Несие той – несімен той?!
Әттең, әлемде бес құрлықтың басын қосқан олимпиада секілді той жарысы жоқ. Егер дүниежүзінде той жарысы өтетін болса, қазақ бас жүлдені шаппай-ақ алар еді. Үйсіз-күйсіз жүрсе де, той жасау тек біздің елдің ғана қолынан келеді. Миллиондап несие алып, оны кемі – 150, көбі 1000 адамға шашып жіберіп, сосын жылдап, банкке берешек болатын да біздің қожанасыр – қазақ...
Әрине, тойдан айырмасын. Той – қызық-қуаныштың белгісі. Сондықтан да қазақта тойдың түр-түрі бар. Бірақ біз бүгін соның ішіндегі адамның өміріндегі ең маңызды той – үйлену тойының калькульяциясын жасап көрмекпіз. Ең әуелі жылына қанша жас некелесетіндігі туралы дерекке үңілейік. Жұртқа жария етілген мәліметтерге сенсек, Қазақстанда жылына 100 мыңнан астам адам некеге отырса керек. Ал оның шамамен әрбір үшіншісі жыл сайын ажырасып тынады екен. Сонда ата-ананың бар жиған-тергені далаға су болып ағып кетті дей беріңіз. Бұның моральдық жағын айтпағанның өзінде, экономикалық салмағы бес батпан.
«Қарыз ал да, әйел ал. Қарызыңнан құтыласың, әйелің қасыңда қалады...» ма?!
Ата-бабамыз айтып кеткен бұл мәтелге күмәнмен қарағанымыз емес. Бірақ бүгінгінің бетімізге шыжық болып басылған шындығы осыған сайып тұр. «Ұлым үйленді, қызым теңін тапты!» деп, есі шыға қуанатын қазақ баласының мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін барын да, жанын да салады. Банкінің несиесі де қалтасы тесік, табысы кем қарапайым жұртқа ғана арналған. Несие көбейгелі той да көбейді. Қомақты табысы болмаса, басындағы баспанасын банкке кепілге қойып, той жасап жатқандар жетіп-артылады. Әлбетте, бауыр еті баласынан аянып қалсын ба? Бірақ бір әттеген-айы сол несиеге жасалған тойдың соңы көбіне-көп ажырасумен тынып жатқандығы. Оған жоғарыда атап көрсеткен және төмендегі деректер дәлел.
Бейресми ақпараттар елімізде ең көп үйлену тойы Оңтүстік Қазақстанда деседі. Оңтүстік Қазақстанда – 24 мың, Алматы облысында – 18 мың, Алматы қаласында – 14 мың, Қарағанды облысында – 13,2 мың, Шығыс Қазақстан аймағында – 12,7 мың неке қиылыпты бір жылда. Ең азы – Солтүстік Қазақстан облысы – 5 мың екен. Ең көп ажырасқандар Алматы қаласында – 5500, Қарағанды облысында – 4,9 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 4,5 мың дейді. Ал бұларға себеп – қаржылық қиындық, тым ерте үйлену, жұмысқа орналасу қиындығы, баспананың болмауы депті сараптаулар. Енді осы арада мәселенің түйіні тойға барып тіреледі.
Білгішсінгеніміз емес, шашылып-төгіліп, миллиондаған қаржыға той жасағанша, жас жұбайлардың басына екі жақ бірігіп, үй сатып әперсе немесе алғашқы жарна етіп, банкке төлеп берсе, мүмкін ажырасудың бір себебі кеміген болар ма еді, қайтер еді дейді ғой баяғы ішкі ойымыз...
«Ой деген-ау, ой деген, қандай жақсы той деген!!!»
