Оралдың ортағасырлық қала екені дәлелденді

Оралдың ортағасырлық қала екені дәлелденді

Көне Орал шаһарының жасы орыс-казактар айтқандай 400 жыл емес, 8 ғасыр. Бұл Жайық өңірінде өткен халықаралық ғылыми конференцияда толыққанды дәйектермен дәлелденді.
«Жайық өзені алабындағы ортаға­сыр­лық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» деп аталған ғылыми форум жұ­мысына төрт мемлекеттен 30-дан астам ға­лым қатысып, баяндама жасады. Олар­дың арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғы­лы­мының докторы Карл Байпақов, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Марина Мошкова, Нидерланд елінен келген ға­лым, Еуроодақ кеңесшісі Босх Рикс, Сока (Жапония) университетінің профессоры Һаяши Тошио, Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология институты Астана филиалының директоры, тарих ғылымының докто­ры, профессор Зейнолла Самашев, әйгілі рес­тавратор Қырым Алтынбеков, «Арқа­йым» тарихи-мәдени қорығы (Ресей, Челя­бинск) директорының ғылыми жұ­мыстар бойынша орынбасары, тарих ғы­лы­мының докторы, профессор Геннадий Зданович және тағы басқалары бар.
Конференцияны негізгі ұйымдастыру­шысы – құрылғанына биыл он жыл толып отырған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы «Ашық аспан астындағы Жайық қалашығы» (ХІІІ-ХV ғ.ғ.) мұражайының жобасын қонақтар назарына ұсынды. Ғалымдар алдында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі.
Нұрлан НОҒАЕВ, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
– Тарихын тасқа қашап жазған хал­қымыздың шежіресін тау-тасты, ұлан-ғайыр даланы кезіп жүріп түген­деуге бар күш-жігері мен білімін сарқып жүрген тарихшыларға, архео­логтарға халық ерекше ілтипат­пен қарайды. Себебі сіздердің ат­қа­рып жүрген істеріңіз тарихымыз­дың көлеңкелі тұстарын түгендеуге септігін тигізеді. Алыс-жақын елдер­ден келген ғалымдарға қош келдіңіз­дер дейміз. Біз сіздердің алаңсыз жұмыс істеуіңіз үшін барлық жағдай­ды жасауға тырыстық. Бүгінгі конфе­ренция өңір тарихының, сондай-ақ адамзат тарихының ақтаңдақ бетте­рінің бір парағын болса да қалпына келтіреді деген сенімдемін. Ғылыми конференцияның жұмысына сәттілік тілеймін.

Конференцияның алғашқы баян­да­ма­сын бүгінгі қазақ археологиясының ақса­қалы, атақты ғалым Карл Байпақов жаса­ды. Ғалым «Әлемдік мұра тізіміндегі Ұлы Жібек жолының сериялық номинациясы» атты зерттеуінде Ұлы Жібек жолын тек сау­да жолы емес, ұлттар мен халықтардың мә­дениет алмасу, пікірлесу жолы деп атады. Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Күллі ада­м­заттық мәдени құндылықтар» тізіміне енгелі отырған Жібек жолының үлкен бір тармағы қазіргі қазақ жері арқылы өткен. Карл Молдахметұлының пікірінше, Жібек жолы күретамыры біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан бастап, біздің дәуіріміздегі ХV ғасырға дейін белсенді қарым-қатынас жо­лы болған. Соның ішінде батыс пен шығысты, Еуропа мен Азияны бір-бірімен жалғап жатқан Жайық қалашығының ала­тын орны да ерекше болған.
«Сегізсай (Лебедевка) оба кешеніндегі кейінгі сармат жерленімі» атты баяндаманы ортаға салған Ресей ғалымы, «Кеңес ар­хео­логия ғылымының мэтрі» атанған Мари­на Мошкова бүгінде Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Қаратөбе ау­дан­дары шекарасында жатқан көне сармат обасында 1967-1968 жылдары жүр­гізілген қазба жұмыстары туралы қызықты әңгімелеп берді. Бұл қорғандарды алғаш тауып, ғалымдардың назарын ау­дар­ған оралдық Ғаяз Қушаев екен. «Біздің бағымызға қазып, зерттеген ең үлкен екі қорған да тоналмаған болып шықты. Бұл – таңғаларлық жағдай!» дейді мәскеулік ғалым. Марина Глебқызы біздің дәуіріміз­дің ІІ ғасырының басына жататын обадан табылған ерекше жәдігерлер туралы әсер­лене айтты. Сегізсай қорғаны­нан табылған кейбір жәдігер әлемнің еш жерінде кез­дес­пейді екен.
Ал Жапонияның Саппоро қаласындағы Сока университетінің профессоры Һаяши Тошио көне түркі балбалдарын зерттеуші маман екен. Ол қазіргі Моңғолия жерінде сақталған Орхон-Енесай сына жазулы тас ескерткіштері мен балбал тастардың кейін­гі нұсқалары: құлпытас, сынтас, сандықтас, қойтас, т.б. түрінде Батыс Қазақстан өңі­рін­де көп кездесетінін айтады.
Тарих ғылымының докторы, Ресей ҒА этнология және антропология институ­тының аға ғылыми қызметкері Эмма Зили­винская «Алтын Орда қалалары: шығыс пен батыс аралығы» атты өте қызықты баян­дамасын ортаға салды. Ресейлік ға­лым Алтын Орда кезеңінде өркендеген 210 ортағасырлық шаһар қазір белгілі екенін, негізінде қала саны одан да көптігін айтты. Мысалы, Алтын Орданың астанасы Сарай (Сарай Берке, Сарай Бату) қаласын­да 75 мыңға дейін адам тұрған, аумағы 15 шаршы шақырымға жеткен екен. «Жайық қалашығы да үлкен өркениеттің ордасы болған шаһар. Мысалы, бұл жерден та­был­ған шығыс моншасы – хаммам тек ауқатты, шынжыр балақ, шұбар төс дерлік аристократия пайдаланатын қоғамдық орын болып саналады. Оралдық археолог­тар мұндай қалаларда міндетті түрде болуы тиіс жұма мешітінің орнын кешікпей табады деп ойлаймын» деп аяқтады сөзін Эмма Давыдқызы.
Мұрат СЫДЫҚОВ, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры:
– Кеңестік тарих ғылымы идеологияның құлына айналып, көп тарихты бұрмалап көрсетті. Мысалы, Орал өңірінде ортағасырларда қала болғанын ХVІІІ ғасырда Паллас, Рычков секілді орыс ғалымдарының өзі айтып кеткен. Бірақ кеңес кезінде ол туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Мысалы, Жалпақтал қаласы 68 га аумақты алып жатыр, ол жөнінде Паллас естелік қалдырған. Бірақ біз оны 2007 жылы ғана таптық. Алтын Орда – көшпелі тұрмыс пен қала мәдениеті қатар жүрген ерекше симбиоз мемлекет еді. Мұнда 100-ден аса шаһар болған. Сол кезде бірде-бір мемлекет мұндай дәрежеге жетпеген болатын. Осы қалалардың үшеуін – Жайық, Жалпақтал және Сарыөзен қалаларын біз Батыс Қазақстан облысынан таптық. 

Эмма ЗИЛИВИНСКАЯ, Ресей ҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы:
– Жайық қалашығынан табылған монша  тек ауқаттылардың қолы жететін қоғамдық орын саналған. Бұл тек жуынатын орын емес, бұл жерде оңаша әңгіме-дүкен, мәслихаттар жасалып, көптеген мәселе шешілетін болған. Моншаның айқыш тәрізді орналасуы ғимараттың жоғары дәрежесінен хабар береді. Мұнда ортада массаж бөлмесі орналасса, төрт бұрыштағы оңаша бөлмелерде жеке жуыну кабиналары болған. Еден астынан түтін жолдары өтіп, табанға жылы тиген. Осының бәрі Жайық қалашығының өз заманында үлкен өркениет ошағы болғанын көрсетеді.

Жайық қалашығының орнынан қазір­дің өзінде кірпіш күйдіретін бірнеше пеш, монша, тұрғын үйлер, қос кесене табылға­ны мәлім. Айтпақшы, Желтаудың ең биігіне орналасқан кесененің бірінің биіктігі 14 метрге жеткен. Бұл Орталық Азия бойынша қарағанның өзінде алып құрылысқа жата­ды. Осылайша, оралдық профессор кейбі­реулер айтып жүргендей «Орал қаласының іргетасын казак-орыстар қалаған» деген пікірдің ұшқарылығын тайға таңба басқан­дай етіп дәлелдеп берді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста