Оралханның белгісіз махаббаты
Қадірлі Алаш баласы!
Қазбектің айтып отырғанының бәрі рас. Жазушы Оралхан Бөкей есімі жыл өткен сайын ұрпақ санасында жаңғыра бергені жөн ғой деп, осынау күнделікті қайта жариялағанды дұрыс көрдім. Бұл дүние бұдан 10 жыл бұрын «Жас Алашта» содан кейін «Кентавр» газетінде жарық көрген болатын.
Құрметпен, Маралтай.
Оралханның белгісіз махаббаты:«Көңіл күнделігінен» шыққан сыр
...Сонау 1993 жылдар еді. Дүние дүрбелең, журфактың студенттері күнделікті нан табудың қарекетімен жұмыс іздеп, редакция жағалап кеткен кез. «Жас қазақ» өңкей жалаңаяқты паналатты. Марқұм Нұрлан Мәукенұлы – бар редакторымыз еді. ҚазМУ-дегі ұстазымыз Амантай Шәріп – орынбасары. Жауапты хатшымыз Болат Үсенбаев – ол да ақын! Біраз уақыт Гүлнәр Салықбаевамен де бірге қызмет еттік. Біз де «осал» емеспіз, өңкей ақынбыз. Кеудемізге нан пісіп жүргенмен, шала екенбіз ғой (қазір қарасам, әрине). Арамыздағы ең тәжірибеліміз – Жарас пен Болат қана. Сағындық бізге «шал» болғанымен, журналистикада «сарыауыз балапан»; дударбас Маралтайдың Жазушылар одағының жертөлесі мен лифтілерге кезек түнеп жүрген кезі. Осындай күннің бірінде, ұмытпасам, 1993 жылдың 21 қазаны, Маралтай №5 жатақханадағы бөлмемізге екпіндей кіріп келді де: - Мен Одақтың подвалынан Оралханның күнделігін тауып алдым! – деді ентігіп. Бәріміз жапатармағай үңіліп жатырмыз. Өзіміз «общий» атайтын қалың дәптер. Мұқабаның ішкі бетіне, жоғары бұрышына қиғаштап «Көңіл күнделігі» деп жазылған. Оның астында «1985 жыл» деген таңба. Жазу Оралханның қолтаңбасы.
Кезек-кезек алып оқимыз. Не деген терең сезім дейміз. Әсіресе, қыздың жазуы қандай жатық!
Күнделіктің Жазушылар одағының подвалына қайдан тап болғанын әрқилы жоримыз. Тоқтамымыз – күнделікжазушының («Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының) жұмыс үстелінде болған да, кейін аяқ астынан (Үнді жерінде) қайтыс болған соң, ескі-құсқы заттармен сыртқа шығарылып тасталған.
...Бұл күнделікті журфактың біраз студенті (біздің тұстастарымыз) оқып шықты. Әсіресе, қыздар қатты әсерленетін. Табылған олжаның иесі Маралтайдың бағы асты. Оның әр жерде бір қонып, дәруіштік өмір кешіп жүргенін айттым ғой, бір күні маған қарап:
- Қазеке, мен осы дәптерді жоғалтып алармын. Саған аманат етіп, сақтай тұруға берсем қайтеді? Бірақ, сұраған кезімде қайтарарсың , - деді.
Сонымен, әйгілі жазушы мен жұмбақ қыздың жан сыры түскен күнделік менің құпия шифрлы дипломат-портфелімде жылдан артық сақталды. Студенттік каникулда үш мың шақырым жол жүріп, Ақ Жайықты да жағалады. Өзім де бұл дәптерге әбден бауыр басып кеткен едім. Бір сөзін өзгертпей, дәл осы күйінде жарияласа да, бас-аяғы бүтін тамаша шығарма боларлық дүние ғой деген ой келетін. Тек қана «нәзік жанды қыздың кейінгі өмірі қалай болды, ол қалай қабылдайды, жазықсыз жанның жазылмаған жарасын тырнап, құпиясын жалпақ жұртқа жария қылу адамшылыққа жата ма?» деген ойлар тоқтататын. «Жазбаны сіз бен менен басқа ешкім оқымауы тиіс. Бұл екеуміздің арамыздағы сыр» деген өтініші тағы бар...
