Порно деп қабылдайды: Әсел Ергеш неліктен ашық тақырыпты талқылауға көшкен
Жыныстық қатынас тақырыбында ашық әңгіме қозғап жүрген журналист Әсел Ергеш мұндай қадамға не үшін барғанын ашып айтты. Оның сөзінше, сексолог мамандардың пікіріне сүйенген бағдарлама адамдарды жыныстық сауаттылықа үйретіп, қателік жасаудан арашалайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Аман Тасығанның "New Old" бағдарламасына қонаққа келген журналист өз жұмысына көптеген адамдардың теріс пікір айтып, оны сынағанын сөз етті.
Алайда Әсел Ергеш өзі жүргізетін "Жабық тақырып" блог-бағдарламасы тек арнайы мамандардың сөзіне жүгінетінін айтты.
"Біздің қоғам жыныс деген сөзді - порно деп қабылдайды. Жыныс деген - адамның ағзасы. Мәселен, уролог айтады, бүгін-ертең үйленгелі жатқан жігіт дені сау ұрпақ әкегісі келсе, үш ай бұрын парға отырмауы керек. Себебі ер адамдардың ұрығы әрбір 72 күн сайын жаңарып отырады.
Яғни, парға отырсаңыз, ұрықтарыңыздың күші жойылады. Демек жатырға бармайды. Содан кейін ұрпақсыз қалу басталады.
Ол кейін ұрығым әлсіз демейді, әйелім көтермейді дейді. Нәтижесінде әйел гинекологтарды шарлайды. Жыныстық сауаттылық деген осы", - деді ол.
Әсел Ергеш "Жабық тақырып" бағдарламасын көрген төрт отбасы ажырасудан аман қалғанын сөз етті.
Айтуынша, олар блог-бағдарламадағы сексологпен онлайн кеңес өткізіп, некелерін сақтап қалыпты.
Сондай-ақ, журналист бағдарламаны көргеннен кейін оның жеке басына тиісіп, теріс пікір жазатындарға шамданды.
"Күйеуіме қатысты түрлі пікір жазады. Егер менің ата-анам, енем бұған қарсы болса, мен мұндай қадамға бармайтын едім. Мен ақпарат таратушымын. Мен оны көрсетіп жатқан жоқпын", - дейді ол.