Өздерің білер Нартаймын!..
Мені де еске алатын табылар жан,
Егер де табылмаса, қалар маржан.
Артымда өлең, әнім өлмей қалса,
Мен де бір жан болармын бағы жанған, – деген екен қазақтың суырыпсалма, төкпе ақыны, әншілік, жыршылық өнердің үздік шебері Нартай Бекежанов. Сенбі-жексенбі күндері елорда төрінде «Өздерің білер Нартаймын!» атты әнші-жыршылар байқауы өтті. Міне, осының өзі жыршының әні мен өлеңінің өлмегеніне, Нартайды еске алатын жұртының барына дәлел болса керек. Ендеше, ақынның «бағы жанған» дегені осы емес пе?!
Игі шараны ұйымдастырушылар Шиелі ауданының әкімдігі екен. Яғни Нартай Бекежановтың туған жері. Ал аталмыш шараның республикалық деңгейде өтуіне Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсеткен.
Нартай Бекежанов – қазақ даласына сырнай сазын сіңірген тұлға. Сыр сүлейінің көзі тірісінде орындаған өлең-жырлары таспаға басылып қалмаса да, ел аузында сақталып келеді. Бір қуантарлығы – бабадан қалған мұраны жалғастырушылар қатары жыл сайын өсіп келеді. Астанада өткен республикалық байқаудың өзіне 30 шақты өнерпаз қатысты. Бас жүлденің иегері – Нартайдың сарынымен сырнайынан саз төгілтіп жүрген, көмейіне бұлбұл ұялаған Клара Төленбаева.
Нартай ізбасарларының жыл санап көбейіп келе жатқанына Клара Төленбаева да қуанулы. «Алғашқы кездері осындай ән-жыр байқауларына сырнаймен қатысатындар өте аз еді. Көбі домбырамен орындайтын. Өзім мұндай байқауға алғаш рет студент кезімде қатысқанымда жалғыз ғана сырнайшы болатынмын. Енді міне, бұл байқауға 30 шақты адамның сырнаймен қатысып отырғанын көріп отырмыз, сонысы қуантады», – дейді Клара Төленбаева.
Байқауға қатысушылар екі күнге созылған додада ХІХ-ХХ ғасырдың жыр жақұттары – Нартай Бекежанұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Кенен Әзірбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлының шығармаларынан шашу шашты.
Бұған дейін мұндай байқау тек Шиелі ауданында ғана өтіп келген екен. Енді міне жыр дүлдүлінің байқауы республика деңгейіне танылып отыр. Бұған Шиелі ауданының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатты риза болып отыр.
О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай!
Жамбыл ЖАБАЕВ, ақын
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі:
– Бұл байқау 2010 жылы біздің ауданда Нартай Бекежановтың 120 жылдығында өткен болатын. Сол 120 жылдығында бастау алған байқауға барлық облыстан әнші-жыршылар қатысатын. Енді, міне, байқау Астана қаласында өтіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.