...Журфакты тәмамдап, ауылға аттанғалы жиналып жүрген күндердің бірінде бөлмеме Маралтай кіріп келді. Ішім «қылп» ете қалды, себебі мен оның күнделік жайлы ұмытып кеткеніне сенімді едім.
- Қазеке, баяғы аманат есіңде ме?
- «Аманатқа қиянат болмайды», әрине, есімде, - деп, жылдан артық жалғыз
иемденген күнделікті қайтарып бергенмін. Ішімнен «жоғалтып алмасаң жарар-ды» деген қаупім де болды. Сондықтан күнделікті өз қолыммен, барынща дәл қайталап, үтір-нүктесін де өзгертпей көшіріп алдым. Сол кезде Алматыда көшірме аппарыт жоқ (әлде жаңа келіп жатқан кезі ме екен), ксерокөшірмесін өткізіп алудың реті келмеді, соған өкінемін.
Сарғайған қыркүйектің соңына қарай келетін жазушының туған күні қарсаңында құпия күнделікті жария қылған дұрыс шығар деп шештім. Тек қана этикалық себеппен қыздың есімін, жеке басына қатысты кейбір деректерді өзгерткенімді, қысқартқанымды мойындаймын. Қалғаны сол қалпында, оқырман.
Құрметпен,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Аға!
Мен сізбен бұрын ойша сөйлесетінмін, енді қағаз жүзінде де бел байлап отырмын, сондықтан бұл маған оңайға түсіп отырған жоқ. Менің сөз саптасып сізге немесе сіздің кейіпкерлеріңізге ұқсаса таңғалмаңыз, өйткені, мен ажырамастай болып сіздің геройларыңызбен біте қайнасып кеткенмін.
...Мен сізді жазушы деп қана танығаным жоқ. Сізбен оңаша әңгімелесіп, ақылдасып, кейіпкерлеріңізбен пікірлесемін. Әрине, мұны біреу естісе, не оқыса, күлер еді, не маған жаны ашыр еді. Сіз түсінеді деген үлкен сеніммен жазып отырмын.
Есіңізде ме, мен сізге: «Егер кітапты жоғалтпасам келмес едім» , - деген сөзім? Шынында да солай. Жұртшылықтан, кез-келген адамнан «ақындар, әншілер, жазушылар қандай адамдар?» деп сұрай қалған күнде олар міндетті түрде : «Олар өздері махаббат дейді , достық дейді, т.б. бірақ, олар әшейін көп пенденің бірі, тіпті қарапайым пенделерден де артық қылмыс жасайды» деп жауап берері сөзсіз (күнделіктің осы жерінде бүкіл қазаққа белгілі ақын туралы кеңірек айтылыпты – Қ. Қ).
...Есіктен кіргеннен бізді қоярға жер таппай, ұшып тұрып, қол беріп... кішіпейілділіктің де шектен шыққан түрі болды. Әрине, мен мұны сізге жәй айтып отырғаным жоқ (түсініп те отырған шығарсыз). Жалпы, адамдарды сырттай ғана сыйлап, сырын білмеген дұрыс екен, әйтпесе, табынып жүрген адамыңның пендешілігін көргенде, оған, тіпті жалпы адам баласына деген көңіліңіз суып қалады екен.
