Нобельдің қысқаруы қазаққа ой салмай ма?
Өткенде ресейлік бір сықақшы «Джобс алмасының екінші шеті кертілсе, міне, нағыз дағдарыс сол кезде болмақ» деп салды. Иә, тіпті соғыстың өзінде жүрегі жау оғының нысанасында тұрған солдаттың күле беріп, тіпті езуін жиып та үлгермей, оққа ұшатынын ескерсек, «оның қасында қаржылық дағдарыс деген не, тәйірі» дерсіз... Бірақ осы жолғы қаржы дағдарысы шынында, күлерлік жағдайда еместей, әлем бойынша алпауыт компаниялардың қызметкерлер саны қысқарғаны былай тұрсын, енді тіпті мұртын балта шаппайтындай көрінетін Нобель сыйлығының өзі 20 пайызға қысқарды! Осы кезге дейін 1,4 миллион долларды құраған ол енді 1,1 миллион ғана!
Альфредтің атымтай жомартқа айналуында не сыр бар?
Қаулаған өрттің шығуына бір тал сіріңке жетерлік десек, осы бір ғана жайт біздің жалпы, Нобель қандай сыйлық, әуел бастан оның көздеген мақсаты қандай дегеннен бастап, күні бүгінге дейін осы бір сыйлық төңірегінде қандай қызық жағдайлар орын алып, кімдердің оған құмартып, кімдердің одан бас тартқанына дейін үңілуімізге сеп болды.
Өз иесіне шексіз құрмет, төрткүл дүниені тітірентер атақ-даңқ, сондай-ақ ауыз толтырып айтарлықтай байлық та сыйлайтын Нобель сыйлығы ХХ ғасырдың ең бірінші жылы, яғни 1901 жылдан бастап физика, химия, физиология, медицина, әдебиет пен әлемді қорғау жолында жаңалық ашушыларға беріледі. Ғалам ақылмандарын бір ғасырдан бері алға ұмтылдырып, жаңалық ашуға талпындырып, соңында жарылқаушы Атымтай жомарт кім десек, ол осынау сыйлықтың аты айтып тұрғандай, Нобель шалдың немересі, швед жұртының тумасы, өзі де елден асқан ақылды, өнертапқыш, инженер Альфред еді. Алғаш аты әлемге динамитті ойлап табумен жайылған ғұламаның сол дәрежеге жетуіне үңілсек, қызықты жайларға кезігуге болады екен. 1864 жылғы 14 қазан күні құрамында нитроглицерині бар жарылғыш заттарды өндіріске жіберуге рұқсат беретін патентке ие болған ғалым, кейін желатинді динамит, түтінсіз бытыра секілді жарылғыштардың түр-түрін ойлап таба берген, таба берген, ақыр соңы патенттер саны 350-ге бір-ақ жеткен. Бірақ бір басына беріле берген «бәлен патшайымның сыйлығы», «түген қоғамның сыйлығы» дегеннің бірде-бірі оны қызықтырмаса керек, тек оңаша қалып, жұмыс істеуден ғана ол рақат табатын болыпты. Осылай өмір бойы тапқан, (дұрысы ғалымды өзі іздеп тапқан) табысын тіпті өзі қайтыс боларында артында осындай «азық» қалдыруында не сыр бар? Бір болжам бар: адамзаттың игілігі үшін деп ойлап тапқан жарылғыш заттың екінші бір жағынан сол адамзаттың түбіне жетуі мүмкін екенін де ойлаған ақсақал ар алдында азапқа түсіп, ең құрығанда «күнәмді» осылай, яғни сол жаңалықты тапқаны үшін берілген қазынаның бір тиынына да тиместен, өзімнен гөрі мұқтаж жандарға таратып беру арқылы жуайын деді ме екен? Бірақ олай дейін десек, «Нобель жарылғыштары» әскери мақсатта тек 1870-1871 жылдары болған франко-прусс соғысында ғана қолданылған. Ал негізінде, Нобель жарылғыш затты бейбіт мақсатта, нақты айтқанда, атқылау арқылы жерасты жолдары мен су арналарын ашу үшін, теміржол және автомобиль жолдарын төсеу үшін, пайдалы қазбаларды аршып алу үшін ойлап тапқан. Ол жайлы ғалымның өзі: «Маған салса, өз басым соғыс атаулыға мүлдем нүкте қоярлықтай жойқын күшке ие құрылғы ойлап табар едім...» деген. Жүрегіндегі мейірім мен ізгілігін ол көзі тірісінде-ақ ғаламдық мәселелерді шешуге құрылған конгрестерге жұмсаудан аямаған. Сондықтан «атың шықпаса, жер өрте» деген қағиданы Нобельге қатысты қолдану сондай ұлы ойшылдың атағына дақ түсірері хақ. Себебі ғалымның өміртарихына үңілсек, осы бір сыйлықты тағайындауына түрткі болған мынадай жағдайды ұшырату қиын емес. 1888 жылы ғайыптан тайып баспасөзге Нобельдің өлгендігі жөнінде некролог шығып кетеді. Шынында, көзі тірі ғалым онда өзі жайлы жазылған «жарылғыш өлім саудагері» деген тіркесті көзі шалады. Солайша өзі өлген соң, соңында «өлім уын сепкіш» деген жиіркенішті дақпырты қалатынын түсінген ғалым, өз қазынасын түгел дерлік болашақ ізін жалғаушы ғалымдарға мұра етіп қалдырарлықтай сыйлық тағайындауды өсиет етеді.
Демек, Нобель қарт дүниенің жалғандығына толық көз жеткізіп, тірілерге болмаса, өлгендерге одан бір тиын пайда жоғын түсінген.
