Өзгенің әдебиетін аударғаннан шаршаған жоқпыз ба?
Әдетте, біз қазақ әдебиетінің әлеуеті туралы әңгіме өрбіткенде, «мұрнымыз көкке шаншылып» тұрып мақтанатынымыз бар. Бұлай дейтін себебіміз де жоқ емес. Тамырын тереңнен тартқан қабырғалы қазақ әдебиеті қашанда талантты қаламгерлер мен мықты да мазмұнды шығармалардан кенде болып көрген емес.
Алайда сол ауыз толтырып айтатын әдебиетімізді өзімізге және өзгелерге қаншалықты мойындата алып отырмыз? Бүгінгідей ақпараттық технологияларға бет бұрған заманда, қазақ қоғамы өз қаламгерлерінің шығармаларымен қаншалықты таныс? Осы біз өз жазушыларымызды оқымайтындай күйге түсіп бара жатқан жоқпыз ба? Рас, қазір заман құбылды, бұрынғы құндылықтардың орны алмасып, жалпы әдебиетке деген жалпы көзқарас та өзгерді. Әлемдік әдеби процестер болса жаңа заманға бейімделіп, қарыштап дами бастады. Соның ықпалынан біздегі кітап нарығын көршілес Ресей мен батыстың әдебиеті барынша жаулап алды. Бұған қоса, интернет сияқты заманауи технологиялардың көмегімен өзге жұрттар өздерінің әдебиеттерімен қазақ баласының санасын жаулауға кірісіп кетті. Әлдебір алапат күшке ие осындай сыртқы әдеби экспансияға қарсы тұрарлықтай бізде нендей қауқар бар? Қалай болғанда да, «шабуылға шабуылмен» жауап беруден басқа амал жоқ сияқты. Ал ол үшін шетел әдебиетінің қазақ тіліне емес, төл әдебиетіміздің өзге тілдерге аударылуына салмақты күш салу қажет. Бұл іске қатардағы баспалар ғана емес, мемлекеттің өзі тікелей мүдделі болуы қажет. Кезіндегі кеңес өкіметі тұсында көркем әдеби аударма саласы жүйелі түрде дамыды. Бұл бірінші кезекте кеңес идеологиясының оңтайлы пиары үшін аса қажет болды. Осы тұста «Қазақ кеңес әдебиетіне» жеткілікті дәрежеде көңіл де, қаржы да бөлінді. Әсіресе қызыл идеологияны өзек етіп алған туындылар бірінші кезекте дәріптеліп, алдымен орыс тіліне, содан соң басқа да бірнеше әлем тілдеріне аударыла бастады. Мұнымен қатар әлемдік әдебиетте орны бар шетел жазушыларының еңбектері орыс, қазақ тілдеріне көптеп аударылды. Десек те, осы бір жоспарлы жұмыстар әдебиетіміздің белгілі бір дәрежеде өсіп-өркендеуіне де қызмет етті. Әдеби аударманың арқасында қазақ жазушыларының есімі өзге елдің оқырманына да таныс бола бастады. Бірақ шетелге шығармасы аударылған қазақ қаламгері, негізінен, «кеңес жазушысы» ретінде танылатын. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңес өкіметінің «қамқорлығындағы» қазақ әдебиеті баспа ісі мен аударма саласына қатысты біраз игіліктерден айырылып қалды. Есесіне ұлт әдебиеті қызыл құрсаудан босап, азат ойдың кеңістігіне шығып кетті. Төл әдебиетіміз үшін ең басты жетістік осы болды. Ендігі кезекте бізді ұлттық әдебиеттің жаңаша бағытта дамып келе жатқан үрдісіне тың серпін беріп, оның әлеуетін әлемдік масштабта насихаттау мәселесі алаңдатуы тиіс.