Сонымен, кітап жоғалды. Кітап оқиды-ау деген қыздардан сұрап көрдім. Ешқайсысы алмаған, көрмеген. Ал, мен ол кітапты күнде парақтап, көріп отырамын. Әсіресе, ренішті күндері. Келесі күні жеңгем мені қыдыруға жібермей қойды. Ал, мені подругам шақырған. Не істеймін үндемей түнеріп жүрдім. Кітап жоқ. Бұл жексенбі күні болатын. Келесі күні үйдегі қызбен бірге институтқа кеттім. Алдыма кітаптардың бәрін жайып тастап отырмын, оқысам басым аурады. Бір кірдім, бір шықтым. Бір кезде тәуекелге бел байлап, оқыстан сізге телефон соқтым. Ар жағын өзіңіз білесіз, сөйтіп сізбен де жақын танысып алдым (қиялилығымның арқасында).Арты неге соғатынын кім білсін? Бірақ осы күндері сергек, біртүрлі қорғаушым бардай сезініп жүрмін.
(Осы тұста күнделік иесі өзінің туғандары жайлы, бауырлары хақында, бала кездегі кейбір күлкілі оқиғалар жайлы әңгімелепті. Оны мен қысқартып тастадым – Қ.Қ.)
...Балалықтан суып бара жатқан сияқтымын. Үлкендерден аулақтап өзімше тұйқтала бастадым. Бір жаққа, әйтеур бас ауған жаққа қашқым келеді...Жылдар өтті: 10 класс. Мектеп бітіретін кезең таяп қалды (құтылатын уақыт) 2 шілде күні уралап...
Ойламаған жерден «иняздың» студенті болып шыға келдім.
...Алматыға келгелі екі жыл өтті. Достар де баршылық. Бірақ, сол достардан да маған, менің жаныма лайық жылулық жоқтай. Жоқтай емес-ау, тіпті жоқ. Тек жалғыз сырласым «Жетім бота». Менің көңілім де жетім...Бір нәрсе жетіспейді. Не? Білмеймін, білмеймін, білмеймін... Қанша даланың қызы болсам да, сол даланың сырын білмейді екем. Тек ойсыз үстінен тапай беріппін. Ойлап, ойлап зорға дегенде осыны таптым. Онда да сіздің кітабыңыз арқылы. Маған Алтай мен Маңғыстаудың табиғаты бір-біріне кереғар болса да, егіз, ұқсас секілді. Әлде өзім бармаған Алтайды оқу арқылы Маңғыстауымды тауып алғаннан ба екен? Менің біреуге еркелегім кеп тұратын, кімге, әйтеуір біреуге, мені түсінетін біреуге ... Ол.... Олмен оны жаңылмасам тапқан секілдімін. Ол – сіз... сіз екенсіз. Сондықтан, мен жеті ағамнан, туыстардан таппаған жылулықты, мейірімділікті, бауырмалдықты, бәрін, бәрін сізден іздеймін. Мен мұның бәрін жазбасам, сізге жеткізуге екеуміздің де уақытымыз жетпес еді. Біз өзімізді қоршаған ортаға тәуелдіміз ғой, олар бізге тәуелді болмаса да.
...Аға! Жалғыз жанашырым сіз болмақсыз. Маған бұл дәптерді оқып болғаннан кейін қайтіп берсеңіз екен. Ешкімге көрсетпессіз. Сізден бір өтінерім – аға, мені де, өзіңізді де өз-өз қалпымызда сақтасаңыз екен!
Адам жүрегін суыту оңай да, оған қайта жылу беру қиын екен.
Әрине, менде грамматикалық қателер бар шығар және мен көбінесе өз диалектімде жазған шығармын. Бірақ сіз жүрекпен түсінуге тиіссіз. Жазбаны сіз бен менен басқа ешкім оқымауы тиіс. Бұл екеуміздің арамыздағы сыр.
Аға, сіздің қарындасыңыз Мәншүк аз да болса, бақыты өмір сүрген екен. Туған бауырының мейіріміне бөленіп, сыр жасырмай бөліскенге не жетсін!
Менің бала кезімде көршіміз киік баласын асырап, «Ботакөз» деген ат қойған. Кейін өздері сойып жеп қойды. Сол киіктің бейшара лағы есімнен шықпай қойды. Мен де сол секілдімін. Ішкі жаным адамдардан безіп, басқа дүниені іздейді.
Айналайын Маржан!
