Өз құқығын білген адам өзгенікін де сыйласа керек…
Продюсерлер мен орындаушылардың «Демеу» атты одағы мен «Қазақ әндерін орындаушылар» бірлестігі өздерінің авторлық құқықтарын жұмыла қор-ғап, «қарақшыларға» қарсы күресуге шешім қабылдағанын биылғы Жаңа жыл қарсаңында жария еткен-ді.
Аталмыш топтың белсенді өкілі, әнші-продюсер Қыдырәлі Болманов отандық шоу-бизнес өкілдерінің «Авторлық және аралас құқық» туралы Заңға түзетулер енгізуге әрекеттеніп жатқанын да жеткізген. Және ол талаптардың бірі отандық орындаушылар әндерінің телерадио эфирінен тегін берілуіне қатысты болатын. Мұның себебін әнші: «Клиптеріміз бен әндерімізді шығару үшін біз қазір телеарналарға қыруар ақша төлейміз. Ал шындығында, біздің өнімдерімізді пайдалану арқылы олар өздерінің рейтингін көтеріп отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, олардағы жағдай біздегіге мүлде керісінше. Яғни телерадиолар орындаушыларға ақша төлейді. Мысалы, бір кезде Жапонияның радиосынан әнім берілгені үшін маған 80 доллар төледі», – деп түсіндірген. Шетелдік шоу-бизнесте, сондай-ақ әншілерді фонограммасыз айтқаны үшін де марапаттайтын дәстүр бар екен. Содан хабардар бірқатар өнер жұлдыздары «осындай стандарт бізде де орнықса» деген үмітте.
Дегенмен фонограммадан іргесін аулақ салу танымал әншілердің өзіне қиынға соғып тұрғанын сиыр жылының соңында Астанада өткен, Шәмші әндерін жанды дауыспен орындаушылардың концерті дәлелдеп берді. Бір анығы, сахнада жанды дауыспен айту үшін жан-жақты дайындық керек. Ал фонограмма әбден «жеп қойған» әншілеріміз айтып тұрған әнінің сөзін ұмытып, ұятқа қалды. Студияда әннің мәтінін қағазға қарап айтуға әдеттеніп кеткен олардың бұл «қулығы» сахнада дүйім жұртқа әшкере болды. Егер тап қазір Әзірбайжан мемлекеті сияқты фонограммаға тыйым салсақ, отандық шоу-бизнес мүлде құлайтын сыңайда. Себебі фонограмма өнеріміздің өрістеуіне, әншілердің кәсіби тұрғыдан ұшталуына белгілі бір дәрежеде зиянын тигізді, ортаңқол орындаушылар мен талантты әншілерді бір қазанда қайнатып, тыңдарман қауымның талғамын бұзды. Сондықтан да қазір бүкіл әлем фонограммаға шектеу қойып, жаппай бас тартып жатыр.
Өкінішке қарай, бізде мұндай талпыныстың ұшқыны да байқалмайды. Тыңдарман қауымның тұтынушы ретіндегі құқын бұзып жүргенімен шаруасы шамалы орындаушыларымыз мүлде басқа мақсатпен әуре. Яғни оларға қазір өз құқықтарын қорғау, өз ұпайларын түгендеу әлдеқайда артық болып тұр. Өткенде ғана Алматы телеарнасының жаңалықтар қызметі бір топ әншілеріміздің тойханалар мен телеарналарға салық салуға қызу кірісіп кеткенін жариялап жатты. Сол хабар барысында «Қазақстан орындаушыларының құқығын басқару қоғамы» деп аталатын ұйым жетекшісі Әсет Білиев: «Орындаушылар мен фонограмма өндірушілерінің сабақтас құқықтарын қорғау дамыған елдерде бар. Ұйымға қазір Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаев, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағанбетова, Мақпал Жүнісова сынды 200-дей өнер адамы мүшелікке өтті. Олар ай сайын ұйымнан өз сыйақысын алып тұратын болады», – деп мәлімдеді. Әншілердің бұл орталығы осыған дейін
15 млн теңге жиып үлгеріпті. Қазір олардың өкілдері түрлі қалалар мен ауыл-аймақты аралап, орындаушылардың әнін жұртшылыққа рұқсатсыз тыңдатқандарға салық салумен айналысуда. Дегенмен көптеген тойханалар мен кафе қожайындары олардың бұл ісіне наразы көрінеді. Жекеменшік кафесі бар кәсіпкерлердің бірі: «Біз онсыз да ай сайын авторлар қоғамына төлейміз. Ал «халық сүйіп тыңдайтын әндерді көпшілік орында қойдың» деп кінәлау жөнсіз», – деген пікірін жасырмады. Ал орындаушылар кеңесінің төрайымы Ләйлә Сұлтанқызы болса: «Өткен жылы сыпайыгершілік таныттық. Енді қатаң шара қолданамыз», – деп қорқытып та қойды. Оның айтуынша, ауыл, аудан аймақтарында жұмыс істеген қиын көрінеді. Сөйтіп, авторлық құқықты желеу етіп, жылу жинаушы топ негізгі ауыртпалықты бәрібір қарапайым халыққа түсірмек. Өйткені олардың талабы орындалған жағдайда көпшілік орындардағы қызмет көрсету бағасы да тиісінше қымбаттайды ғой.
Осы орайда мынандай бір ой келеді: аннан-мұннан пайда табуды көздеп, өзгелерге салық салуға құмар әншілеріміз неге өздері салық төлемейді? Мысалы, қазір тойға барып, табыс таппайтын әнші некен-саяқ. Кейбіреуінің негізгі күнкөріс көзі, байлыққа қол жеткізудегі бірден-бір әдісі де осы – той-томалақта ән салу. Әрине, ешкім ешкімді «сен табыс таптың, сол үшін салық төле» деп соңынан қуып жүрмейді. Бірақ та әншілеріміздің өздері үлгі тұтып отырған сол шетелде, мысалы, салықтан жалтарған кез келген адам қатаң жазаланады. Біздікілер басқасын білгенде, соны білмей ме? Біледі, сөйте тұра мойынсұнғысы келмейді. Өйткені ол үшін де үлкен азаматтық, тектілік керек. Қазақы түсінікпен қарасақ, өнер – кез келгенге қонбайтын ерекше қасиет, ал өнерпаз – биік те бекзат болмыс иесі-тұғын. Өкінішке қарай, заманның да, адамның да өзгергені де...