Наурызда тал егілмей қалды...
«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған қазақ үшін тал егу – соңына ұрпақ қалдыру секілді ұлы істердің бірі. Сол үшін де Наурыз мерекесі ырыс пен еңбектің, молшылық пен татулықтың мейрамына айналған. Бұл күнгі ас та төк дастарқан қазақ халқының көңілінің дарқандығын тағы бір көрсетсе керек. Иә, қазақтың дастарқаны туралы айтылар әңгіме – бөлек дүние.
Менің айтпағым – осы күнгі еңбек турасындағы сөз. Қазақ әуел бастан Наурыз мерекесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тал-дарақ маңын қайыра тазалап, осы күнгі жастар, тіпті түбін әктеп, ерекше жайнап-жақсартады. Мұның барлығы кейінгі жастарға үлгі-өнеге болса керек. Себебі жас ұрпақ мезгілдің, жылдың жаңаратынын ғана емес, адамның да жан-дүниесін лас пен кірден ауық-ауық тазалап тұруы керек екенін осыдан-ақ ұқпай ма? Біздер, ұстаздар, мектепте, ата-аналар үйде айтқан ақыл-кеңес – өз алдына бір төбе, ал ондай өнегені көзбен көрген бала, тіптен жадынан шығармақ емес.
Сөз басында мысал еткен «бір тал кессең, он тал егу» дәстүрі осы күні ауылдарда өз маңызын жойған емес. Мектеп оқушыларынан бастап, ата-аналарына дейін жұмылдырылатын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат – анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Талшыбықтай нәзік жасөспірім табиғаттың адам баласына қаншалықты пайдалы екендігін құр ауызбен немесе сынып ішінде оқылатын дәріспен жете ұғынбасы анық. Әсіресе бүгінгі техниканың озық дамыған кезеңінде, балаларымыз табиғаттан жырақтап бара жатқаны жасырын емес. Алты күн бойы сабақтан босамайтын қала балаларын жексенбі күні «ойна» деп далаға жіберсек, қайта айналып келіп, теледидар мен компьютерге келіп отырады дегенді үлкен шаһарда тұратын ата-аналардың аузынан жиі естіп қаламыз. Меніңше, мұның алдын алудың бір жолы балаларды қол еңбегіне көбірек баулу дер едім. Ата-бабаларымыз әз Наурызда жүзеге асыруды дәстүрге айналдырған тал егу шарасы – қол еңбегінің бір көрінісі. Ал оның адам ағзасына да пайдасы зор екендігі көпшілікке белгілі. Мектеп оқушыларын қол еңбегіне баулуға ауылдық жерлерде мүмкіндік көп. Сол үшін де табиғатты аялауға, оның бағасы мен пайдасын терең ұғынуға балаларды жастайынан баулу біздің, яғни ұстаздардың азаматтық парызы дер едім. Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Бұл сөзді қосымша түсіндірудің қажеті шамалы. Біздің ұстаздық міндет – оны бала санасына сөз күйінде емес, қарекет түрінде де сіңіру. Түркі халықтары атап өтетін жыл басының айтулы ерекшелігі табиғатқа зиян келтірмей, пайдалы іске жұмылуда жатса керек.
Мыңжылдық өсімдікті түбінен қиғаннан гөрі, оның көшетін отырғызу сауапты істердің бірінен саналмақ. Алайда бұл игі істі біз бір реткі сенбілікте ғана атқара салатын сияқтымыз. Қазір – нағыз көшет отырғызып, тал егетін мезгіл. Бірақ кешегі дүркіреп өткен Наурыз мерекесін тойлауды біз тағы да дастарқан басынан ұзата алмадық. Қолға күрек алайық, ағайын. Әлі де кеш емес.