Өнер жұлдыздары да табыстары үшін салық төлейтін болады

Өнер жұлдыздары да табыстары үшін салық төлейтін болады

Есігімізден енді ғана енген 2015 жыл, сірә, көптеген заңдық өзгерістерімен есте қалатын шығар. Өйткені, қой жылынан бастап күшіне енген жаңа заң жобалары мен өзгерістер көп-ақ. Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық атқару кодексі және Әкім­шілік кодекс 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгені мәлім. «Жол қозғалысы туралы» заң және бар. Қоғам сол жаңалықтың бәрін бірауыздан құптап, қабыл алуда дей алмаймыз. Өйткені, азаматтар арасында дау тудырған баптар аз емес. Тіпті, кейбірі көпшіліктің қарсылығына да алып келіп жатыр. Өзгерістер мен толықтырулар енгізуден «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі (бұдан былай Салық кодексі) де сырт қалған жоқ.
Әрине, салық мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі, «асыраушысы» екені даусыз. Тіпті, сіз бен біздің айлық еңбекақымыздан ұсталынатын табыс салығы өзімізге қайта айналып жалақы болып келеді. Салық салынатын салалар сан тарау. Басы ашық бір дүние, кез келген азамат тапқан табысынан мемлекетке табыс салығын төлеуге міндетті. 
Алайда, бұл міндетке әншілер қауымы, жалпы, шоу-бизнес өкілдері мойынсұнғысы келмейтін секілді. Шоу-бизнес төңірегіндегілердің салық төлеу мәселесі биылдан бастап тиісті органдар тарапынан қатаң бақылауға алынатыны олардың біршама наразылығын тудырды. Бұрыннан мәлім нәрсе, әншілердің бәрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Тек қой жылынан бастап осы талаптың орындалуы қатаң қадағаланбақ. 
Бақылаудың күшейетінін естіп, берекелері қашқан отандық әртістердің сөздерін санамалап көрсек. Көпшілігінің алға тартатыны, шоу-бизнес өкілдері мемлекетке масыл болмай, той-томалақтан нәпақасын айырып жүрген жандар. Сондықтан, өнер иелерін бұған міндеттеу негізсіз.
Әншілердің 80-90 пайызының тұрақты жұмысы жоқ. Концерттер, ән жинақтары айтарлықтай пайда әкелмейді. Осыдан келіп өнер өкілдері тойшыл қазақтың есебінен жан бағады. Оның өзінде тойдың бәріне қаламақыға бара бермейтіні тағы бар. Ағайын-туыстың, достардың тойында айтқан әніне ақы сұрамайды. Оған тегін ән айтатын қайырымдылық кештерін қосыңыз. Демек, әртістер барған жердің бәрінен қалтасын қампайтып қайтып жатыр деу­ге келмейді. Мемлекет маңдайынан сипап, көмек көрсете бермейді. Бір сөзбен айтқанда, өнер өкілдері «өз қотырын өзі қасып» жүргендер. Енді олардан салық алу қисынсыз. Мемлекеттің талабымен келіспейтін өнер өкілдерінің уәждері осылай болып кете береді. 
Салық мәселесінде өнер өкілдерінің өз арасында да келіспеу­ші­ліктер көзге ұрады. «Бір-екі жылда бір концертімізді зорға береміз, тойға сирек шақырыламыз» дейтін дәстүрлі әншілер салықты эстарада орындаушыларына салсын дейді. Өйткені, апта тұрмақ, бір кеште бірнеше тойға кіріп, қаламақыға өнерін көрсететін солар. Дәстүрлі ән өкілдерінің мұнысын қолдайтындардың қатарынан композиторлар да табылады. Ал, эстрада әншілері­не сенсек, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырғандары шамалы екен. Тіпті, өнер адамдарына салық салу, «мәдениетті өркендетуге балта шабу», – деп санайтындары да бар. Енді бірінің уәжі, мемлекет алдымен ән жаздыруға, клип түсіруге, концерт қоюға қол ұшын созып, жағдай жасаса, шараға қарсы емеспіз дегенге саяды. Қайсысы қандай уәж айтса да, қанша жерден басын алып қашса да, бұл оларды айтып отырған міндеттен құтқара алмайды. Бір ақиқаты осы. Тиісті орган қызметкерлері өнер иелерінің табысын анықтап, салық төлетуге білек сыбанып отыр. Талабына келсек, жылдық табысы 250 мың теңгеден асатын шоу-бизнес өкілдері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі тиіс. Оны орындамаған жағдайда салықшылар қарап қалмақ емес. Мәселен, есепшоттарын жауып, мүліктерін шектеуі мүмкін. Қатаң шаралар­ға баратындарын, «Тіркелмеген тұл­ғалар анықталса, оларға әкімшілік хаттама толтырылып, материал­дар сотқа жіберіледі», –  деп Алма­ты мемлекеттік Кіріс департаменті түсіндірме басқармасының басшысы Дәурен Нұрғожаев ашық білдірді де. 
