Өз тілімізді өзгелерден үйренеміз бе?
Жақында Бейбітшілік корпусы еріктілері – 63 америкалық Алматыдан еліміздің түкпір-түкпіріне аттанып кетті. Олар ағылшын тілін оқыту, мүгедектерді қорғау, экология, денсаулық сақтау салаларында екі жыл тегін жұмыс істейтін болады. Бірақ бізге одан гөрі америкалықтардың екі айдың ішінде ауызекі қазақ және орыс тілдерін үйреніп алғаны қызық болып көрінді.
23 жасар флоридалық Джон Рил «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп мақалдатып тұрып сөйлегенде «қ», «ө» тәрізді төл дыбыстарымызды қаз қалпында айтады. Калифорниялық Лора Маршалдың тілі Джонға қарағанда бәсеңдеу болғанымен, ойын жеткізе алады. Бұл 20 жыл Қазақстанда тұрса да қазақша 20 сөз айтуға жарамайтын отандастарымызға үлгі боларлық-ақ. Еріктілер қазақ және орыс тілдерін Алматының іргесіндегі «Саймасай» ауылында өткен 2,5 айлық курста үйренген.
Бейбітшілік корпусы оқытушыларының бірі Әсем Бектұрова: «Америкалықтарға қазақ тілі фонетикасы жақын, грамматикасы қиындау тиеді, жалғауларды үйрену қиын болса да, қателеріне мән бермей, қалайда сөйлеп кетулеріне ықпал етеміз», – дейді. Еріктілер тілдерін жетілдіре түсу үшін алғашқы алты айда қазақстандық отбасыларда тұрады. Оқытушылар базарда, автобуста, үй-ішінде алғашқы қажеттілікке қолданылатын сөздерді үйретеді. Бұл әдіс әлемде кеңінен тараған ағылшын тілін үйрету тәжірибесі негізінде құрылған. Бейбітшілік корпусы мұғалімдері ұжымы Speaking of Survival , яғни «Өмір сүруге қажетті әңгіме» атты оқулық жазып шығарған. Бұл оқулықты қазір Индиана мемлекеттік университетіндегі қазақ тілін оқыту бөлімі де қолданатын көрінеді. Оқытушы Салтанат Ақтамберлинова «әдіс өз алдына, мұндай жетістіктің басты себебі, оқушылардың қызығушылығында» деген пікірде.
63 еріктінің 14-і қазақ тілін, қалғандары орыс тілін үйренген. Еріктілерге тіл таңдап берген Бейбітшілік корпусы қызметкерлерінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясына берген бағасы осындай болса керек.
Жиынға қатысқан Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесінің басшы және педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институты өкілі Евгения Өмірқұлова еріктілердің ағылшын тілін үйретудегі үлесін жақсы бағалады. Дәл осы әдіспен ағылшынша мүлдем білмейтін оқытушылар 2,5 айда тіл сындырып жүрген көрінеді. Қателерге көңіл бөлмей, тіл ашуды мақсат тұтатын әдісті мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету ісінде қолданса жөн тәрізді.
Еріктілердің жақсы жұмысы мен орнықты өмірін тастап, өзге елге баратыны, ересек адамдардың бөтен отбасында өмір сүретіні біз үшін тосын, түсініксіз нәрсе. Олардың бірі қазақ тілін болашақ карьерасына қолдануды мақсат тұтса, кейбірі шытырман оқиға мен саяхат іздеп жүрген жандар. Екі жыл Жезқазғанда тұрып, еліне қайтқалы отырған Роберт Брюер магистратураға түсіп, болашақта дипломат болғысы келеді. АҚШ-та еріктілер сапында болғандарға дипломатиялық соқпақ кеңінен ашылады. АҚШ елшісі Ричард Хоугланд та кезінде Африкада ерікті болып қызмет атқарыпты. Сол кезде жыртық джинсымен, сақал-мұрты өсіп кеткен кейпін көріп, америкалық дипломат: «Сіз ешқашан елші бола алмайсыз!» деген екен. Ол сияқты емес Хоугланд мырза еріктілерге «дипломат болуларың әбден мүмкін» деп қолдау көрсетіп, «бірақ мейрамхана, ойын-сауық орындарына барғанда өздеріңізді дұрыс ұстаңыздар» деп ескертті.
Биыл бюджеттен қазақ тілі қолданысын кеңейтуге 5 миллиард 66 миллион теңге бөлінді. Былтыр 5 миллиард теңге бөлінген болатын. Бұл қаржы тіл оқытудың шетелдік тәжірибесін игеру, прокуратура, Қарулы күштер және құқыққорғау орындарында мемлекеттік тілдің қолданысын нығайту, Қазтест әдісін жетілдіру , балаларға арналған анимациялық және көркем фильм түсіруге, әлеуметтік зерттеу жүргізуге бағытталуы тиіс еді. Қағаз түрінде бәрі жақсы. Алайда мемлекеттік қызметкерлерге арналған курстарға барып қазақша сөйлеп кеткен адамды көрген жоқпыз.
Президент жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қоры президенті Берік Әбдіғалиев «Курстарда үйренген күннің өзінде, мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін жұмысында қолдана алмайды, мәселе тілдің қолданыс аясының тарлығында болып тұр»–, деген пікірде.Сонымен, мемлекеттік тілде сөйлей бастағандар да аз, оны қолданатын кеңсе де жоқ.Бұл салықтөлеушілердің 5 миллиард теңгесін алып отырған тіл комитеті жұмысының тиімсіздігін көрсетсе керек.
1961 жылы АҚШ президенті Джон Кеннеди негізін қалаған Бейбітшілік корпусы өзін саяси және діни мақсатты көздемейтін үйым ретінде бағалайды. Бүгінге дейін 182 мың америкалық 73 елге барып қайтқан. 1993 жылдан бері Қазақстанда еріктілердің 20 тобы жұмыс істепті.
Льюис Ричардс, 61 жаста:
— АҚШ-та менің өз бизнесім, жылына 40 000 доллар табысым болды. Бірақ маған ақша бірінші орында емес. Әйелім екеуіміз ажырасып кеткенбіз, балаларым да ержетті, алты немерем бар. Отбасым алдында міндетім қалмаған соң, арманымды жүзеге асыратын кез келді деп түйдім. Ел танып, жер көрсем деймін. Құрама Штаттарға қайтқанда орыс тілін орыс мейрамханалары мен фестивальдерінен өзге жерде қолдана қоймаспын.
Сюзан, 65 жаста:
— Мен пилот болып жұмыс істедім, 90 адамдық ұшақтар жүргіздім. Кейіннен авиациялық білім беру орталығында істедім. Мен Бейбітшілік корпусы сапында Қазақстанға кетем дегенде ұлым, 96 жастағы анам қатты қуанды.
Роберт Брюер, 24 жаста:
— Қазақ тілін үйренгеніммен Жезқазғанда көшеде орысша сөйлеуге де тура келді. Қазақ тілін ұмытып қалмау үшін АҚШ-қа барғанда блог ашып аламын. Болашақта елші болғым келеді, мүмкін Қазақстандағы елшілікте істермін.