Өзін-өзі тапқан әнші – ең бақытты әнші
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:
31 қазан күні сағат 18:30-да Алматыдағы Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония залында дәстүрлі ән өнерінің өкілі, талантты әнші, бірнеше республикалық, Халықаралық байқаудың лауреаты Ерлан Рысқалидың жеке ән кеші өтеді.
– Ерлан, жуырда ғана Ресейдің Бурятия еліне барып, жеке концерт пен күйден шеберлік сабақтарын беріп қайтыпсыз...
– Иә, Бурятияның Улан-удэ қаласында өткен «Еуразия дауыстары» атты халықаралық фестивальға қатысып қайттым. Фестиваль аясында дүниежүзі халықтарының ұлттық музыкасының проблемалары көтерілген конференция, әр елден келген өнерпаздардың 45 минуттық жеке концерттері мен ұстаздардың шеберлік сыныптары өтті. Қазақ елінің атынан жалғыз өзім барғандықтан, әнді де айттым, ұстаз ретінде шеберлік сыныбын да бергенім рас. «Еуразия дауыстары» ұлттық музыканттар арасындағы әлемге кеңінен танымал, атышулы фестиваль екен. Оны ғаламтордан оқып біліп, барғанда анық көз жеткіздім. Біз одан бейхабар екенбіз. Маған ұсыныс жасаған Әсия Мұхамбетова мен Гүлзада Омаровадай музыкатанушы ғалымдар болды. Дәстүрлі әнімізді өзге елге паш ететін осы сынды фестиваль, конкурстар туралы біздің Мәдениет және ақпарат министрлігі хабардар етіп, өнерпаздарды жіберіп отырса, музыканттың кәсіби деңгейінің өсуіне әсер етер еді. Біздің ұлттық классикалық дүниелерімізге деген көзқарасымыз әлі де болса оңалмай тұр. Мені «дәстүрлі әншілердің концертіне билет жетпей қалып, аншлагпен өтетін күн қашан туар екен?» деген ой мазалайды кейде.
– Соңғы үш жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясында дәстүрлі әннен сабақ беріп келесіз. Өз шәкірттеріңіз де жетерлік, басқа ниет білдірушілерге ән үйретесіз бе?
– Құдайға шүкір, жеті шәкіртім бар. Олардан бөлек, өзге оқу орнында оқитын жас әншілер де баршылық. Ешкімнің бетін қайтарғым келмейді. «Қазақтың әнін үйренем» деген қаракөздің бетін қайтаруға менің хақым да жоқ. Олар керемет әнші боп кетпесе де, ертеңгі күні әнді дұрыс үйрететін ұстаз, құрығанда, қадірін білетін тыңдаушы болуы тиіс. Өз шәкірттерімнің ішінде дәстүрлі әнді мүлдем білмей, түсінбей, келер жылы актерлік, эстрадалық вокалға ауысуды ойлап, «ең бастысы, грантқа түссем болды» деп келгендері қаншама. Мен оларға бірден дәстүрлі әндерді үйретпеймін. Себебі бұрын дәстүрлі әнді орындамаған, домбырамен жеңіл әнді ғана айтып жүргендер үшін қағысы, орындалу ерекшелігі күрделі дәстүрлі ән қиынға соғады. Олардың дауысын қою қажет. Бірақ әнді жете түсінбейінше, «әнші болам» деу – бос әурешілік. Сол себепті студент әнді толық түсініп, ұлттық музыкаға деген махаббаты туғанша, бірнеше сабақ ән туралы дәріс оқимын. Жүсіпбек Елебековтің өзі шәкірттеріне әуелі ән туралы кітаптар мен шығармалар оқытқан екен. Дәстүрлі әнді жаттап алып орындау аздық етеді. Сал-серілердің тағдырын өз басыңнан кешкендей, жан дүниеңмен сезініп, түсініп айтпасаң, әнде мағына, әншіде тыңдаушы болмайды. Қазір «өзге мамандыққа ауысамын» деген шәкірттерімнің кеткісі жоқ, мықты дәстүрлі әнші болғысы келеді. Армандары асқақ, көп әнді бірден үйреніп алғысы келеді. Бірақ толыққанды әнші болып қалыптасу үшін, әрине, уақыт керек.
