ПЕН-клуб үздіктерін анықтады
Жексенбі күні Алматыдағы Достық үйінде Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Еліміздің зиялы қаламгерлер қауымы және мәдениет пен өнер саңлақтарының басын қосқан мерейтойлық жиын барысында бірқатар ақын-жазушыға аталған шығармашылық ұйымның беделді марапаттары мен арнайы шығармашылық сыйақылары табыс етілді.
Қазақтың көрнекті қаламгері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов негізін қалап, басшылық ететін Қазақ ПЕН-клубы осы уақытқа дейін ұлттық көркем әдебиеттің заманға сай қалыптасып дамуына айтарлықтай ықпал жасап келеді. Еркін сұхбат пен пікіралмасу түрінде ұйымдастырылған салтанатты жиын басында Ә.Нұрпейісов құттықтау сөз сөйлеп, аталған клубтың құрылу тарихы мен 20 жылда атқарған іс-шараларына қысқаша шолу жасап, әдебиет туралы көркем ойларын ортаға салды.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған көрнекті жазушы Смағұл Елубай клуб мүшелерінің шығармашылық потенциалының жоғары деңгейде екендігін тілге тиек етіп, ұйымның дәстүрлі сыйақылары мен ескерткіш белгілері иелерін және ерекше атап өтуге тұрарлық лауреаттар тізімін жария етті. Биыл ұйымның атқарушы органының шешімімен еларалық рухани қарым-қатынастардың жандануына айрықша үлес қосып, әдебиет саласында сіңірген еңбегі үшін ресейлік көрнекті әдебиетші, жазушы-аудармашы Николай Анастасьевке Михаил Дудин атындағы орден тапсырылды. Н.Анастасьев өз еңбектерінің бір парасына қазақ ақын-жазушыларының, оның ішінде Ұлы Абайдың және заманымыздың шебер суреткері Мұхтар Әуезов өмірі мен шығармашылығын арқау еткен. Сонымен қатар белгілі жазушы, публицист Бигелді Ғабдуллинге орыс тілінде жазылған «Великое кочевье» («Ұлы көш») тарихи роман-эссесі үшін ПЕН-клубтың М.Әуезов атындағы медалі қомақты сыйақысымен бірге табыс етілді. «Ұлы көш» авторына да сыйлықты ұйым төрағасының өзі тапсырды.
Мерекелік жиынның басты оқиғасының бірі – ұйым төрағасы, қабырғалы қазақ қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталуы. Үкіметтің қаулысымен жаңа тағайындалған бұл сыйлықты Әбекеңе ПЕН-клубтың 20 жылдық мерейтойына арнайы келген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі, әдебиет пен өнер жанашыры Дархан Мыңбай табыс етіп, құттықтау сөз сөйледі.
Дархан Мыңбай, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Қазіргі нарық жағдайында елімізде үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар қатары көбейіп келеді. Олардың көбінің аты бар да, заты жоқ. Дегенмен, шын мәнінде, өз бағыттары бойынша жұмыстарын жолға қойып, нәтижелі істерге қол жеткізіп келе жатқан ұйымдар аз да болса бар. Солардың ішінде Қазақ ПЕН-клубының атқарып жүрген жұмыстарына жоғары баға беруге болады. Жалпы, кез келген мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға белгілі бір дәрежеде қолдау білдіріп отыруы қажет. Өйткені мемлекеттің дер кезінде атқара алмай жатқан кейбір істерін осындай қоғамдық ұйымдар өз мойнына алып жатады. Қалай десек те, мемлекет бірінші кезекте әдебиет, руханият, өнер мәселелерін арқау етіп, жазушы мен өнер адамының мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымдардың дұрыс жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар туғызуымыз қажет. Қолына қалам ұстаған жандардың сөздері арқылы біз ұлттық тұрғыда ойлай алатын жас ұрпақты тәрбиелеп, жалпы, халықтың рухани санасын жетілдіре түспекпіз.
Осы сыйлықтарды тапсыру рәсімінен кейін клубтың өткен жылдарда кейбір мүшелеріне белгілі бір себептермен берілмей қалған М.Әуезов атындағы медаль мен сыйақылар табыс етілді. Олардың арасында марқұм Зейнолла Қабдоловтың жары Сәуле Қабдолова, Төлен Әбдіков, Шериаздан Елеукенов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай сынды көрнекті қаламгерлер бар. Бұдан соң ұйымның өзінің кейбір мүшелеріне тағайындайтын арнаулы стипендияларының биылғы иегерлері – Адольф Арцишевский, Қажығали Мұхамбетқалиев, Сейдахмет Құттықадам, Сатыбалды Нарымбетов, Қуандық Түменбай, Сұлтанәлі Балғабай, Бақытжан Қанапиянов, Анатолий Ким, Аслан Жақсылықов, Ислам Жеменей, Үміт Тәжікенова, Дидар Амантай, Амангелді Кеңшілікұлы сынды белгілі ақын-жазушылар мен мәскеулік қаламгер Евгений Сидоровты марапаттады.