ПОЙЫЗ ТЕРБЕТКЕН ӘН «ЖАС ЖҰБАЙЛАР» ӘНІ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

ПОЙЫЗ ТЕРБЕТКЕН ӘН «ЖАС ЖҰБАЙЛАР» ӘНІ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Суретте: ҚазМУ-дің 3-ші және 4-ші курс студенттері Сейтхан Зеберханұлы, Бекжігіт Сердәлі және Досберген Қапасов Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасындағы» өндірістік тәжірибе кезінде. Ортада тұрған апайымыз «Көкшетау правдасының» тілшісі Роза Нарымбетова. 1984 жыл. Көкшетау қаласы.

 

(ЭССЕ)
Алматы-Петропавл пойызының жүруіне әлі жарты сағаттай уақыт бар еді. Вокзал маңы ығы-жығы халық. Маусым айының ортасы ауса да айнала көк желекке оранып, ару қала реңін бермей тұр. Көңіліміз де көтеріңкі. Оның себептері де жоқ емес. Біріншіден, Алматының қарашаңырақ оқу орны КазГУ-дің журналистика факультетінің осы тұрған студенттері күні кеше ғана соңғы емтихандарымызды тапсырдық. Үшінші курсқа көштік. Жасыратын несі бар, адам болып, «ақылдырақ» болып жатқан жайымызды біреу білсе де, біреу біле бермеуі мүмкін. Ұстаздарың Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов бастаған профессорлар болса, ақылды болмай, адам болмай көр. Тақырып табылса (ал оның табылмайтын, болмайтын кездері сирек), тарпа бас салып, тулаққа түскен жүндей түтеміз-ай келіп. Тоқтауымыз да қиын еді. Осы тұрған пойыз стансаларға тоқтап, солығын басып, демін алады. Ал біз азды-көпті оқып білгенімізді дәлелдегіміз келіп айтыса кеткенде, ондай стансаларды шаңға көміп кетердейміз.

 

Екіншіден, университеттің дайындық курсында біздер журфактың он жігіті, филфактың жеті қыз, төрт баласы болып жеті-сегіз айдай бір аудиториядан дәріс тыңдағанбыз. Сол кезден бастап біздің топтың серке серісі Құлтөлеу мен филфактың кербез сұлуы Райхан екеуі бірін-бірі ұнатып, бастары түйісіп жүретін. Енді міне, солардың үйлену тойлары Құлтөлеудің ауылы - аузынан түспейтін Ақшатауында өткелі жатыр. Жетінші вагонға жайғасып жатқан жолаушылардың жартысына жуығы да сол біздер сияқтымыз.
 

 

Тойдан кейін облыстық газеттерде өндірістік тәжірибеміз басталады. Оны әләзір ойлап жатуға мына той, той болғанда курстастардың арасындағы алғашқы үйлену тойы мұрша берер емес.
 

 

Пойыз жүріп кетті. Байқаймыз, алынған билеттен адамымыз көп сияқты. Сөйтсек, 2-ші Алматы вокзалындағы шығарып салулар кезінде у-шу болып жүріп, ұмар-жұмар құшақтаса жүріп, жетінші вагонды толтыра беріппіз де. Бұл қылығымызды жолсерік апай онша қоштай қоймағанымен, жол-жөнекей түсіріп кетуге әрекет етпегені есте қалып қойыпты.
Вагон іші көңілді ән, жарасымды әңгіме, әдемі әзіл-қалжыңға толып, кемерінен төгілердей халде. Пойызымыз жүйткіп келеді. Отар стансасы да бұлдырап артта қалды. Қоңыр домбырасын бебеулетіп, Бекжігіт досымыз ән шырқайды. Қалғанымыз оған қосыламыз.
 

 

Негізінен алғанда, тобымыздың туған күн кештері болсын, факультетаралық өнер сайыстары болсын курсымыздың бетке ұстар өнерпаздары Бекжігіт Сердалиев пен Серік Жанболатовтың, Табылды Досымов пен Нұрым Ерғалиевтің, бүгінде дүниені шулатып жүрген Әміржан Қосановтың домбырада, гитарада шырқата салған әндерісіз өтпеуші еді. Нұрым мен Табылды Атырауға (ол кезде Гурьев), Әміржан Қазалысына билет алып қойғандарын айтып, мана вокзалда қалып қойған. Енді міне, бар салмақ Бекжігіт пен Серікке түсіп келеді.
 

