып, Қызыр атаның сыйлығын күтуге тәрбиелеуіміз керек. Міне, осындай түпкі дүниетанымымызға сай ақыл-ойға сыятын дүниелерді енгізсек, сонда ғана біз роботқа айналып бара жатқан балаларымызды ұлттық тәрбиемен сусындата аламыз. Тағы бір қосарым: барша Қазақстан халқына 22-29 наурыз аралығында жеті күн демалыс беру керек. Жеті саны – қазақ үшін киелі сан. Наурызкөже де жеті дәмнен әзірленеді. Бір апта демалыстан мемлекетіміз біраз ақша ұтылуы мүмкін, есесіне, мемлекеттің тұтастығын ұтамыз.
«Алаш айнасы»