Өзгенің сахнасынан өзіміздің дүниелерге орын бар ма?
Былтырғы жылдың қазан айында Баку қаласында дүниежүзiнiң театр қайраткерлерi қатысқан «ХХI ғасырдағы театр және оның келелi мәселелерi» атты үлкен конференция өттi. Оған АҚШ, Жапония, Қытай, Италия, Германия, Корея, Испания бастаған әлемнiң 64 елiнен театр өнерiнiң өкiлдерi қатысты. Бұрынғы одақтық мемлекеттерден Қазақстан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Ресей және Балтық жағалауы елдерi болды. Қазақстан атынан сөз сөйлеген режиссер Есмұқан Обаев мырза шетелдіктерді: «Әлемде алты тiлде сөйлейтiн театрлары бар жалғыз ғана ел – Қазақстан. Бүгiнде Қазақстанда қазақ, орыс, кәрiс, немiс, ұйғыр, өзбек театрлары жұмыс iстейдi», – деген пікірімен таңғалдырыпты. Көп ұлтты мемлекет үшін өзге ұлт театрларының болуы заңды да. Әйткенмен бұл театрлар қазақтың классикалық туындыларын, жалпы қазақ драматургтерінің шығармаларын қаншалықты сахналап жатыр?
Елбасы 130-дан астам ұлт пен ұлыс тұратын елде өзге ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуға барынша еркіндік берді. Қазақтың ұлттық музыканттары, әнші-күйшілерге арналған арнайы орталық, сахна болмаса да, өзге ұлттардың жеке-жеке мәдени орталықтары баршылық. Сірә, олардың бізге өкпесі жоқ шығар... Қанатын тұңғыш Батыс Еуропада жайған театр өнері әлемдік классикалық туындыларсыз өтпейді. Дүниежүзі бойынша қалыптасқан қағида бойынша, У.Шекспир, Данте, Петрарка, Сервантестің туындылары ел қаласын, қаламасын, жер жүзі адамдары мойындаған классика болып қала бермек. Кез келген сахнадан түспейтін де – осы авторлардың шығармалары. Қазақ халқының да ұлттық бет-бейнесін айшықтайтын классикасына айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Абай», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» сынды шығармалар бар. Қазақы пайыммен аударылған әлемдік туындылар да аз емес. Қазақтың классикалық шығармаларын бұрындары көрсетіп жүрген өзге ұлт театрларының кейбірі соңғы уақытта қазақ драматургтерінің спектакльдерін көрсетпей кетті. Лермонтов атындағы орыс театры биыл ғана Д.Исабеков пен Қ.Мұхамеджанов, Е.Аманшаевтың шығармаларын көрсете бастаса, Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры Д.Исабековтің «Наследники» («Мұрагерлер») драмасын қойып, қуантты. Ұйғыр театры Ә.Таразидің «Махамбет», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», У.Гаджибековтің «Аршын мал алан», Ә.Оразбековтің «Бір түп алма», И.Зайниевтің «Нәресте», Н.Махмудованың «Құдалар» сияқты қазақ, өзбек, татар драмаларымен көрерменін көзайым етуде.
Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор:
«Тахауи Ахтанов, Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтерді ақтарып, қопарса, өзге ұлт театрларына қоятын дүние әлі де табылатын еді. Дайын пьеса күнде туа бермейді. Әуезовтің «Абай», «Айман-Шолпанынан» басқа пьесалар жүріп жатқан жоқ. Барымен базар бола бермей, мысалға, «Қобыланды», «Түнгі сарын» неге соларда жүріп жатпайды?! Островскийдің, Гогольдің пьесалары ежелгі дағдымен жазылған. Өзге ұлт театрлары дайын нәрсе қойғысы келеді. Драматургпен жұмыс істеу, басқа да жұмыстары бар, барлығы жалқаулыққа келіп тіреледі. Жастардың тақырыбында, жастардың тағдырына қатысты жазған Оралхай Бөкей, Қажығұмар Шабдан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» неге сахнаға лайықтамасқа?! Тұтас романдарды алу оңай емес, соның ішінен талдап, талғап алса... Комедияны трагедия қылып, трагедияны комедия қылып жіберуге болады, оның барлығы сахнагерлердің шеберлігіне байланысты. Қазақ драматургтерінің шығармасын мүлдем қоймайды дей алмаймыз. М.Лермонтов театры – Дулат Исабековтің, өзбек театры Еркін Жуасбектің шығармаларын қойып жатыр».
Есмұхан ОБАЕВ, ҚР Халық әртiсi, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық драма театрының директоры:
«Әуезов театры күні кеше Түркиядан гастрольдік сапардан келдік. Басқа да шетелдерге барып, әлемдік, қазақ классикасын қойып жатырмыз. Ресейдің театрлары да Қазақстанның Әуезов, Мүсірепов театрларында Қалтай Мұхамеджановтың шығармасын қойып жатыр. Биыл Лермонтов театры Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуін» қойса, бұрын «Абайды», «Қозы Көрпешті» қойған. Батыс Еуропа шығармаларын, Шекспирді әлем қояды. Неге? Одан асқан, одан дарынды драматург жоқ. Классикалық туындылармен өсу керек. Қарабайды, Қозыны қашанғы ойнай береді?! Дүниежүзілік классикадағы Гамлетті, Ромео – Джульеттаны, Отеллоны ойнамаса, Король Лирді ойнамаса, қалай өспек?! Көрермен бес жылдан бері қойылып жүрген классикалық туынды – «Ромео мен Джульеттаға» аншлагпен келеді. Тек қана қазақты қоямыз, басқаны қоймаймыз деген дұрыс емес. Актер үшін де, режиссер үшін де классиканы қою – үлкен мектеп. Әуезовті, Мүсіреповті қойып жатыр. Өмір бақи бір орында тұрып қалып, сол пьесаларды қайталай берудің қажеті жоқ. Мысалға, Әуезов театрының репертуарында 34 шығарма болса, соның 10-ы ғана – классика, қалғаны – бүгінгі күннің аудармалары. Аудармалардан, мысалға, қырғыздан неге біз Айтматовты қоймаймыз?! Ал орыс театрлары қазақ елінде тұрған соң, қазақ көрермені бар болған соң, қазақ драматургиясын қоюға міндетті. Ал 40-жылдардан бері сахналанып келе жатқан «Абай» қазақтың классикалық туындысы болып қала береді. Өзіміздің ұлттық классикамыз сахнадан ешқашан түспейді».
P.S.
Дүниежүзінің театр қайраткерлері кеңес дәуірінде жиі бас қосып, араласып тұратын. Былтыр Бакуда өткен театр майталмандарының І халықаралық конференциясында сахнагерлер екі жылда бір бас қосып тұруға бел байлапты. Әр елдiң драматургтерi бiр-бiрiнiң пьесасын сахналаса, әлем театрлары қайраткерлерiнің бiр-бiрiмен тәжiрибе алмасу қажеттігі сөз болған келелі отырыс жалғасын табар болса, отандық ұлттық театр жанашырлары қазақтың классикалық туындыларын әлі-ақ әлем сахнасына шығарады. Солай боларына сенейік!