Полигон жайлы пайым
Алматыда белгілі ғалым, қоғам қайраткері, қаламгер Нығмет Жотабаевтың «Ядролық сынақтың ұзақ жаңғырығы» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.
Автордың бұл кітабы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Семей ядролық сынағының жабылғанына 20 жыл толуына орай жарық көрді.
Нығмет Жотабаев, публицист:
– Мен өзім Семей өңірінің тумасымын, сондықтан бұл туындымды сондағы ядролық жарылыстардың адам өміріне тигізген зардаптарын өз көзіммен көрген куәгер ретінде жазып отырмын және ол бұрыннан көкейімде жүрген мәселенің бірі еді. Екі жылдай осы шығармаға материал жинадым. Бұл кітапты жазуды мен өзімнің азаматтық борышым деп санадым. Өйткені болашақ ұрпаққа ядролық сынақтың тигізген зардаптары жайында із қалдыру керек болды.
Аталған кітапқа Семей ядролық полигонының ашылу кезеңі, оның адам өміріне тигізген зардаптары және полигонды жабу барысында атқарылған жұмыстардың барысы жайлы мәліметтер енгізілген.
Семей полигоны 1949 жылы ашылып, оның жұмыс істеген уақытында 500-ге жуық жерасты мен жер бетінде ядролық жарылыстар жасалған. Автор осы бір зымиян жоба турасында өз көрген-білгенін баяндап, жалпы адамзатқа бейбітшілік идеясын насихаттайды.