Отандық анимацияда «Ер Төстігіміз» – бір төбе
Наурыз мейрамынан бастап қазақтың тұңғыш толықметражды анимациялық фильмі прокатқа шықты. «Ер Төстік және Айдаһар» – халқымыздың батырлық ертегілерінің ең көне үлгісінің желісі бойынша жасалған 3D туынды.
Жаңа туындыға әркімнің сынай қарайтыны рас. Бірақ Ер Төстік жайлы анимация ізгілікке толы оқиғасымен бірден жылы ұшырай кетеді. Жерасты патшалығының әміршісі Бапы Жерде мәңгілік қараңғылық орнатпақ болады. Бірақ оның бұл жоспарына мың жылда бір туатын батыр кедергі келтіреді. Төстік әлемді әділеттілік, адамгершілік пен мейірім ғана билеуі керек деп біліп, зұлымдыққа қарсы бас көтереді. Ал бұл жолда оған Желаяқ, Көлтауысар, Таусоғар, Қосаяқ, Тасбақа сияқты достарының бірлігі көп көмектеседі. Озбыр күштер бірігіп, Айдаһарға айналғанда да жеңіс жұмыла күресудің арқасында мүмкін болады – Самұрық құс Бәйтерекке ұя салып, Жерде мамыра-жай тірлік орнайды. 3D технологиялары бойынша жасалған «Ер Төстік» – отандық мультипликация тарихындағы тұңғыш толықметражды анимациялық фильм. Оны жасауға 1,2 млн доллар мен аттай үш жыл уақыт кетті. Фильмде қолдан сызылған кескіндер мен motion capture қолданылды, соңғысы – кәдімгі актерлердің қимылын анимацияға айналдыру, мұндай күрделі әдіс біздің мультфильмдерде бұрын-соңды болған емес. Әлемдік прокатқа шығатын анимациялардан кем болмауы үшін мамандар барын салған. Бәсеке демекші, кинотеатрларда «Ер Төстік» «Крудстер отбасымен» бір мезгілде көрсетіліп жатыр. Бірақ біздің 3D ертегіміз өз аудиториясын тауып үлгерді. Алғашқы күні-ақ кішкентай көрермендердің көбі анимациялық туынды қатты ұнағанын айтып жатты. «Қазақфильм» үшін тарихи мәні бар жобаның режиссерлері – Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев. Сценарийді осы екеуі және Михаил Алдашин жазған. Қоюшы суретшілері: Тимур Дайырбаев, Жандос Омаров және Жәкен Дәненов. Туындыны Еділ Құсайынов, Виталий Михаэлис, Ақтоты Райымқұлова сияқты композиторлар әуенмен көркемдеді. Рөлдерді талантты да танымал актерлер тобы дыбыстады, олардың қатарында кейіпкерлерге жан бітірген Дулыға Ақмолда, Лидия Кәден, Димаш Әкімов, Нүкетай Мышбаева, Кәдірбек Демесінов, Күнсұлу Шаяхметова, Бейбіт Мүсілімовтер бар. Фильмнің орыс тіліндегі нұсқасына Илья Шилкин, Роман Прохоров, Лия Нэльская, Нина Жмеренецкая, Игорь Личадеев, Евгений Жұманов, Мерей Әжібеков, Динара Егеубаевалар еңбек сіңірді. Картинаны жасаған ұжым мыстан рөлін дыбыстаған 80 жастағы халық әртісі Лия Владимировна Нэльскаяның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды.
Жәкен ДӘНЕНОВ, режиссер, суретші, кинематографист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Соңғы технологиямен толықметражды анимациялық фильм жасай алатынымызға көзіміз жетті. Бұл, әрине, мемлекеттің зор қолдауының арқасында мүмкін болды. Демек, қолдау болса, жақсы дүниелер туғызу қолдан келеді. Анимациялық фильмдер ешбір елде мемлекеттің қолдауынсыз жасалған емес. Бұл – қымбат өнер. Еліміз қазір жас ұрпақтың рухани тәрбиесінен қаражат аяп отырған жоқ. Технологиямен жас мамандар ғана жұмыс істеді. Осындай жастармен ғана өнерде ілгерілеуге болады. Бұл – біз үшін баға жетпес тәжірибе. Фильмнің отандық анимация тарихында өзінің лайықты орнын алатынына күмәнім жоқ.
Лия НЭЛЬСКАЯ, актриса, ҚР Халық әртісі:
– Айрықша тәнті болғанымды айтуым керек. Киностудия қызметкерлерінен мұндайды күтпегенім рас. Мен анимацияда кәсіби маман емеспін. Дегенмен фильмді қарағанда режиссерлердің, дыбыс режиссерлерінің, вокалистердің, құрастырушылардың, жұмысқа араласқан басқа да мамандардың әрбір ойластырған дүниесін түсінуге тырысып отырдым. Фильмнің көркемдік және кәсіби деңгейі өте биік, айтар ойы терең! Операторлық жұмыс көрерменді еш жалықтырмай, керісінше, қызықтыра түседі. Шығармашылық топты осы үлкен жеңіспен құттықтаймын! Фильмде қатып қалған клишелер мен орынсыз дәстүрлер жоқ. Қиял еркіндігіне жол берілген. Сол себепті де болар, зұлымдық фонында өте мейірімді, жүрекке жылы тиетін хикая пайда болды.