Сенің ағыңнан ақтарылған сыр-намаңды оқып шығып, бейкүнә, нәп-нәзік, қып-қысқа, бірақ ұзақ ғұмырыңның куәгері болдым. Мұның өзі маған деген сеніміңнің (сезіміңнің деп айта алмаймын) ұшып жеткен алғашқы қарлығашы секілді. Сен алғаш келгенде тұла бойыңда тұнып тұрған тазалықты , ептеп қиялшылдау, ептеп әсерленгіштеу, бірақ көзі жұмып көлге секірер батылдығыңмен, тәуекел түбі жел қайық деп, бекем бекінер, өмірдің тек шуағын аңсайтын көңіліңнің көлеңкеден (өкінішке орай өмірде көп кездесетін) үркек тартар мінезіңен хабардар болған едім. Сен маған жаңадан аяқтанған маралдың қозықасы секілді, адам баласы қол жұмсағанды қойып, сұғына қарауға да аяйтын аяулы нәзік сәуле сынды әсер қалдырдың. Мен, шынында да «Жетім ботадағы» Ақбота тіріліп келгендей , «Аға» деп риясыз еркелегендей әрі қуандым, әрі қорықтым... Таптауға қимайтын жасыл жайлау секілді жас өміріңе менің жазғандарым әсер етсе, көмектессе, жігер берсе, міне осы жетер біз секілді қақсалдарға. Сенің ертеңіңді бал ашып болжай алмаймын. Тек бір ғана тілек – осынау таза да тәкаппар қалпыңда мәңгі көз алдымда қалсаң деймін.
Мен мұндай жазбаны ешкімге (еш хатқа жауап) жазбаушы едім, сондықтан да роман жазғаннан әлде қайда қиын болды. Ешкімнің алдында жақсы көрінуге тыраштанбаған басым, сенің алдыңда да бар мінез-құлқыммен қалғым келеді. Бір шаршау бар, жалығу бар, түңілу бар, сенбестік бар бойымда. Себеп?...Білмеймін...
О.Бөкей. 2.VII. 85 ж.
Аға!
Сіздің жазбаңызды оқи отырып, дүниеде шын қуаныш, шын бақыт бар екенін сезіндім. Өйткені, менің жанымының кілтін тапқан сіз болдыңыз. Сіз мені бар көңілмен ақтарыла (еріксіз) сайраттыңыз (тұңғыш рет). Сізге бұдан басқа ешнәрсе артық ауыз айта алмаймын. Себебі, менің айтпағымды ақбота айтып қойды.
Сіздің әрбір сөзіңіз маған қуат береді.
Аға просто слов нет!
Аға, сіздің «дос болайық» деп айтқан сөзіңіз мені толғандырады да ойландырады. Мені көпшілік жұрттар өңімнен ішкі сезімімді байқай бермейді. Сіз сол сөзді айтқаннан бастап, қандай екенін өзім де білмеймін, әйтеуір жан дүниемнен белгісіз бір сезім туып толқып кеттім. Әлі де...
«Дос» деген сөздің шын мағынасында өз үнінде тұңғыш рет естіп, сезгеннен шығар, бәлкім. Мен үйге жеткенше де, кейін де ойландым. Бұл сөзді өзімнен өзім қызғандым. Мүмкін мен дос бола алмайтын шығармын ...бірақ, ағажан, мен сізді өзіңіздей болмағанмен түсінуге тырысамын. Аға, сіздің бойыңызда (менің ағаларымынң маған деген сезімедерінің щашыранды бөлшектерін жинақтап, және соған тағы да үстемелеп жылулық қосып, маған әдейілеп біреу жіберген секілді) мен шуақтауға жететіндей жылулық бар.
Менің өмірге деген көзқарасым әлсіз, орнықсыз. Таянышты керек етеді. Кейде ойға шомып отырып, мүмкін осының бәрі түс шығар деп қорқамын. Ешкім мені оятпаса екен деп тілеймін. Осылай жақсы түстің, мені зарықтырған түстің жетегінде қалғи берсем екен деп ойлаймын.