Бізді мына бір құбылыс қынжылтады: мысалы, кез келген қазақ баласы шетел жазушыларының есімдерімен жақсы таныс және олардың кейбір шығармаларын біледі. Мұның бірден-бір себебі – өзгелердің біздің тілге көп аударылуында. Оның үстіне бүгінде батыста мықты дамыған «әдеби агенттіктер» өз қаламгерлерінің жазған-сызғандарын бірінші кезекте сыртқа жарнамалауға мүдделі. Өйткені көптеген өркениетті елдер әдебиетті әлдеқашан табыс көзіне айналдырып үлгерген. Осы тұрғыдан алғанда, көркем аударма әдебиеттің қозғаушы күшіне айналып отыр десек те болады. Ал бізде ше?.. Бізде қазақ тіліндегі таңдаулы туындыларды әлем тілдерінде сөйлету жағы тіпті төмен деңгейде. Аударма саласына мемлекет азғана ақша бөлгендей болады. Оның өзінде ол қаржының жартысынан көбі қайтадан сол шетел әдебиетін қазақшалауға жұмсалады. Бұған қоса, көркем аударманы меңгерген, әдебиетпен жақсы таныс тәжірибелі тіл мамандарына тапшылық жағы тағы бар. Егер де осы сөзімізді теріске шығарғысы келетін жауапты адамдар болса, бізге хабарласып, айтар уәжін ортаға салсын! Бірақ ақиқатын айту керек қой, жоғарыда отырғандардан қазіргі қазақ әдебиетін әлемге танытқысы келіп отырған жанашыр жандарды көріп отырған жоқпыз. Қазіргі кезде бізде аударма әдебиетпен айналысатын бір ғана баспа бар екен. Оның өзі де – жекеменшік баспа. Осы баспада «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша 2004 жылдан бері әлем классиктерінің туындылары қазақ тілінде жарық көріп келеді. Осы жылдарда орыс, француз, жапон, ағылшын және Латын Америкасы елдері қаламгерлерінің бірқатар шығармалары төл тілімізге аударылып, оқырманға ұсынылды. Міне, осындай мазмұндағы деректерге көзіміз түскенде, тағы бір мәрте «әттеген-айлап» қалғанымызды жасырмаймыз. Осы ретте, «неге біз өзгелерді қазақшалағаннан шаршамаймыз» дегің келеді. Алдағы жылдарда «Аударма» баспасы қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару ісін жетілдіре түссе деген талап-тілегіміз бар. Әйтсе де баспаның қолында тұрған ештеңе жоқ. Біздіңше, дәл осы мәселені мемлекет өз қарамағына алу керек сияқты.
Бір пікір
Жібек БОЛТАНОВА, «Аударма» баспасының директоры:
– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әлсіз саланың бірі – көркем аударма. Дегенмен осы бағыттағы жұмыстар баяу болса да жүзеге асырылып келеді. Осы орайда «Аударма» баспасының атқарып отырған жұмыстары да аз емес. Біз, негізінен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейміз. Сондықтан да ең алдымен мемлекеттік тапсырыстар тізіміне енген кітаптарды аударумен айналысамыз. Бұған дейін шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауға негізгі басымдық беріліп келсе, ендігі кезекте біз өз тарапымыздан өз қаламгерлеріміздің өзге тілдерге аударылуына ден қоя бастадық. Бірақ аударма ісінің машақаты мол болғандықтан, біз аудармашы мамандарға зәру болып отырмыз. Бір қарағанда, қазір бір емес, бірнеше шет тілін еркін меңгерген жастар көп. Алайда олардың дені әдеби-көркем аудармаға келгенде, қабілет-қарымдары жеткіліксіз болып жатады. Басқа-басқа, бізде тіпті төл әдебиетімізді орыс тіліне сауатты аударатын да мамандар аз. Кейбір авторларымыздың аудармаларының сапасы төмен болып жатады. Біз әрбір аударылған шығарманың нұсқасын алдымен әдебиетшілерден құралған сарапшылардың, редакторлардың сынынан өткізіп аламыз. Сол үшін де біз, негізінен, шет тілдерін оқытатын бірқатар жоғары оқу орындарының мамандарымен және белгілі тәржімашы қаламгерлермен арнайы келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Бүгінгі күні біз ағылшын, орыс, түрік, қытай, жапон, поляк тілдерінің білгірлерімен бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Ал аударма кітаптың таралымы небәрі 3000 дананы құрайды. Сондықтан жұмысымызды бұдан да ұлғайтуымыз үшін бізге әлі де болса қаржы жағынан, білікті аудармашы мамандар тарапынан қолдау керек-ақ...