 

Шуға жақындағанда есіміз кіріп, боянатын-сыланатыны бар қыздарды оңаша қалдырып, өз купемізге оралдық. Әлгінде ғана көңілді отырған Бекжігіт қана үнсіз күйде. Өзі бірнәрсеге алаңдаулы сияқты.
-Күні бойы сенде де, домбырада да дамыл болған жоқ, Беке. Даусыңды абайла, қарлығып қалып ертең масқара болмайық,- деп қоямыз жан-жақтан жанашырлық танытып.
 

 

-Оны қойшы! Неге шыдамай жүрген тамақ бұл,- деп Бекең айнала түгел шолып өтті де, ендігі сәтте жәй ғана сабырмен:
 

 

-Жігіттер, тойға не сыйлық апарамыз? Ел-жұрт бізді «өнер адамдары келді, болашақ журналистер» деп, қолымызға болмаса да, аузымызға, өнерімізге қарайды ғой. Не істейміз?- деді бізді таң-тамаша қалдырып.
 

 

-Не істегені несі? Тойға таудай болып өзіміз бара жатқан жоқпыз ба!- деп курсымыздың ақсақалы Дәулет Телібаев бір шеттен гүр ете қалған.
 

 

-Бекең дұрыс айтады. Ақша жинасақ болар еді... оған енді,- деп, арғы жағын айта алмай старостамыз Қуаныш Иембердиев күмілжи берген.
 

 

Қалтамыздың жұқарып қалғаны рас. Оның үстіне сессиясын тапсырып, ауылдарына, өндірістік тәжірибесін өткізетін өзге қалаларға асығыс аттанып бара жатқан студенттерде сыйлық алатын қандай қауқар болсын.
Үнсіздікті тағы да Бекжігіт бұзды.
 

 

-Мені осы... күні бойы жаңа әннің әуені бунап келеді. Әннің мәтіні мынау. Жас жұбайларға арналған,- деп Бекең қалтасынан газет қиындысын шығарды. Шетімізден көз жүгіртіп, оқып жатырмыз. Бұл ақын Өтеген Оралбаевтың өлеңі болатын.
 

 

-Тамаша екен...
 

 

-Керемет!
 

 

-Күшті жазылған. Бірақ, бұл өлең ән боламын дегенше, Ақадырдан өтіп кетпейміз бе,- деп даурығамыз.
 

 

-Ән айтып, сыйлық жасайтын болсақ «Той жырын» айтпаймыз ба «Махаббаттың құдірет күші әлдилеп» деп, Дәулет үйреншікті әзіл-шыны аралас қалжыңына басты. «Айтып болдыңдар ма» дегендей Бекжігіт отыр. Реңі манағыдай емес. Салмақтанып, «нар тәуеклге» бел буған адамның кейпінде. Тағы да аңтарылып қалдық.
 

 

-Онда, давай, Беке,- дестік бір кезде,- кіріс ендеше! Шәмші Қалдаяқовтың: «Кел билейік кетпе менің қасымнан, қызғалдағым таң нұрымен ашылған. Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған» деп аталатын атақты әні айналасы жарты сағаттың ішінде шыққан дегенді естуші едік қой,- деп, Бекеңе жағдай жасауға кірістік.
 

 

Ол үшін бір купені Бекжігітке босатып беріп, есікті тарс бекітеміз. Ал, есіктің сыртында Дәулет қарауылдықта тұратын болды. Дәл қазіргі жағдайда біздің серілердің Дәукеңнен басқаға тоқтай қоюы да неғайбыл еді. Ән дайын болғанда іштен белгі берілуі керек. Оған дейін пойыздың темір доңғалағының тарсылынан өңге дыбыстарға тыйым салынды. «Темекі тартатындар – тамбурда, тост айтатындар – жас жұбайлардың купесінде болсын» дестік. Барлығымыз бір ауыздан осы байламға тоқтастық.
 

 

Маңдайы жарқырап, жалғыз көзі түнгі аспанды тіліп, пойызымыз Балқаш көлін бауырға алғанда Бекеңнен де хабар жетті-ау. Купенің есігі ашылып, самайынан аққан терін алақанымен ысырып, Бекжігітіміз көңілді жымияды.
-Кәне, кіріңдер! Тыңдап көріңдерші,- дейді алабұртып. Сөйтті де домбырасын қағып-қағып жіберіп:
 

Ақ қайыңдар төгіліп нұр шашады,

Алаңқайды хош иіс гүл басады.

Алақанға қондырып ақ сәулесін,
 

 

Жас жұбайлар жарасып сырласады,- деп әуелете жөнелді. Одан қайырмасы, екінші куплеті, қайырмасы...
 

 

Ән әуезі жетінші вагонды жайлап алды. Жолаушылардан бір адам «Қойыңдар. Бұларың не? Түн болды ғой» деп ескерту де жасамады. Қайта есіктерін ашып тастап, барлығы да бізге қосылып:
 

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төріне қоныңдар.

Ақ тілек батамыз мінекей,
 

 

Бақытты болыңдар, болыңдар!- деп жатқандай тәтті сезімде, шаттық сенімде, албырт көңілде күй кешіп жатқандай еді.
Ұйқыны да ұмыттық. Ұйықтап жатқандардың өзін оятып аламыз. Бекжігіттің сүйемелдеуімен бірде әннің қайырмасына, бірде түгелдей мәтініне қосыла отырып, «Жас жұбайларды» Сарышағанға жеткенше жаттап та алдық.
Сөйтсек, бұл «Жас жұбайлар» әнінің кіндігі кесіліп, жөргегіне оранып, аяғын апыл-тапыл басып жатқан кезі екен ғой. Сиясы әлі кеппеген, нотасы әлі көктеп үлгермеген пойыз тербеткен әннің алғашқы тыңдаушылары да, хорға салып қосыла айтушылары да біздің курстың 1984 жылғы студенттері болған еді.
 

 

Ақшатауда Құлтөлеу достың тойы да өтті дүркіреп. Мүйіз алақан шахтерлар ауылы әнімізді жылы қабылдады. Атағы аспандап тұрған жоғарғы оқу орнының бүкіл бір курсы көшіп келіп, құйттай бір перзентіне қошемет көрсетіп жатқанымызға елжіреп кетті ме, күс-күс қолды, күрең жүзді шахтерлар кен қопарғандай иықтарымызды бүре түсіп, риза кейіп танытты. Сөйтсек, Құлтөлеуіміз алғашқы еңбек жолын осы шахтадан бастаған екен ғой.
 

 

Ертеңіне Ақшатаудың бір шатқалын жырып, ауыл шетінен ағып өтетін Шет өзеніне басымызды бір-бір тығып алдық та, аттанып кеттік. Алыста жатқан Бұғылы мен Тағылы таулары, Ақсу-Аюлы мен іргедегі Ақжалдың бұйрат қырқалары бізге қол бұлғап қалып бара жатты.
 

 

Пойыз тербеткен әннің шығуы туралы шағын ғана баянымызды осымен тәмамдасақ та болар еді. Егер мына бір жәйт еске түспесе.
 

 

Сол жазда біз өндірістік тәжірибемізді Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде өткіздік. Газет редакторы Жанайдар Мусин Бекжігіт екеуміздің жолдамамызды парақтап шықты да, екеумізге де айлық жалақы белгілеп берді.
«Жасыма достар, жасыма, еңбегі белгі басына. Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына,- деп бұдан көп кейін Кәкімбек Салықов жазғандай, Жанайдар аға өте кішіпейіл, аса қамқор жан екен. Көкөрім жас біздерге тапсырма беріп, мақала жаздырып, оны лездемелерде мақтап, қанаттандырып қоятын. Газеттің сол кездегі бөлім меңгерушілері, күні кеше ғана ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған (2011-2017 ж.ж.) Жабал Ерғалиев, белгілі ақын, жазушы-публицист Қорғанбек Аманжолов ағалар да бізді ысылта түседі. Ақылдарын айтады. Тіпті, «Шымкенттің жігіттері екенсіңдер. Бұл Көкшеге сендер қонақсыңдар ғой» деп үйлеріне шақырып, дардай қылып, дәм татырғандарын қалай ұмытайық енді.
«Көкшетау правдасының» келбеті де, бітімі де бөлек. Қазақ тілінің мәйегін тамызған небір көркем шығармалар, тың өлкесінің перзенттері жайлы сыршыл очерктер мен репортаждар ой салып, оқырманға жол тартып жатады. Соларды оқып, жан сарайымыз ашылып, жазған-сызғандарымызға «жан бітіп» біз де жүреміз. Менің Володар, Еңбекшілдер аудандарынан жазған мақалаларым, Бекжігіттің Қызыл Ту, Зеренді аудандарынан жазған мақалалары ауызға алынып, арқаланып кетеміз кейде.
 