Аға, сіздің жазбаңызды әрбір кішкентай әріптер ашып қалған кезде үлкен нұр сәулесін шашып, мені қарып түседі.
Менің барлық тағдырым сол әріптердің қалқасына кіріп жасырынғандай. Мүмкін мұндай жазбаны тұңғыш рет алғаннан шығар, білмеймін...
Аға, мен сізді қоярға жер таппаймын. Сізді қашанда елеңдеп іздеп тұрам, қаншама жабайы болсам да...
Аға!
Мен сізге күнделікті берем деп ойлап едім, сізбен әңгімелесемін деп жүріп ұмытып кетіппін.
Соңсоң қайтадан жазып отырмын.
Аға, мен күн өткен сайын бір-бірімізді жоғалтып алатындай қорқамын. Бұдан бұрын менің рухани дағдарысқа ұшырағанымды білесіз. Сол апаттан құтқарып алған сіз болатынсыз. Сіз андағы жазуларды түсінбей отырған боларсыз. (Қыз дәптердің шетіне екі ауыз французша сөз жазған, соны айтып отыр – Қ.Қ) Оның қысқаша мазмұны сіздің өз сөзіңіз:
«Мен – Жер Шары сияқты...жападан жалғызбын».
Оған мен: «Мен де өзімше жеке- дара жұлдыздың бірімін» деп жауап қайтардым.
Аға, мен осы өмірде көп пенделердің бірі сияқты емес, өзімнің жеке-даралығымды сақтағым келеді. Әрине, сіздің көмегіңіз қажет. Тек, аға, мені аяи көрмеңіз, қайта мені түсініңіз.
Менің сізге деген сезімімді өзім де түсінбеймін, тек әйтеур, сізге қатты арқа сүйедім. Сонда ғана құрдымға құламайтыныма сенімдімін.
Маржан!
Сенің жазғаныңды «өлдім» дегенде ежіктеп (сауатсыз адамдай) оқып шықтым-ау. Тіпті әр сөзді жыға ажыратпасам да оқымай-ақ түсіне, түйсіне беретін секілдімін. Өйткені , сен мен үшін суретші болмаса да бүкіл адамзат ұғып, түсінетін керемет полотно, әдемі пейзаж немесе «Аленушка» іспетті, бір қарағанда-ақ жаныңды жайлауға бастар сиқырлы күш, сыңғырлы күлкі, мөп-мөлдр тазалығыңмен ұғынықтысың. XX ғасырдың аяқталар шағында осындай – ультра киім, азанда жауған ақша қардай ұяңдығымен жарасқан қазақ қыздары қалғанына қуанамын және оның амандығын Тәңірден тілеймін. Бұл асығыс та асау дүниеде біреуге еркін еркелер өріс тапсаң, шыншыл көңілмен жан сырыңды ақтарғың келсе – Ол Мен . Ылғи да уақыты жетпей пысынап, шаршап, шалдығып, дүниенің бар-барлығына немкетті қарап қажыған ағаңды оқта-текте түртіп оятып, әлдеқашан жат болып, қош-қошын айтқан жастығына қолтығынан демеп жетелесең – онда-бүгінде жүрегім айнып ұмыта бастаған творчествоға қайта қуат бергендейсің бе?.. Сіз бен біздің арамызда табиғи түрде жалғанған, басқаның көзіне көрінбейтін, көрсе де түсінбейтін, жібек нәзік жіп – үзілмес үміттің мықты рухы іспетті. Соңғы жылдары жалғыз жанымды жаралаған қайғы үстіме құя салған лас батпақ сықылды еді, етпетімнен түсіп, есеңгіреп жатқанымда әлдекім келіп таза сезіммен тазарта бастады. Көзімді ашып, «Құдай –ау, бұл кім?» деп, таңырқай қарасам – Ақбота бейнесіндегі Өзің екенсің.
P.S. Екеуміз, бәрібір бір нәрсені, ең керек , онсыз болмайтын нәрсені байқамаған, елемегенсіп жүрміз. Шындығында, соның өзі жақсы. Ал, түбі оған да жолығармыз.
Аға!
Санамда, көз алдымда тұрып алдыңыз, кетпей қойдыңыз. Сағат екіден асып кетті, басқалар ұйқыда, мен ертеңгі емтиханға дайындалғансымақ болып отырмын. Жол-жолда әріптердің арасынан да жарысып сіз қалмай қойдыңыз. Не істеп жатыр екенсіз Сіз?!
Әлде ұйықтай алмай, аурып, азапқа түсіп жатыр ма екенсіз? Мені ойладыңыз ба? Бірақ, ондай кездерде сіздің жаныңызда бола алмаймын ғой.
Тағдыр солай – Cess la vie – се ля ви (оқылуы).
Аға, мен сіздің өміріңізді білгім келеді. Қызыққаннан емес. Сіздің жаныңызды тереңірек түсінгім келеді. Тас Ақботаға айтса: «Сіз жұмбақ жансыз», - деп, мен сізге айтқым келеді: Рас, Тас секілді сіздің де өмірден жалыға бастағаныңыз анық, бірақ, қандай, қалай?
9.1985.
Маржан!
...Менің ұйықтай алмай, аурып, азап шегіп жүргенім рас. Түні бойы дөңбекшіп шығып, күндіз жұмысқа барғанда немесе көшеге шыққанда «бөрі арығын білдірмес» деп, «Кербұғыдай керіліп» шыға келемін. Менің сәл тұйықтау, сәл жұмбақтау болып көрінетінім, сол бір ауыр қайғыдан әлі де құлан -таза айыға алмай, мұңның шырмауында жүргенімнен шығар. Әйтпесе, себеп-салдарсыз «өлем» деп, өмірге келгеніне өкініп жүрген мен жоқ. Әлі де жазсам деген ойым бар; әлі де бала сүйіп, ұрпақ қалдырсам деген арман бар. «Қалай, кімнен?» - міне, осы осы сұрақтың жауабын шешуге еңсемді басқан зіркіл зіл мұрсат бермей тұр. Оның барлығын тереңдеп айтуға Сіз бен Бізге жағдай керек, оңаша отау керек, я сенім отауы керек. Тағдыр жазса...оған да орын табылар.
Енді біраз күнде еліңе аттанасың. Көріскенше күн жақсы болсын деймін. Көп тентек болма...Асығыс та асу өмірдің ағысына қасақана қарсы жүзгенде ғана іздеген затыңды таба аласың. Ал, Сіз бен Біздің арамызда Уақыт атты терең де ағынды өзен бар. Одан жүзіп өту қолымыздан келе қояр ма екен?...
Ендігі жауап-жазбаны сен ауылдан келгенде күтем.
О.Б. 16.VII.85 ж.
Аға!
Самолетте де, поезда да, машинада да сізді бір сәт те болсын есімнен шығармай, жол бойы дамылсыз ойлап келдім. Гурьевке жеткенше «Жетім ботаны» тағы да оқып шықтым. Алматыдан әрі қашып, әрі қимай аттандым. ..Қимағанымның себебі сізге түсінікті болар...ал, қашуымның себебі талай рет жауыз ниетті адамдардың қолына түсе жаздап, әрең құтылдым. Соның бәрі менің жүрегімде жігіттерге деген ыза-кек орната бастады. Қыз болып туылғаныма өкіндім. Қара жұмыс істегенімнің арқасында аман қалып жүрмін...
Мұның бәрін мен сізден ештеңе жасырғым келмегеннен айтып отырмын.
Ауылға да келдім. Бәрі шу-шу етіп қарсы алып, амандасып жатыр, ал мен бәрібір сізді ойлаумен болдым. «Қыз жат жұрттық » деген осы шығар.
22.07.85.
Аға!
