«Оң қолдан» басталған оң жол...
Жақпар тастан естілген жаңғырық үні дала кезіп, шырт ұйқыдағы жамағатты тәңсәріден оятқандай әсерді алу үшін даланың дарқан мінезін көкірегіне ұялатқан, қаламының жүрген ізінен жылулық есіп тұратын Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу керек. Жетпісті желкелеген жазушы – өзге замандастары секілді әдебиеттің ауылына ерте ат байлаған азамат.
Төртінші курста оқып жүрген шағында жас жазушылардың тырнақалды туындылары енгізілген «Таңғы шық» шығармалар жинағына Төлен ағамыздың «Райхан» әңгімесі де кіргізілген екен. Осыдан бастап, жалпақ жұртқа жазушы ретінде танылған қаламгердің қиялынан қоғам шындығын, өмір ағысын бейнелейтін тұшымды дүние жазбасқа моралдық тұрғыдан құқығы қалмады. Міне, осы бір қасиеті үшін барша қаламдастары құрметтейді, қадірлейді, төбесіне көтереді. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Астананың бас сарайы Конгрес-холлда шығармашылық кешін өткізген Мұхтар Шаханов кеште өзі бола алмай ауырып қалған болатын. Бірақ ауруханада жатса да, досының көңілі үшін сырқатына қарамастан, сарай төрінде қасқайып тұрып өлең оқыған Мұхтар ағамыз да ерлік көрсетті. Кеш иесі де – осындай құрметке лайықты жан! Бұл қос тауды біріктіріп тұрған сөз, әдебиет атты шеті шексіз рухани әлем екені айқын.
Мұхтар ШАХАНОВ, ақын:
– Төлен – менің ең жақын досым, аз ғана сырластарымның біреуі. Сондықтан оның тойына келмеу – мүмкін емес мәселе. Ауруханада жатқанымды барлығыңыз білесіздер. Дәрігерлерден осы кештің тым болмаса ашылуында болайын деген өтінішпен өз уақытымның жарты сағатын сұрап алып келіп отырмын. Дүниеде өз уақытыңды өзің сұрап алғаннан жүрекке ауыр тиетіні жоқ екен, онсыз да ауру жүрек үшін. Төлен екеуміздің ойымыз бір, мүддеміз қашан да ортақ. Жүрегіміз бен тілегіміз де бір мақсат үшін жұмылған. Осы бірлігіміз ажырамасын.
Әшірек СЫҒАЙ, жазушы:
– Төкең – өзім қатты қадірлейтін, қаламдас дос-ағам. Бұл кісінің шығармашылығында кеңес үкіметін мадақтайтын бірде-бір шығарма жоқ. Бірақ өмір бойы орталық комитетте істеді. Бұл үлкен қарсылық тудыратын жайт болатын сол кездің өлшеміне салсақ. Төлен Әбдік – шын жазушы. Жазушы – дәуір мен дәуірді, ғасырлар мен ғасырларды байланыстыратын, таудан тас құлатқандай, зеңгір аспанда қолымен бұлт қайырғандай ғаламат күш иесі, алып әрекеттің адамы. Ал Төлен осы айқындауыштың барлығына сыяды. Үйде отырып, әлемді қиялымен кезіп, керемет суретті көз алдыңа келтіретін қасиеті бар жазушылардың бірі осы Төкең десем қателеспеймін. Төленнің шығармаларында оқиғалар басқа елде өтіп жатқанымен, ондағы мінез бен көрініс біздің қазақтың болмысынан ешқашан алшақ кеткен емес. Мәселен, «Оң қолды» оқыған кезде мен өзімнің оң қолымнан бір айға дейін сескеніп, шошып жүрдім. Міне, шығарманың күші, қуаты осылай болуы керек. «Айтылмаған ақиқат», анау «Өліара» романы, «Көктерегін» алыңыз, қай-қайсысында да жазушының ой ұшқырлығы алдыңғы кезекте тұрады. Тұтас психологиялық шендесудің шебер құрылымдары бар. Бұл – Төленнің табиғатына тән дүние. Әйтпесе жыл сайын кітап жазатын жазушыларды көріп жүрміз, тындырғаны шамалы... Сондықтан Төкеңді жетпіске келді деп қиюға болмайды, жетпісті айтып азсынуға да болмайды. Алла тағала қанша ғұмыр берсе, соны жасай берсін! Бұл – Жаратқанның қолындағы билік.