– Шәкірттеріңізді ән байқауларына қосып, еңбегіңіздің жемісін көріп жатқан боларсыз?
– Өз шәкірттерім биыл бірінші рет байқауға қатысты. Жақында ғана Қарағандыда өткен Ж.Елебеков атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауында Біржан Бәзілжанов есімді шәкіртім дипломант атанды. Ал тікелей менде оқымағанымен, әннен сабақ алып жүрген Жақсыкелді Маясаров осы жарыстың бас жүлдесін иеленсе, Жасұлан Мұсағалиев А.Сейдімбеков атындағы арнайы сыйлықты қанжығасына байлады.
– Студенттерге әннің табиғатын түсіндіру үшін алдымен ән туралы дәріс оқитындығыңызды айттыңыз. Өзіңіз әншіліктің қыр-сырын қаншалықты меңгеріп, түсіндім деп айта аласыз?
– Осы уақытқа дейін осы сұрақты өз-өзіме қойып келдім. Әншіліктің қыр-сырын толық игердім бе? Әнді дұрыс айтып жүрмін бе? Сұрақтарға жауапты бертін келе таптым. Қанша жерден халықтың сүйікті әншісіне айналып, сахнада халықтың табан астында сұраған әнін шырқасам да, көкейімді тескен сұрақтар көлденең тартып тұратын. Өзіңіз білесіз, менің ән айту мәнерімді тыңдаушы біраз уақытқа дейін Бекболат ағаға ұқсатты. Дәл қазір ешкімге ұқсамаймын, бірінші – Алла, екіншіден, тынымсыз дайындалғанның арқасында өзімді-өзім таптым деп айта аламын. Мұны кез келген адам байқамауы мүмкін. Ән мен әншінің жанын түсінген адам, кәсіби музыканттар ғана тани алады. Еркеғали Рахмадиев ағамыздың осы уақытқа дейін айтқан әніме көңілі толмай келді. Осы жазда тыңдап, риза болып, батасы мен ақыл-кеңесін берді. Өзін-өзі тапқан әнші – ең бақытты әнші.
– Былтыр күзде берген концертіңізде орындайтын әндеріңізден мәлімет беріп, тарихын баяндап отырдыңыз. Бұл жолы қалай болмақ?
– Әннің тарихын айтып, тыңдаушы білуге тиіс мағлұматтарды әңгімелеп отыру – кешімнің басты мақсаты. Жәнібек Кәрменов бастаған игі дәстүрді жалғауды парызым деп білемін. Онсыз да тыңдаушыға жарымай жүрген дәстүрлі ән мен күйге мұндай көмек қажет. Біз «қазақтың әні мен күйін сүйіп тыңдамайды» деп жастарды жазғырамыз. Бәлкім, олар ән мен күй туралы түсінігі аз болғандықтан, тыңдамайтын болар. Ұлттық мұрамызды тыңдата білу – өнерпаздардың, ақпарат құралдарының ғана міндеті емес. Бала тәрбиелеп отырған ата-ананың да міндеті. Ұяда тыңдаған музыка құлақтан еш уақытта кетпейді. Сондықтан мен баба аманатын арқалап жүрген соң, әнімді айтып қана қоймай, қазақтың әнін зерттеп білуге, білгенімді тыңдаушыға айтуға міндеттімін. Менің концертімнен шыққан әр адам, ең болмаса бір әнге қатысты бір тың мағлұматты көкейіне түйіп қайтса, қазақ өнері үшін қосқан үлесім сол болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет. Қазақтың ән өнеріне талмай еңбек ете беріңіз. Кешіңіз табысты өтсін!
– Әумин!