Отандық биотехнологияның батыл қадамдары
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Биотехнология ғылымына адалдық танытып, өмірі осы саламен біте қайнасып келе жатқан биология ғылымының докторы, профессор Аманкелді Саданов бастаған бір топ ғалымдар жақында Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері ретінде танылды. Атап айтқанда, Аманкелді Садановтың жетекшілігіндегі топтың құрамында Светлана Айткелдинова, Нина Гаврилова, Ирина Ратникова, Ұлбосын Ыдырысова, Вячеслав Кан, Ерік Шорабаев сынды ғалымдар бар.
Аталған жоғары марапат Аманкелді Құрбанұлы мен оның шәкірттеріне еліміздің ауыл шаруашылығын ілгерілетуде, ел экономикасы мен әлеуметтік өміріне тиімді биоқұрылғыларды жасап, оны тікелей өндіріске енгізгені үшін беріліп отыр. Қазіргі ҚР БҒМ Микробиология және вирусология институтының ұзақ уақыт жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде Аманкелді Құрбанұлының жетекшілігіндегі ғалымдар топырақты тыңайтатын нитрагин және ризовит АКС биопрепараттарын жасап шығарып, оны өндіріске енгізуі ауыз толтырып айтарлық ірі жетістік деуімізге болады. Препаратты қолданысқа енгізгеннен кейін соя астығының өнімі 33-35 пайызға дейін артты, бұл – орташа түсімге қосымша астық жиынының гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсетеді. Бұршақ тұқымдас өсімдіктер топырақты тек азотпен және органикамен байытып қана қоймайды. Сонымен бірге төрт түлікке арналған жоғары сапалы белоктық азық болып табылады. Оған қоса осы дақылдардан соң ауыспалы егістікте егілетін дақылдар үшін де топырақты құнарландырады. Сондай-ақ әртүрлі өсімдіктерді сүрлеу үшін казбиосил атты тиімділігі өте жоғары жаңа препараттың өндірісі қолға алынды. Казбиосил препараты жоғарғы активті сүт қышқылды бактериялар штамдары бар құрамы жақсартылған ашытқыдан тұрады.
Соңғы жылдары Аманкелді Құрбанұлының жетекшілігімен оның шәкірттері топырақты ауыр металдардан, мұнаймен ластанудан және тағы басқа ксенобиотиктерден микробиологиялық жолмен тазалау мәселелерімен белсенді түрде айналысып келеді. Топырақтың мұнаймен ластануының биоремидиациясы және биоиндикациясы мәселелеріне айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл өз нәтижесін беріп, аталған ғалымдар бакойл-KZ атты отандық биопрепараттарды қолдану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазалаудың жаңа технологиясын жасап шығарды. Бакойл-KZ – мұнаймен ластанған топырақты, өндіріс қалдықтарын және суқоймаларды микробиологиялық тәсілмен тазалауға арналған тиімділігі жоғары бактериялы препарат. Қазір бұл биопрепараттың пайдасы Батыс Қазақстан аймағында мұнаймен ластанған аумақтарды тазалау үшін кеңінен игерілуде.
Отандық микробиология, вирусология, экология және биотехнология, сонымен бірге білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар Аманкелді Саданов пен оның шәкірттерінің сәтті ғылыми жобаларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары баға беріп, қазақстандық өндірісте кеңінен қолдануына қолдау көрсетіп отыр. Айта кетейік, отандық биотехнология ғылымында соңғы 30 жылда Мемлекеттік сыйлыққа ие болған жекелей тұлға мен ұжым жоқ екен. Сондықтан ұзақ жылғы іркілісті өз ізденістерімен жеңе білген ұжым өз еңбектерінің лайықты бағасын алды деуге толығымен болады.