Нәзік жырдың иесімен жүздесу
Жуырда ҚазҰУ-дың Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны Нәзікен Алпамысқызымен студент жастардың кездесу кеші болып өтті.
Нәзікен Алпамысқызы – білімнің қара шаңырағы ҚазҰУ-дың мақтан тұтар түлектерінің бірі. Экономика факультетін тамамдаған белгілі ғалым әрі білікті ұстаз шығармашылығы жырсүйер қауымға етене таныс. Ақынмен кездесуді жүргізген журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Поэзияның құдіреті – шыншылдығында. Нәзікен Алпамысқызы жырларының құндылығы да сонда», – деп пікір білдірді. Терең философия, өміртаным иесінің «Күрделі дейді адамды», «Алма бақ», «Өрлеудің жолы мың тармақ», «Асылдар», «Шөлдеді көзім», «Ақын тағдыры – Мағжанға» т.б. өлеңдерін филология және әдебиеттану, әлем тілдері факультетінің ақынжанды студенттері нақышына келтіре оқыды.
Ақынның жырларына нәзіктік пен сыршылдық тән. Өлең өлкесіне кештеу келсе де, талант иесінің жырлары жүректен шығып жүректерге жетті. «Біз бала кезден ақын, жазушы сыйлаған азаматпыз. Олардың шығармаларын іздеп жүріп оқитынбыз. Мен Нәзікен Алпамысқызымен бір топта оқыдым. Оның бірінші ерекшелігі – таланттылығында; екіншіден, еңбекқор; үшіншіден, жеке тұлға ретінде көрінетін», – деген белгілі ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдыұлы студенттік жылдардың қызықты сәттерімен бөлісті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нәзікен Алпамысқызының «Шырағдан», «Күрең шетен» «Қарлығаш», «Қыз ғұмыр – жыр ғұмыр» атты жыр кітаптарын оқырман жылы қабылдаған. Биыл «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда» деп аталатын жаңа жинағы жарық көрді.