Өскеменге – 18 мүсін
Өскемен тарихындағы ең жарқын оқиғалардың бірі – халықаралық мүсіншілер симпозиумы өз мәресіне жетті. Қазақстанмен қоса, Грекия, Германия, Ресей елдерінен жиналған 18 шебер жұмыстың қыр-сырымен, технологиясымен танысып, тәжірибе алмасты. Шығыстың шырайын келтіруге бағытталған бұл жоба тура екі айға созылды.
Еліміз бен шетелдің шеберлерінің қолынан шыққан бірегей өнер туындылары Өскеменнің орталық көшелеріне қойылды. Симпозиум аясында мүсіншілер бейнелерді тас, ағаш және металл сияқты материалдардан жасады. Шеберлердің қиялы сан алуан болғанымен, оларға ортақ нәрсе – қазақ жерінен шабыт алуы. Көптеген жұмыстарда қазақ ұлттық аспаптары, еліміздің салт-дәстүрі, бәйге көріністері бейнеленген. Грек мүсіншісінің өзі қазақи қобызды шеберлікпен қашап жасағанын атап айта кеткен жөн. Симпозиумның көркемдік жетекшісі Татьяна Тихованың айтуынша, аталмыш шараны ұйымдастырудағы басты мақсат тәжірибе алмасу болды.
Енді шеберлер жұмысына тоқтала кетсек. Мәселен, облыс орталығындағы Жеңіс даңғылының бойында «Қос тоты» атты композиция қойылды. «Қос тотының» авторы Барнауыл қаласынан келген мүсінші Александр Глинин. Ол өз жұмысында абстракциялық ұғымдарды металл және тас арқылы жеткізген. Құстардың денесі темірден қышталып, қауырсындарының орнына тас пайдаланған. Бірегей жұмыс бұдан былай Жеңіс даңғылының бойынан өткен әр адамның көңіліне қуаныш сыйламақ.
Ал өскемендік Борис Калмаков «Бесікке бөлеу» атты композициясын ұсынған. Мағынасына сәйкес, бұл жұмыс қаладағы ана мен бала орталығының алдына қойылды. Ал ресейлік шебер Сергей Мольковтың мүсіні «Әнші бақа» деп аталады. Облыс орталығындағы Карбышев – Серікбаев көшелерінің қиылысындағы айналма жолдың ортасына қойылған «Шағалалар» атты мүсінді ерекше атап айтқан жөн. Оның авторлары өскемендік Хамит Кульчаев пен мәскеулік Александр Лягин. Бұл туынды симпозиум жұмыстарын қабылдап алған арнайы комиссияның алдын ала шешімі бойынша бас жүлдені иеленуі мүмкін. Туындыда 10 шағала қанаттарын түйістіре аспанда қалықтап бара жатыр. Шеберлер осы жұмыстары арқылы бейбітшілік, туған жер, достық сияқты ұғымдарды көрсетуге тырысқан. Аталмыш туындылар облыстың бас шаһарының көркіне көрік қосуда.
Қала әкімшілігі бас жүлдеге бір жарым миллион теңге сыйақы тігіп отыр. Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 25 млн теңге бөлінген. Ескерткіштерді бағалауда билік халықтың да пікірін ескермек. Сондықтан симпозиумының нақты қорытындысы 30 тамызда болатын Өскеменнің 290 жылдық мерейтойында анықталады. Ең бастысы, қатысушылар да, ұйымдастырушылар да мұндай тәжірибенің дәстүрге айналуын қалайтындарын жеткізді.
Ислам ӘБІШЕВ, Өскемен қаласының әкімі:
– Біз симпозиумға дайындала бастағанда, көпшілік қаражатты басқа салаға жіберу керек деген. Бірақ біз ештеңе жоғалтқан жоқпыз ғой? Бұл – баға жетпес жұмыстар. Қаламызға деген айрықша сый, орасан зор құндылық.
Дәурен ҚАСЫМОВ, Өскемен қаласы архитектура бөлімі бастығының орынбасары:
– Біз бұл скульптураларды қаладағы халықтың толықтай көре алатындай жерлерінің барлығына орнатуға тырыстық. Әр жұмысқа өте биік баға беруге болады. Өйткені ол маңдай термен келген бірегей туынды. Әрқайсысының алар орны ерекше. 18 мүсіннің қай-қайсысын алсақ та, басқа дүниеде жоқ нәрселер.