«Тойдың болғанынан боладысы қызық». Қызық дегеннен гөрі, қып-қызыл шығын деген дұрыс шығар қазіргі таңда. Ең бірінші қазақ тойының басын ұл мен келінге той киімін алумен бастайды. Сөйтіп, тойға арналған әмиян айқара ашылады. Сосын... түбі көрініп барып, бір-ақ тынады (Айтпақшы, айтуды ұмытып барады екенбіз. Бұл есеп қарапайым халықтың қалтасымен есептеліп отыр. Бай-бағландарға қатысы жоқ. Балаларының тойын шетелге апарып жасайтын байларда шатағымыз жоқ).
Сонымен, қарапайым халық той жасауы үшін жоқ дегенде 1,5 - 2 миллионға жуық теңге керек. Оның ішінде киіті, кафесі, сый-сияпаты, қайтармасы дейтіндерін қоса есептегенде. 1,5 миллион теңгеңіз 10 мың АҚШ доллары, 2 миллион теңге 15 мың АҚШ доллары. Бұл келін түсіріп отырған жұрттың шығыны делік. Дәл осындай жобада ұзатылар қыздың шығыны тағы бар. Сонда екі жақтың бар шығынын қосқанда 30 мыңға жуық АҚШ доллары. Аз ақша ма? Әрине, қарапайым жұрт үшін аз ақша емес.
Ал енді үйдің бағасына келейік. Үйдің бағасы бір бөлмелік бүгінде Қарағандыда (сұранысқа ие шағын аудандарда) 30 мың АҚШ долларынан басталады. Енді екі жақ ас та төк, той жасап, төгілмей-ақ нарықтың парқымен жастарға құрыды дегенде, бір бөлмелі үй алып берсе, жас отбасының іргетасын берік құюдың бір қадамы емес пе? Сонда ажырасудың да басты бір түйткілі шешілетіндей ме қалай?!.
Жансая БОРАНБАЙҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Үйлену тойы адамның ғұмырында бір-ақ рет болатын той емес пе?! Сондықтан той жасалуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, ысырап ету артық. Бірақ шама-шарқынша жөн-жобасымен той жасалғаны жөн. Бірақ әркім өзінің әліне қарайды емес пе? Алайда әліне қарамай тыраштанып, соңында қарызға батып отыратындар да жоқ емес. Сондықтан әркім әліне қарауы керек секілді.
«Үйлену- оңай, үй болу- қиын»
Бұл күні мамандар халықтың әлеуметтік проблемалар салдарынан күйзеліске көп ұшырайтынын айтады. Жан күйзелісі мен жүйкенің жұқаруын күн сайын екінің бірі басынан өткізеді. Соның әсерінен талай шаңырақ ортасына түсіп, талай адам өз-өзін жоғалтып алып жатыр. Кеше бір-бірін көрмесе тұра алмайтындай күй кешіп үйленгендер сол әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келгенде ата жаудай қастасып, ажырасуда. Содан қоғамда жалғызбасты ер-азамат пен жалғызбасты әйел көп. Ал ол әлеуметтік проблемалардың ұшар басында тағы баспана тұр. Баспананың құны күн сайын шарықтап барады. Мәселен, Қарағандының өзінде баспана құны былтырғы жылы 14 пайызға өсіпті. Екінші деңгейдегі банктер арқылы несие алу үшін жалақы қомақты, көлемді болуы шарт. Ондай жұмыс екінің бірінде жоқ. Елдің көпшілігі 40-50 мың теңге арқылы күн көріп отыр. Бұдан кейін жас жұбайларға қайдағы баспана?!
Қызық дерек
Mojazarplata.kz әр елдің тойын салыстырыпты. Сонда ең арзан той Украинада анықталыпты. Онда той 360 мың теңгеге түседі екен. Бұл Қазақстанға қарағанда үш-төрт есе арзан. Ал Әзірбайжанда адам басына 7 мың теңге екен. Сонда Әзірбайжанда бір той 1, 6 миллион теңгеге дөп келеді. Армения астанасында үйлену тойы 1,3 миллион теңгеге түседі деседі.