Ораз. Он жыл...

Ораз. Он жыл...

Ораздың соңғы суреті есім­нен кетпейді. Ақ «Аудидің» қасында анасымен бірге тұр. Езуінде біз білетін әдемі күлкісі бар.
Дәл сол «Аудимен» ауда­рылды.

Ол кезде Ораз 29 жаста ғана еді. Қазір қарап отырсақ, сол кездің өзінде Ораз кең толғап, кең қайырып жүріпті. Өз тұр­ғыластарынан әлдеқайда терең ойлапты. Жазушылар одағында шығарып салған жұрт Ораздың:

–Мәйітке біржола айналып,

Көрдің есігін қағарда,

Бір шумақ өлең оқышы.

Қабірімді менің қазарда,

Қаламымды орап бірге көм,

Бір жапырақ қағазға.

Ақымға мені саларда, – деп келетін «Қандыауыз тағдыр, қалайсың?» өлеңі оқылған кезде түгел аңырап кеткенін көрдік. Ақынды ажалға ешкім қимап еді.

Ораз кіп-кішкентай қара бала еді. Алғаш көргенде аузын томпитып ірі сөйлеуге тыры­сатыны, адамға барлап, зерттеп қарайтыны ұнамай, іштей жақ­тырмай қалатынбыз. Ол кезде Кеген мен Нарынқол – бөлек аудандар. Құдайдың құтты күні демесек те, ақындар айтысы жиі өткізілетін. Шарғын Алғазы­ұлының, Нұрбапа Өмірзақов­тың, Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойлық жиындарында, екі ауданның малшылар сле­тінде, жас ақындар айтысында басымыз жиі қосылатын. Ба­сына үкі қадаған қара бала көрерменнің айызын қан­ды­рып, алыстан толғап, кейде ұзақ термелеп, айтыстың бар кел­бетін паш етіп отыратын-ды. Нарынқолдық Ораз, Жұматай Әміреев, Бақыт Құтпанбаевтар­ды Хасен Саматыров пен Даубай Әбдісаев бастап келетін, біз Нәсілхан апай мен Молот Сол­танаев ағайдың шылауында жүретінбіз. Жұрт әсіресе, Мақ­сат Жұмашев пен Ораздың айтысын асыға күтетін. Бірі – сорайған ұзын сары бала, екіншісі – қара қайыстай қатқан қара бала, бір-бірін әрнеге теңеп, жұртты қыран-топан күл­кіге баты­ратын.

Тасашы ауылындағы айтыста екі жас ақын бір үлкен ақынға «жабылып», қызық айтыс жа­садық. Даубай, Хасен, Бек, Ме­детхан ақындар біздің талауы­мызға түсіп, көрермен ұзақ уақыт қол соқты. Сонда Ораз­дың «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деген толғауы алғаш айтылып еді. Ешқайсымызда жоқ мақаммен ұзақ толғағанда Мәдениет үйі жым-жырт ты­нып, ара-арасында гүрс етіп жарылып, алабөтен күйге түсті. «Қырғыз да менің өз жерім» деп бастап, күллі әлемді қазақтікі етіп шығарғанда, Оразға ырза болмаған жан жоқ. Ораз осы­лайша сол кездің өзінде өрелі ойымен дараланып еді.

Облыстық айтыста Ұйғыр ауданынан Бақыт Беделхан, Жақсылық, Дарқан қосылады. Автоклубқа тығылып алып, айтыс алдындағы дайындықты бастап кететінбіз. Сондайда Бақыт пен Ораз бәдік айтыс ұйымдастырып, бір-бірінің көзін, құлағын, бетін «ұрайын» жасап, думандатып отыратын едік. Ол да бір дәурен еді.

Қаракемердегі айтыста Ораз Еңбекшіқазақ ауданының Сал­танат есімді қызымен айтысты. Өте әдемі айтыс болды. Қазылар екеуіне тең ұпай берді. Ораз содан бөгелмей финалдан бір-ақ шықты да, Мақсатпен сөз қағысты. Ой, бір керемет айтыс болды. Сол айтыстың шағын үзіндісін сол кездегі «Ұлан газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлы газетке жариялады да. Салтанат қасымызда отыр. Бір кезде: «Мәссаған, мен мына баламен қалай айтысқанмын, сұмдық екен ғой» деп тұр.

Ораз осылайша жұрттың бәрін таңдандырып жүруші еді. Кейін үлкен өмірге араластық. Кейбіріміз айтысты мүлде до­ғар­дық. Ораз халықтың ықы­ласына одан әрі бөленіп, бір күнде бес ақынмен айтысып, жорғасынан жаңылмай келе жатты. Оның «Хайли-ли-ли-лау, хай-ли-ли-лау» деп бастап кететін мақамы көрермен сана­сына сонша орнығып, бір ерке, еркін ұлдың болмысын таны­татын. Бір айтыстан теле­дидар ұтып алып, өзін алқаушы Жа­нарбек бастаған жігіттермен дуылдасып жүріп, теле­дидарды аялдамада қал­дырып кеткенін үйіне жеткенде бір-ақ байқаған да Ораз досымыз ғой.

Әл-Фараби университетінде қызмет етіп жүргенінде сирек те болса ұшырасып қалатынбыз. Сонда бұрынғысынан әлде­қайда есейген, өте салмақты, әдемі әзіл айтқанда ғана көзі бір сызыққа айналып, риясыз кү­летін досымызды көретінбіз. Өмір оны аяған жоқ. Жалғыз анасы сүйреп жүріп жеткізді. Үйдегі көп баланың ішінен суырылып шығып, алғаш жұрт аузына ілінген өзі болғасын да Ораз әулеттің баскөтерері іспет­ті болды. Бауырларына барынша көмектесті.

Бәрібір Оразды көрген сайын, оның жүзіндегі мұң та­бын байқамай қалу мүмкін емес еді. Отызға жетер-жетпес жа­сында өлім туралы толғап, «ақымға саларда өлең оқышы» деп жазған жанның жүрегіндегі мұңды өзі ғана әлдилеп өткенін енді ғана түсініп жүрміз ғой. Ақынның сұңғыла жүрегі келте-ғұмырдың көзден бұлт етіп аунап түсетінін де сезгендей болады да тұрады.

Ораз балаларына да аса мейір­бан еді. «Ақсай» ық­шамауда­нындағы кафеде өткен бір қарындасымыздың ұзату тойында Орекең қос құлын­шағын қайта-қайта өбектеп, өзі микрофон ұстап тұрған кезде де көтеріп алып, жылы жымиып тұрған бейнесі де көз алдымызда. Кафенің алдында ұлы Нұрсұлтан арсалаңдап келіп асыла бер­генде, ұлынан бұрын жүгіріп жетіп, аяғын балшыққа тигізбей қақшып алғанын күлкіге ай­налдырып, қыжыртқан едік. Сонда: «Осы бала дегеннің не екенін білмейтін кейбір жігіттер бізге баланы қалай бағуды үйрететін болыпты» деп біз­дің бойдақ жүріп қалғанымызды қағытып өткені де жадымызда қалыпты.

Өзін ұстаз тұтқан інілерін де Ораз қатты қадірледі. Бағдат, Ернат сияқты жігіттерді жаны­нан тастамай, білгенін үйретті. Орекеңнің бес жыл бұрын Тегіс­тікте өткен еске алу кешін осы шә­кірттері ұйымдастырып, ба­лалар арасында айтыс та жа­са­ды. Сол еске алу кешінде жары Ажардың «Сағындым сені» әнін жылап тұрып айтқаны да сана­мыздан өшпек емес. Ажар да Ораздан кейін ажал пырағына ерте мініп кете барды...

Ораз бір өлеңінде «елге кетем» деп жазыпты. Бұл оның шыны еді. Ол айтыстан қол үзіп, халық әндерін зерттеуге бел шеше кірісуге тәуекел етіп жүргенін құлағымыз шалған. Ән өнеріне келгенде оның кө­кірегі өте қазыналы еді. Жетісу аймағын дүбірлеткен Садығожа, Шалтабайдың әндерінен бөлек, біз естімеген, тіпті халық жа­дынан өшіп қалған дерлік саз­гер­лердің әнін айтып жүретін. «Осының бәрін қайта ар­шимын» дейтін-ді. Сағатбек Медеубекұлы мен Базаралы Мүптекеев жинақтаған Жеті­су­дың әндері мен күйлеріне Ораз­дың қосар үлесі аз болмайтыны аңғарылып-ақ тұратын.

Міне, сен өмірден кеткелі де он жыл аунады, Ораз... Бала күніңде бізге Ораз едің, халқың сені Оразалы деп аузын толты­рып айтады әлі күнге. Еш ұмыт­пайды. Сен ұмыттыр­майсың. Өйткені сен халық жадына өз есіміңді мәңгі таңбалап кеттің. Қанша есіліп сөйлесең де, есіліп толғасаң да сенің жүзіңнен өшпей тұратын мұң табы қазақтың жүзінен де әлі кете қойған жоқ. Байқағаным, қазақ сендей ұлдарымен мәңгі екен. Жасындай қысқа ғұмырымен туған халқын серпілтіп кететін сендей ұлдардың болғаны да жақсы екен.

Сондай болмысыңмен сен өз ұлтыңның әлеуеті сұмдық мықты екенін танытып кеттің. Бірде қырт, бірде сырт тіршілікті біз аманаттап алып, бірде бүк түсіп, бірде шік түсіп, алшы тұруға аяғымыз шыдамай, малтығып-ақ келеміз. Сондайда өзіңдей ақындықтан жаратыл­ған жанмен құрдастай қатар жүргенімізді, достай сыйлас­қанымызды, үлкен өмірде арамызды алыстатып алсақ та, сені көп жағдайда медеу тұтқанымызды олжа санаймыз.

«Ұлан» газетінде жүргені­мізде қызың Нұрайшамен сұх­бат құрдық. Ақылды қыз болып өсіп келеді екен. Нұрсұлтаның да ат жалын тартып мініп қалды. Демек, сен барсың ғой, Ореке!

Бүгін біз сені еске аламыз. Осыдан тура 10 жыл бұрын ортамызды ойсыратып кеткен оғлан досымызды еске аламыз және мәңгі ұмытпаймыз...

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста