Оқулық сапалы болғанда ғана пайдалы

Жуырда Алматы қаласындағы ғылым ордасында Қазақстан жоғары оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша VIII республикалық конференция өтті. Дәстүрлі жиынды ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындарының қолдауымен ұйымдастырды.
Конференция жұмысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Жақыпова Фатима Надырқызы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов және бірқатар ЖОО-лардың ректорлары мен ғалымдары, кітапхана директорлары, баспагерлер, оқу-әдістемелік бөлімдердің мамандары, жаңа шыққан оқулықтардың авторлары мен авторлық ұжымдар, аудармашылар, жалпы, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосты. 300-ге жуық делегат қатысқан келелі конференция жұмысы алдымен жаңа шыққан оқулықтар көрмесін тамашалаудан бастады. Оқулық мәселесін сөз еткен алқалы жиын барысында өткен жылдардың есебі тыңдалып, алдағы кезеңнің жоба-жоспарлары пысықталды. Ғылыми бағыттар бойынша арнайы тақырыптық баяндамалар жасалып, жан-жақты талқылаулар өткізілді.
Интеллектуалды ұлт болуға ұмтылған қазақ қоғамындағы өзекті проблемалардың бірі – мемлекеттік тілдегі сапалы оқулықтар шығару жайы. Көптеген жоғары оқу орыны осы уақытқа дейін, негізінен, орыс тіліндегі салалық кітаптарға жүгінуге мәжбүр болып келді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары да жоғары оқу орындарына арналған ана тілімізде жазылған оқулықтар тапшылығы бірден оңтайлы шешімін таба алмады. Әйтсе де уақыт озған сайын, заман талабына сай өз ғалымдарымыз оқулық жазу саласына біршама ден қоя бастады. Алайда көп нәрсе қаржыға келіп тірелетіндіктен, бұл мәселені жоғары оқу орындарының өздеріне шешуге тура келді. Қазіргі заман талап етіп отырғандай, инновациялық технологияларды меңгеріп, жаңа сатыдағы білімді игеру үшін сапалы оқулықтар ауадай қажет екені белгілі. Осы орайда еліміздің Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын оқулықпен қамтамасыз етудің тың механизмін іске қосып, тиімді жобалармен айналыса бастады. Бұл іске Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығы барынша жұмылып, оқулық дайындап, шығаруда көптеген нәтижеге қол жеткізді.
Фатима ЖАҚЫПОВА, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:
– Жыл сайын ұйымдастырылатын мұндай маңызды конференция жоғары оқу орындарын қажетті кітаптармен қамтамасыз ету барысын жан-жақты талқылауға, бір шешімге келіп, тәжірибе алмасуға, оқулықтар саны мен сапасының артуына қолайлы жағдайлар тудырып келеді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі бүгінде ең бірінші кезекте мемлекеттік тілде жарық көретін баспа өнімдерін шығару ісіне мемлекеттік қолдау көрсетіп, жүйелі түрде іс жүргізіп отыр.
Республикалық бюджеттік комиссияның шешімі бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар шығаруға 2013 жылға 200 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы 75 атаудан тұратын оқулықтар шығаруға жұмсалмақ. Оның ішінде бірінші рет 25 атаудан тұратын ең озық университеттерде қолданыста жүрген шетел оқулықтарын қазақ тіліне аударып шығаруды жоспарлап отырмыз. Үстіміздегі жылдың 9 наурыз күні білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов тақырыптық жоспарға қол қойды.
Конференция соңында білім саласының бірқатар маманына әртүрлі дәрежедегі Ахмет Байтұрсынов атындағы медальдар мен Құрмет грамоталары табыс етілді.
Білім саласының білгір ғалымдары жиналып, оқулық проблемаларын ортаға салған конференция көптеген мәселеге тың көзқараспен келу керек екенін аңғартты. Бірінші кезекте оқулық мазмұнының сапасы сын тезіне салынды. Таралым жайы да қатты айтылды. Себебі кейбір оқу орындары мемлекеттік тілдегі кітаптарға мүлде аз тапсырыс беріп келген. Десек те, бір қуанарлығы – бұрынғы кезге қарағанда күрделі саналатын бірқатар ғылым салалары мен түрлі мамандықтарға арналған базалық оқулықтардың қазақ тілінде жазылып, ізденуші қолына тиюі. Бұған қоса тұңғыш рет қолға алынып отырған үздік шетелдік оқулықтарды түпнұсқа тілінен қазақ тілге аудару ісінде қазақстандық аудармашы-ғалымдардың үлес-салмағы үлкен екенін де айтпасқа болмас. Мемлекет тиісті дәрежеде қамқорлық көрсетіп, жеткілікті қаржы бөліп отырса, ғалымдарымыз сапалы оқулық жазуға әзір екендіктерін айтуда. Жоба аясында жарық көріп отырған барлық оқулық Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» республикалық орталығының сараптамасынан өтеді. Содан соң ғана өндіріске жіберіліп, ЖОО-лар мен кітапханаларға үлестіріледі. Дегенмен оқулықтардан олқылықтар жіберіп алмас үшін ғылыми сараптаманы бұдан да күшейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Себебі оқулық сапалы болғанда ғана пайдалы екені белгілі, ал сапалы білім – еліміздің интеллектуалды болашағының кепілі.





