Өресіз біреулер уылжыған Балқадишаны қутыңдаған шалға тигізіпті...
Ақан сері шығарған әндерге көлденең келіп қосылған жанама шумақтар, орындаушылардың өзі тарапынан қосқан тармақтар көп. Соның бірі «Балқадиша»әні. Мәселен: Дегенде, Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал Қадиша, – деп кейбір әнде айтылып келді. Әлі де солай айтылып жүр. Өресіз, білімсіз біреулер уылжыған Балқадишаны қутыңдаған шалға тигізіп, жүректі ауыртатын әдепсіз клип те түсіріпті. ...Ол кездерде, яғни, соғыстан кейінгі жылдары Балқадишаның өзі дін аман, ел ортасында өмір сүріп жатқан-ды. Радиодан «Балқадиша» әні әлгі сөзбен беріліп, не газет, журналдарға, кітаптарға шындыққа үйлеспейтін дәйексіз әңгімелер жазылып жатқанын естіп-көргенде басқа емес, Балқадишаның өзі шарасыз күйге түсіп, не дерін білмей, күрсініп қана іштен тынады екен.Соғыс жылдарында Зеренді төңірегінде гастрольде жүрген артистердің ішінде бір әншілер «Балқадиша» әнін әлгі сөзбен шырқапты. Сондай концерттерді өз ауылы Кеңөткелде өз көзімен көрген Балқадиша: «Мына жазғандар не деп отыр?» деп мұңая бас шайқапты. Ән сөзіне жыны келген бір ақсақал: «Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Балқадиша өз сүйгеніне ұзатылып еді. Міне, ортамызда отыр, осы концертте. Әй, ессіз неме, сен өзің не деп оттап тұрсың?» деп желпілдеген ұшқалақ әншіні сахнадан қуып шығыпты. Бұл – қауесет емес, анық болған жай.
ИЛЬЯ ЖАҚАНОВ