 

Сөйтіп жүргенде белгіленген екі айымыз бітіп, қайтатын болдық. Газет редакторы Жанайдар Мусин кабинетіне шақырып алды. Жабал Ерғалиев пен Қорғанбек Аманжолов та бізбен бірге кірді.
 

-Ал, айналайындар! Құжаттарыңа мөр басып қойдым. Мына ағаларың жақсы мінездемелерін беріпті. Есептеріңді айырысып, жолға қамданыңдар. Қаламдарың ұштала берсін,- деп Жанайдар аға әкеміздей болып, мейірімін төгіп, құшағына қысты. Содан кейін стол тартпасынан өзінің «Тың нұры» деген кітабын шығарып, оған қолтаңбасын қалдырып жатып:
 

-Декандарың Темірбек Қожакеевке менен сәлем айтыңдар,- деген тағы да. Біз «Мақұл, мақұл!» дестік,- дәп бір декан Қожакеев, профессор, ғылым докторы Қожакеев соны бізден сұрай қоятындай-ақ.
 

 

Сол арада Бекжігіттің тапқырлық жасамасы бар ма! Ол әлгінде домбырасын кабинетке ала кірген. Енді сөз кезегі өзіне келгенде:
 

 

-Құрметті ағалар! Бізге берген ақыл-кеңестеріңізге, қамқорлықтарыңызға көп-көп рахмет! Ал енді... осында келердің алдында біздің курстас досымыз үйленіп, оған мен пойызда ән шығарған едім. Соны орындап берейін,- деп домбырасына қол созды.
 

 

Сонымен, біздің пойыз тербеген әніміз «Көкшетау правдасы» мен оған қанаттас жатқан «Степной маяктың» шаңырағында қатар шырқалып, өзімізге қамқорлық жасаған әз ағаларымыздың да батасын алып қайтқан еді.
«Балапанды күзде санайды, шөжекті күнде санайды» демекші, күзге қарай оқуға келсек 5-6 жігітіміз бас құрап үлгеріпті. Ендігі жерде «Жас жұбайлар» әнісіз біздің курста той өтпейтін болып алды. Одан жатақханамыздың бөлмелерінде айтылып, кейін халық арасына кеңінен тарап кетті.
 

 

СӨЗ СОҢЫ: 

 

Профессор ағайымыз, деканымыз Темірбек Қожакеев өндірістік тәжірибесін өткізіп келген студенттердің не жазып, не қойғандарын өзі қарап шығатын әдеті бар екен. Бірде лекция үстінде деканымыз:
 

 

-Әй Құлмаханбетов, әй Сердалиев! Сендер практикаларыңды «Көкшетау правдасында» өткізіпсіңдер. Газеттің редакторы Жанайдар Мусин не айтты?- деді кенеттен. Біз:

-Сізге сәлем айтты,- дедік қосарланып.
 

-Дұрыс!- деді ол кісі қабағы жазылып. Бірақ, деканға пойыз тербеткен ән жөнінде ештеңе дей алмадық. «Өндірістік тәжірибенің уағында той тойлап қайда жүрсіңдер?» деп ұрса ма деп қорықтық. Сонымыз бекер болды ма дейміз кейде.
 

 

ТҮЙІН: 

 

Ән авторы Бекжігіт Сердәлі бүгінде белгілі журналист, сазгер. Түркістандағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры. 12 оқу құралының, 100-ге тарта ғылыми мақалалар мен 15-ке жуық оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Сонымен қатар ол Түркістан, Кентау қалаларының «Құрметті азаматы» да. Елге кең тараған «Неге, неге», «Ауыл жатыр той жасап», «Ерке қайың», «Бесік» т.б. әндерін халық сүйіп тыңдайды.

 

Сейтхан Зеберханұлы,
Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста