Отандық рок жүйріктерін анықтайтын марапат тарихта қалады
Желтоқсанның 2-сінде Алматы қаласының басты сахнасы – Республика сарайында Қазақстанның рок-музыка саласындағы тұңғыш ұлттық жүлдесі табыс етілетінін еске саламыз. Бұл Tengri FM радиосының мұрындығымен отандық рок-музыкаға көрсетілетін қолдаулардың ең үлкені болмақ және бұдан былай дәстүрлі әрі ауқымды шараға айналады. Бізге рок-марапат жайлы Tengri FM радиосының жүргізушісі Сергей Майборода толығырақ айтып берді.
– Сергей, бүгінгі қазақстандық роктың дамуы қалай?
– Өкінішке қарай, біздің рок орындаушылар осы күнге дейін өз туындыларын жертөледе, аядай ғана бөлмелерде, шағын студияларда жазып жүрді. Оларды көбі аса тани қоймайтын. Бүгінде олардың есімдері біртіндеп танылып келеді. Шығармалары да жаман емес. Көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Мысалы, біздің радио осындай орындаушыларды қолдау және қазақстандық рокты дамыту мақсатында еңбек етіп келеді. Менің ойымша, дәл қазіргі мезгілде қазақстандық рок шарықтап дами бастады. Рок-орындаушылардың көпшілікке көрсетер өнері әлі бар. Әлі талай туындылар жарыққа шықпай, шаң басып жатыр.
– Оқырмандарымызға тұңғыш рок-марапат жайлы айтып берсеңіз. Жүлдеден қанша орындаушының үміті бар?
– Tengri FM радиосы ашылғалы бері қазақстандық рок-музыканттарды қолдап, олардың есімдерінің кеңінен танылуы мен шығармашылығының дамуына ықпал етіп келеді. Біздің радио 2010 жылдың 24 ақпанында 107,5 жиілігінде іске қосылып, сол жылдың күзінде «Тенгри биігінде» жобасы жарыққа шықты. Бұл жоба аясында отандық рок-музыканттар шығармаларын радиоға жіберіп, өздерін таныстыра бастады. Радиодан олардың композицияларын тегін беруге мүмкіндік беріп келеміз. Екі жыл ішінде радиоға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3000-нан астам туынды жіберілді. 150-ден астам рок-орындаушының ішінен ең үздік деп танылғандары жобаға қатыстырылып, радио ұйымдастырған рок-концерттерде өнер көрсетті. Енді, міне, нағыз жүйріктердің есімін елге таныстырудың сәті туып отыр. Сол себептен үздіктерді анықтап, Қазақстанның рок-музыка саласындағы тұңғыш ұлттық жүлдесін өткізгелі жатырмыз. Рок-орындаушылардың қатысуымен үлкен кеште үздіктердің есімі аталады, оларға жүлделер табысталады. Rock Award тарихта қалатын ауқымды іс-шара деп айтуға болады.
– Рок-марапат қандай аталымдар бойынша беріледі?
– Қазылар алқасы жүлделерді «Ең үздік вокал», «Ең үздік поэзия», «Ең үздік трек», «Ең үздік аранжировка» аталымдары бойынша табыстайтын болады. Сондай-ақ «Ғаламтор таңдауы» атты арнайы аталым жеңімпазын тыңдармандар «В контакте» әлеуметтік желісіндегі Tengrifm.kz бетінен дауыс беріп анықтайды. Қазақстан сахнасында 10-15 жылдан аса уақыт өнер көрсетіп жүрген рок-музыканттар «Рокқа адалдығы үшін» аталымы үшін өзара сайысқа түседі. Ал қалғандарының іріктеліп алынған шығармалары қазылардың бағалауына жіберіледі. Содан кейін олар өзара дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтайтын болады. Қазылар құрамында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова бастаған бір топ қазақстандық сарапшы және Ресейден «СерьГа» тобының жетекшісі Сергей Галанин, «Город 312» тобының әншісі Светлана Назаренко, «Максидром», «Нашествие», «Чартова Дюжина» фестивальдерінің ұйымдастырушысы, продюсер Андрей Матвеевтар бар.
– Қазақстандық рок-жүлде үшін сайысқа түсетін орындаушыларды атап айтсаңыз.
– Күні кеше жүлдеге қатысатын 16 рок-орындаушының есімі анықталды. Көптің ішінен Motor-Roller, Blues Motel, «Субкультура», Fridays, «Жантик-Бэнд», «МайОлиКа», Paradox, Sugarfree Blues, «Әсем», Nissa J, iFLY, Chance 2 Dance, Some Toir, Cry Baby, Tishina, «Па Кампасам», Che Francisco, Jazz Voda, Angry Ants, «Лабастерхэб», Hadn't tea топтары іріктелді. Бұл топтардың бәрі «Тенгри биігінде» жобасында өнер көрсетті.