Нұрғали ағаның еңбегі лайықты бағаланса?!
Құдай қаласа, ертең, 2023 жылғы 5-қаңтар күні Қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз 86 жасқа толмақ. Ғұмыры ән сүйер қауымның алақанында өткен майталман өнер иесі халықтың зор сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Өткен 2022 жылы Нұрекең жасы 85-ке келіп, сахнадағы ғұмырына 65 жыл толғанда жоғары жақтан осы мерейтойға байланысты бір мәдени-өнегелік шаралар қолға алынар деп едік. Нұрғали ағаның өнердегі бүкіл жолы «Қазақстанның Еңбек Ері» атануына әбден лайық еді. Өкінішке қарай ондай қадамдар байқалмады.
Қазақ радиосының Алтын қорында Нұрекең орындаған мыңнан (1000!) астам ән сақталған екен. Ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевке Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевты таныстырып, сол шығармашылық достықтан туған қырыққа жуық тамаша әндерді өзі тұсауын кесіп, әнші ретінде халқына ұсынғаны мәлім. Нұрғиса Тілендиев Нұрғали Нүсіпжанұлын «Менің жекеменшік әншім», –деп еншілеген екен. Сол Нұр-ағаң шығармашылық өмірінің 30 жылында жазған әндерінің бәрін «Жалғызым-ау, адалым-ау», –деп өзі еркелеткен Нұрғалиының дауысына арнап жазғанын бұл күнде біреу білер, біреу білмес.
Нұрғали аға «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовпен де ұзақ жылдар шығармашылық байланыста жұмыс істеді. Ол да Нұрғалидың әншілік өнеріне айырықша тәнті болатын. Димекең (Дінмұхаммед Қонаев) талантты өнерпазды айырықша бағалап, үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлығын аямайтын.
Алла ғұмыр берсе, Нұрғали Нүсіпжанов енді төрт жылдан кейін тоқсанға толар, сонда сахнада 70 жыл қазақ ән өнерін насихаттағаны үшін сөзсіз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанары анық. Бірақ осы атақты шығармашылығының 65 жылдығы үшін биыл берсе кімге қандай нұқсан келмек, қайта биліктің абыройына абырой қосылмай ма?! Нұрекең де еңбегінің лайықты бағаланғанын көзі тірісінде көріп, разы болмай ма?!
Сол атаққа бұрынырақ ие болған Бибігүл Төлегенова, Еркеғали Рахмадиев, Айман Мұсақожаева сияқты жұлдыздармен есімі қатар аталса несі бар?! Олардың бәрі бір кезеңнің, бір заманның лайықты тұлғалары. Мәдениет министрлігі, Мемлекеттік хатшы, Мемлекет басшысы осы ұсынысқа мұқият назар аударып, оң шешім қабылдануына мұрындық болса дейміз!
Марат Бәйділдаұлы