Сізден алыста жүрген сайын сізді ойлаумен болдым. Сіз қазір Алтайда жүрген шығарсыз. Ал, мен үйде тектен тек жатырмын. Кешке киноға барамын. Кластас қыздар келді. Ал, басқа уақытта оңаша қалғанда сізді ойлаймын. Алдағы тағдырымды ойлап мазасызданамын. Қазір Ғ. Мүсіреповтың «Ұлпанын» оқып жатырмын...
Менің алдымда екі айырылған бітіспес, қарама-қарсы екі өмір жолы бар, мен соның бірін таңдауым керек.
Білмеймін. Қиын...қиын...
30.VII.85.
Аға!
Мен қазір сізді бұрынғыдан да көп, он есе, жүз есе көп ойлаймын. Сізбен ақылдасамын, сырласамын, сөйлесемін, бірақ ұрыспаймын.
Түн қаншама қысқа болса да ұйықтай алмай, жынданып кете жаздаймын. Соңсоң шаршап барып ұйықтап кетемін. Одан соң көретінім де кілең азапты түс. Күн жаңа шығып келе жатқанда тағы оянып кетемін, сол оянғаныма қуанам. Өйткені таң атса азапты түстен де құтылам. Ревматизмнің әсері болса керек. Жақында тұзды ыстық сумен емделуге жүретін шығармын (бұйырса!...)
2 август, 1985 жыл.
Аға!
Бүгін сізді көріп амандығыңызға көз жеткізгім келіп тұр. Сіз бар болсаңыз – мен де бармын...
Аға, сізді қатты сағындым!
Бірақ жақындап кетсем ренжітіп алам ба деп ойлаймын. Сізге деген сағынышымды жолдайтын ақ құсым болса ғой. Терезеден кіріп, сіздің иығыңызға қонып отырып, менің сағынышымды жеткізер еді- ау.
Аға, мен сізге жетсем бұрынғы тентектігімді қояр едім. Мамам бүгін ауырып қалды. Естіген бойда жүгіріп барып істемеген әдетімді істеп, тізесіне басымды қойып жылап алдым. Кейінгі кезде бұрын өзім құлақ қоймаған әңгімелерді сіз үшін деп тыңдай жүретін болдым.
Август
Аға!
Енді бір айдан кейін, бұйырса, сізді де көретін шығармын. Соған дейінгі күндер жылжымайды-ақ. Бүгін больницадағы алғашқы күнім. Жаман басталмаған сияқты. Енді жатып алып сізді ойлағаннан басқа шаруа жоқ. Сізден алыстаған сайын болашақ жайлы жиі ойлаймын. Аға, мен сізіді сүйемін, бірақ...
Осыны ойлап, ойым онға бөлінеді. Енді не болса сізбен ұзақ та ашық әңгімелескен дұрыс болар. Бұл бір жағынан алып қарағанда сау басқа сақина тілеушілік болар еді. Басқа да амалымыз жоқ қой.
Аға!
Осы уақытқа дейін ойым онға бөлініп бір шешімге келе алмай азаптанып келдім.
Енді не болса сізбен ашық – терең сөйлессем деймін. «Биыл жаздан бері қатты өзгердің»,- дейді жеңешем, «ақыл кіріпті».
Өмірге налып, өкпе айтарым жоқ, не де болса көніп алдым.
(Осы жерден күнделік үзіледі. Күнделіктің арасында төрт бүктелген төрт парақ хат шықты. Бұл да Маржанның қолымен жазылған – Қ.Қ)
Аға!
Аға, мен сізге ең қорқынышты, ең сұмдық, ішімде мерез болып қатқан ауыр сырды айтпақ едім, айта алмадым, айта алмайды екенмін.
Өйткені ол сіз ойлағандай емес. Ондай болса өзімнен көрер едім ғой.
Кімнен көрерімді білмеймін...
Құдайдан ба?...
Мен өзімнің сізді сүюге хақым жоқ екенін біліп тұрып, сізге ұмтылдым.
Мен өзімнің осындай екенімді Сізге жеткізе алмадым, кезінде.
Сіз білгеннен кейін барып айтуға жеңілірек болады деп ойлап едім. Жеңіл тұрмақ екі есе қайғыға батырып жіберді: сіз ештеңе білмей тұрғанда бұйданы үзіп кетуге болар еді.
Ал, менің олай ету қолымнан келмеді. Сіздің менен әлдеқайда алыста, биік шыңда тұрғаныңызды көре тұра, қолымды созып тырмыса берем, неге?!
Білмеймін...
Аға!
Сіз менің жанымды түсінер ең жақын адамым болсаңыз да мен өзім жайлы айта алмаймын. Біріншіден, менің ондай сұмдықты (мойындап тұрсам да) айтуға аузым бармайды.
Екіншіден, көз көріп, құлақ естімеген сұмдықты естіртуге сізді қимадым. Өйткені, Сіз «бекер айттың» деп өкінесіз, құдай ақына өкінесіз... Білмеймін, менің дүниеге келгенім Құдайға ұнамаған шығар.
Аға!
Сіз мені аямаңыз! Мен 13 жылдан бері, өмір бойы, жар құшып, бала сүймей өтетін тағдырыма көнгенмін. Менде балалық шақта болған емес. Бір күні соққан дауыл бәрін де ұшырып әкеткен...мен онда күнәсіз періште едім...
Әке-шешем бойжеткен (сыртымнан құр жылтыраған) түріме қарап мәз, құр кеудем сырылдап, әрең жер басып тірі жүргенімді қайдан білсін!
Жиған жасауларының да сол бүктелеген қыры жазылмай тозатынын да сезбейді!
Аға!
Сіз менің салқындығыма ренжіп, кінәламаңыз! Менің жағдайым бетіме шіркеу болып тұрғанда, мен Сізді сағына тұрып, сағынбаймын; құшқым кеп тұрып, құша алмаймын. Өйткені мұндай жантүршігерлік сұмдық ешқандай тарихта да, кітапта да жазылмаған. Лайым жазылмағай да – ондай нәрсе күнделікті оқиғиға айнала көремесін! Дос түгілі, дұшпаныма да бермесін. Сондықтан, Аға, сіз менен ол жайлы сұрап қинамаңыз.
20 жасқа енді шығатын болсам да, болары болып, бояуы сіңіп қойған қарт адам сияқтымын. Бақытты сағаттарым тұрмақ, бақытты минуттарым да болмаған екен. Өмірім толы өксік, бір сарынды өтіп келеді. Өмірден жалықтым. 13 жыл бұрынғы сурет көз алдымнан кетпейді...
Менің жазығым жоқ еді, енді еріксізден еріксіз жазықты – күнәлі болып шығамын...Құдай не де болса тырнағын мықтап батырды. Ертеңгі жарқын болашағы жоқ, көңілсіз жай кешіп жатқан жағдай бар, Аға!
Кімді қарғайын. ...менің барлық қайғым осында жатыр.
Мен, сірә, енді, Сізден қол үзіп кете алмайтын сияқтымын.... «Ат айналып қазығын табады». Ең болмағанда телефон соғып тұрғым келеді.
Мені сіз ғана түсінетін...
(...Осы жерден хат та тәмам болады. Күнделік авторының одан арғы тағдыры маған беймәлім. Бәлкім жазушыны жақынырақ білетіндер бұл оқиғаның барысынан хабардар да шығар. Сол бір әлдеқашан өтіп кеткен оқиғадан қалған мына күделік – жылап қалған бір махаббатың тарихы секілді. Құдайға ғана аян, екі адамға ғана ортақ сырды жалпақ жұртқа жария етіп жазықсыз жанның жүрегіне жазылмас жара салсам, кешірім сұраймын... Менікі Оралхан атты жұмбақ планетаның былайғы жұрқа белгісіз, бізге ғана кездейсоқ (бәлкім кездейсоқ емес) аян болған бір сырына жарық түсіру ғана... – Қ.Қ.)
Abai.kz