Айта кетер бір жайт, әнші біткен бұл міндетті айналып өтіп жүр деуге де болмайды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп жүрген әншілер де бар. Аталмыш департаменттің дерегіне сүйенсек, Алматы­да шоу-бизнес саласында 200 заңды тұлға мен 453 жеке тұлға жұмыс істейді. Алматылық орындаушылар өткен жылы бюджетке 45 млн теңге төлеген. 2011 жылы бұл көрсеткіш 9,2 млн теңгенің төңірегінде ғана болған екен. 
Шоу-бизнес өкілдерінің негізгі кірісі той-томалақтан түсетіні, олардың табыс көлемін анықтауда салық органдары үшін қиындық тудырмай тұрмайтындай. Себебі, әнші мен той иесі арасындағы келісім ауызша жүріп, ақша қолма-қол төленеді. Түрлі ұжымдық кештер мен банкеттерде де солай. Мұның тетігі қалай реттелетіндігі әзірге белгісіз. Әртістердің түсінбейтіні де осы тұс. «Әр тойда желкемізден қарап тұрмақ па?» деп кейиді олар. 
Өз тарапымыздан қосатыны­мыз, Қазақстанға келіп концерт қоятын өзге елдердің әншілері де бұған міндеттеле ме, жоқ па, соны білгіміз келеді. Концерттік билеттері қазақстандық әншілердікінен 2-3 есе қымбатқа сатылатын Ресей және басқа мемлекеттердің шоу-бизнес өкілдері де мемлекетімізде тапқан табысы үшін салық төлеуі керек шығар. Бай-бағландарымыздың той-томалақтарына ел есебіне жете алмайтын қаламақыға келіп-кететін әлемдік жұлдыздарға заңымыздың әмірі жүре ме? Қала берді, әншілерімізді салық төлетуге құлшынып тұрған мемлекетіміз Астана күні секілді үлкен мерекелік іс-шараларға ша­қырылған әлемдік және ресейлік жұлдыздарға салық салмақ түгілі, бюджеттің есебінен қомақты қаламақысын төлеп жататыны жасырын емес. Ол жағы заңда қалай көрініс табатыны бізге жұмбақ.
Отандық әртістерге қайта оралсақ. Шындыққа жету үшін салыс­тырмалылық керек екенін ескерсек, айлық еңбекақысы 100 мың теңгенің жартысына да жетпейтін мұғалім де, дәрігер де, балабақша қызметкері де жалақысынан табыс салығын төлейді. Әншілердің бәрі бірдей демей-ақ қояйық, танымалдары бір тойдан аты аталған қызметкерлердің бір жыл­да алатын ақшасын, тіпті, одан да көп табады. Сұранысқа ие емес әншінің өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге негіз болатын 250 мың теңгені жылына емес, айына тойдан шығара алады. Ендеше, шоу-бизнес өкілдері неге салық төлемеуі тиіс?! Тақырыбымызға арқау болған мәселеге көпшіліктің ғаламторда біл­дірген пікірлері осы мәндес. Халықтың қазынасы саналатын тойдан нәпақасын айырып жүрген әртістер қауымы салықтың заңымен санаспаса да, жейтін нанын беріп отырған сол халықтың пікірімен санасар деп сенеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста