Оқушылар Асанәлі Әшімовпен кездесті
Жуырда Алматы қаласындағы № 33 мектеп-лицейінде «Тіл және өнер» атты тілдер апталығы өтті. Апталық барысында Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, кино өнерінің дарабозы, атақты актер Асанәлі Әшімовпен кездесу кеші болды.
Аталған шараның басты тақырыбы – тіл мен өнердің сабақтастығы. Апталыққа атсалысқан оқушылар ел мәдениетінің, оның ішінде кино өнерінің дамуындағы ана тіліміздің және әдебиетіміздің атқаратын рөлі мен кино саласының өзіндік ерекшеліктері жайлы пікірлерімен алмасты. Бұл кездесуге А.Әшімовтің жұбайы Бағдат Әшімова, інісі Болат Әшімов пен Медеу ауданының білім бөлімі басқармасының тәрбие ісі меңгерушісі Салуа Қадырхайырқызы қатысты. Асанәлі ағамыздың өнеріне тәнті, ол түскен әрбір киноны қалт жібермей көретін жас жеткіншектер мен мектеп оқушылары сауалдарын жарыса қойып, тартымды әңгіме-сұхбат ұйымдастырды. Атақты әртіс ағамыз өз кезегінде балдырғандарға ақылын айтып, мемлекеттік тіліміз бен қазақ әдебиетінің еліміз үшін маңыздылығын атап көрсетті. Кездесу соңы түрлі сахналық көріністермен өрбіп, қолтаңба алып, суретке түсумен аяқталды. Мектеп ұстаздары мұндай ұлағатты адамдармен кездесудің жасөспірімдерге берер тәрбиесі мол деп отыр.