Нобель сыйлығы неге математиктерге берілмейді?
Бір қызығы және таңғаларлығы – Нобель сыйлығының математиктерге берілмейтіндігі. «Дүние саннан жаралған» деп Пифагор осы бір ғылымның түп тамырын ежелгі заманға апарып тегіннен-тегін тіреген жоқ қой? Расында, математика – талай ғылымның атасы деуге боларлықтай ғылым саласы. Олай болса, неге оның тізгінін ұстағандардың Нобельден дәмеленуге құқы жоқ?
Осы тұста мынадай сөз бар, яғни, Альфред Нобель өз сыйлығынан дәмелілер тізіміне математика саласының ғалымдарын енгізбеген себебі – ғалымның әйелі бір кездері математик ғалыммен көңіл қосу арқылы күйеуінің көзіне шөп салған-мыс.... Алайда бұл келте ойлаушылар мен болмашыға қара күйе жаққыштардың шығарғаны екен. Неге десеңіз? Жауабын естісеңіз, күлесіз. Себебі басымен ғылымға берілген байғұс ғалым тіпті жар құшып, бала сүймеген де екен. Яғни ол өзінің адами бақытын адамзат бақытына құрбан еткен жан дей аламыз.
Десек те, математика саласын Нобель неге елемеді, тіпті назарсыз қалдырды дегенге әлі күнге нақты жауап табылмай да келеді. Бірнеше болжам ғана бар, бірі сол тұста математика саласындағыларға берілетін швед королінің арнайы сыйлығы болғанын алға тартса, келесі бірінде математика саласына Нобель сыйлығының берілмеу себебі ол салада теориядан басқа адамзатқа пайдасы тиер жаңалық ашу мүмкін еместігімен түсіндіреді.
Шнобель Нобельді мазақтау ма?
Нобель сыйлығының ықпалдылығы сондай, оны көшіріп қана қоймай, оған тіпті пародия да жасайтын арнайы сыйлық та бар. Ең күлкі шақыратын ғылыми жетістік иесіне берілетін Шнобель сыйлығы бұған дәлел бола алады. Әуелі еріксіз езу тартқызып, соңынан тұңғиық ойға батыратын осы бір сыйлықты иегерлерінің арасында кейін намыс отын тұтандырып, жігерленіп, Нобельге жеткен де адам бар екен. Алысқа бармай-ақ, осы 2010 жылдың өзінде Нобель сыйлығына қол жеткізген голландық физик Андрей Гейм содан он жыл бұрын Шнобель сыйлығын алған екен. Солайша ол Нобель және Шнобель сыйлығын алған бірден-бір адам ретінде тарихта қалды. Алайда «ұшатын бақа» ойлап тапқан осы бір ғалымға Нобель сыйлығының берілуін, Нобель өз логикалық ақырын Шнобельге кеп тіреді» деп ұғып, осы бір сыйлықты «өлдіге» балайтындар бар.
Бернард Шоу неге Нобельден бас тартқан?
Мария Склодовская Кюри сынды физикадан – бір, химиядан – бір, солайша екі мәрте Нобель алған ғалымдармен қатар, одан бас тартқандар да болды десе, сенер ме едіңіз? Сенгісіз жағдай, бірақ рас. Күллі ғалам ғалымдары ұмтылған бұл ғажайыпты кері қайтармақ болғандардың бірі – ағылшын физигі Поль Дирак. 1933 жылы оны осы сыйлықпен марапаттамақ болғанда ғалым өзінің жарнаманы ұнатпайтынын айтып, алғысы келмеген. Содан соң әріптесі Резерфорд Нобельден бас тарту ел-жұртты одан бетер дүрліктіретінін түсіндіргеннен соң, Дирак сыйлықты қабыл алған.
Шынында, Нобельге қатысты әлемді таңғалдырған мәлімдемені атақты ағылшын жазушысы Бернард Шоу жасаған, ол: «Мен Альфред Нобельдің динамитті ойлап тапқанын кешіруге бармын, бірақ адам бейнесіндегі ібіліс қана Нобель сыйлығын ойлап табуы мүмкін», – деген. Қызық, неге? Мәнісін іздеп, сол бір кезеңге сүңгігенде мына жағдайға қанықтық. 1925 жылы Бернард Шоуға Нобель сыйлығын беруді ұйғарады, сонда ол: «Бәлкім, биылдыққа ештеңе жазбау арқылы әлемге тыныштық сыйлағандығыма берген сый шығар бұл», – деп түйреп өтіпті. Егер Шоудың мақтамен бауыздайтын әзіл иесі екеніне сүйенсек, бұл да соның бірі деп қабылдауымызға болады. Бірақ қомақты сыйақысынан бас тартуы – кәдімгідей ой саларлық әрекет! Бірақ сол бас тартқан сәтінде оған жан-жақтан өз мұқтаждықтарын айтқан жандардың хаты ағылса керек, әлгі сөз, яғни «адам бейнесіндегі ібіліс қана Нобельді ойлап табуы мүмкін» дегені жазушының өзіне тыным бермеген хаттарға деген ызасынан туған секілді.
Түйін
Өңінде қолы жетпегенді түсінде көру – пенденің өз еркінен тыс әдеті. Ақыл-ой мен санадан мақұрым болғандықтан шығар, «тауық түсінде тары көрсе», адам нені армандаса, соны көреді. Ақиқаты Аллаға аян, алайда ғалым атаулының арасында Нобель сыйлығын алып жатқанын түсінде көрмейтіні кемде-кем шығар. Әсіресе, біз, Алаш, жұрт болып түсімізде көріп жүргеніміз жасырын емес. Дегенмен дарынды елміз, қарымды елміз, қазаққа да Нобель тиер күн туар!..