Оралханды оқығанның рухы мықты
«Оралхансыз Алтай жетім сияқты. Бірақ өзі іңкәр жүрекпен жырлап өткен Алтайдың үстінде Оралханның рухы мәңгі қалықтап жүргендей көрінеді де тұрады». Бұл белгілі жазушы Әлібек Асқаровтың Өр Алтайдың төрінде кіндік қаны тамып, тума таланттың жас күндері өткен Мұзтауға, Алтайға қарап тұрып айтқан сөзі еді. Бұл жолдар Оралханды іздеген көкірегі ояу жұрттың көкейіндегісін тап басып тұр.
Жақында ТМД кітапханашылары «Ынтымақтастық кітапханалары: интеграция, инновация және жалпыға ортақ қолжетімділік» атты халықаралық форум өткізіп, оқырмандардың ойын танып, кітап болашағын біршама бағамдап баққан еді. Енді, міне, аталмыш форум аясында «Қазіргі заман және Оралхан Бөкейдің көркемдік мұрасы» деген атаумен жиын ұйымдастырылып, кітапханашылар оқырман қауыммен бір үстел басында отырып пікір алмасты. Әңгіменің өзегі – қазақтың біртуар перзенті, қазақ сөз өнерінің айтулы саңлағы Оралхан Бөкейдің шығармашылық мұрасын оқырмандарға насихаттау. «Кәрісі бар, жасы бар – қайсысы болса да, Оралханды онсыз да оқиды. Дегенмен де, Оралханды көзі көрген ағалардың ғибратты әңгімелерін тыңдау, Оралханның өмірдегі тұлғасына қатысты тың деректер есту оқырмандар үшін баға жетпес байлық деп ойлаймын», – дейді жиынды ашқан Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есімов.
Тоқтала кететін және бір жайт – «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған игі шараға есімі қазақстандықтарға етене жақын, жазушы, аудармашы Анатолий Ким Мәскеуден арнайы келген. Ким мырза – Оралхан Бөкейдің жауһар туындылары – «Үркер ауып барады», «Кербұғы», «Өліара», «Қар қызы» повестері мен «Жасынның ізі», «Ардақ» атты әңгімелерін орыс тіліне тәржімалаған аудармашы. Жиын барысында ол «Менің жүрегімдегі Оралханның орны және оның жастық шағы» жайында мөлтек-сыр шертті. Ал жазушының атақты «Кербұғы» атты кітабының алғысөзін жазған Бақытжан Қанапиянов Өр Алтайдың кербез ұлы – Оралхан жайында естелік әңгімесін ақтарды. Шығармашылық қауымның өзге де өкілдері жеке-жеке сөз алып, Оралхан Бөкей туралы жүрекжарды естеліктерін айтып, шығармашылық қырларын әңгімеледі.
Ғарифолла ЕСІМОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Оралхан Бөкей – табиғаттың түрлі көріністерін, жаратылыстың алуан мінездерін, Алтай хайуанаттарының өмірін ұлы махаббатқа ұластырып, оқырмандарына мөлдіретіп жеткізген жазушы. Оралханды жастар жастанып оқиды. Бұл Оралхан шығармаларының өзектілігі өз мәнін жоймай келгеніне мысал бола алады.
Жанна ШАЙМҰХАНБЕТОВА, Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
– «Бір ел – бір кітап» акциясы – АҚШ-тың Чикаго кітапханаларында өтетін дәстүрлі шара. Акция барысында бір кітапты таңдап, оны бүкіл ел болып оқитын болған. Бұл әдіс ұлттық әдебиетті насихаттаудың ең тиімді жолы екендігіне көзіміз жетті. Енді, міне, біздің елде де оқырмандарға, жастарға классик жазушылардың еңбектерін таныстыруға мүмкіндік туып отыр.