Өскеменде сандық жүйеге көшу науқаны аяқталды
Облыс орталығы Өскемен қаласында АТС-47 және АТС-62 аналогтық телефон стансыларындағы соңғы 15 000 абонентті NGN жаңа заманғы цифрлы желіге қайта қосу жұмыстары толықтай жүзеге асты. Енді өскемендіктердің жоғары сапалы жаңа телекоммуникация қызметтерінің түрлерін пайдалануына мүмкіндіктері бар. Мұндай жұмыстар Өскемен қаласында ғана емес, аймақтың барлық өңірінде жүргізіліп жатқан көрінеді.
Бүгінде Өскемен қаласында нөмірлік сыйымдылығы 117716-ны құрайтын 71 цифрлы АТС орнатылған. Сондай-ақ 7 CDMA базалық стансысы WLL сымсыз радиоқатынау технологиясы бойынша 18,5 мың нөмірге қызмет көрсетеді.
Айта кетерлігі, абоненттерді қайта қосу кезінде бұрынғы нөмірлердің сандарын барынша сақтауға үлкен көңіл бөлініп отыр. Өңірдегі компания өкілдері нөмір ауыстырудан 10 күн бұрын әр абонентке жүргізілетін жұмыстар жайында ескертіп, жаңа нөмір туралы және оны ауыстыру күні туралы ақпараттар берген.
Жаңа жүйенің ерекшелігі, қалааралық және халықаралық байланыс қызметінің мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етумен қатар, өзге де бірнеше қызметті пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар абоненттер қоңырауды қайта бағыттау және күту, халықаралық және қалааралық байланысты жеке пароль арқылы шектеу, қоңырау шалған абоненттің нөмірін анықтау сияқты қосымша қызмет түрлеріне қол жеткізеді.
NGN байланыс желісінің көздеген негізгі мақсаттарының бірі – ақпараттың барлық түрлерін басқаруға мүмкіндік беретін әмбебап желі құру. NGN бірыңғай интерфейс (бір розеткадан) арқылы бір мезетте барлық қызметті ұсынуға мүмкіндік береді: дауыс, мәліметтерді беру және бейне (Triple Play концепциясы). Аталмыш желі қолда бар және жаңа қызметтер, аналогтық және цифрлы телефон аппараттары, факстер, ІР-хаттама арқылы жұмыс істейтін телефония терминалдары, кабельді модемдермен жұмыс істейді.
Эрнест ЕСПЕНБЕТОВ, Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры:
– Өскемен қаласында АТС-47 және АТС-62 аналогтық телефон стансыларындағы соңғы 15 000 абонентті NGN жаңа заманғы цифрлы желіге қайта қосу жүзеге асты. Сөйтіп, облыс орталығында «Қазақтелеком» АҚ желілерін цифрландыру науқаны толығымен аяқталды. Сәйкесінше, абоненттерге жоғары сапалы әрі жаңа телекоммуникация қызметтерінің түрлерін ұсынуға мүмкіндік пайда болды. Телекоммуникация желілерін жаңғырту Шығыс Қазақстан облысының барлық өңірінде жүріп жатыр. Мәселен, Семей шаһарында аналогтық телефон стансыларының абоненттерін қайта қосу 2011 жылы басталады. Ал Аягөз, Шар, Зайсан және Шемонаиха қалаларында цифрландыру деңгейі 100%-ды құрап отыр. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы абоненттерінің 88%-ы цифрлы АТС-ке қосылған.
Әлмира ЖҰМАБАЕВА, қала тұрғыны:
– Бұған дейін бізде басқа нөмір еді. Ал биыл жаңа нөмір қойдық. Соның арқасында интернетке де қосылдық. Бұл жақсы болды бізге.
Тахмина БАЙДЕЛДИНА, қала тұрғыны:
– Бұрын телефон шалған уақытта тұтқаның ішінен бөгде дыбыстар естіліп, кедергі келтіретін еді. Жақында нөміріміз ауысты. Енді басқа қалаға телефон соқсақ та, сөйлескен адамың қасыңда отырғандай ап-анық естіледі. Оның үстіне өзімізге нөмірді анықтау және таңертең ояту қосымша қызметтерін де қостырып алдық.