«Отырар сазы» мерекелік концертке шақырады
Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестр Ұлыстың ұлы күніне арналған концертке шақырады. Бұл кеште Бағдат Сәмединова бастаған бір топ әнші өнер көрсетеді.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Отырар сазы» өз тыңдармандары үшін фольклор мен классикалық вокалдан нағыз мерекелік бағдарлама әзірлеп отыр. Көнеден жеткен алуан түрлі аспаптар дыбысының жаңаша үйлесім табуы жыл басы – Наурыздың келе жатқанын тағы бір паш етпек. Бұл күні оркестрдің сүйемелдеуімен белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, танымал опера әншілері Ұлан Кенжебеков пен Дина Хамзина, сондай-ақ Жұлдыз Өскенбаева, Қайрат Игіліков, Салтанат Жұбаныш, Фархат Құбиев, Бек Күнтубаев сияқты халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді. Оркестрдің бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дінзуһра Тілендиева. Концерт филармония залында бүгін сағат 18.30-да басталады.