Продюсер деген кім?

Продюсер деген кім?

Бүгінде қазақ эстрадасында ең танымал, тыңдарманы ең көп әнші кім десек, көпшілік бірден Қайрат Нұртастың есімін атайды. Неге? Өйткені ол жеке концерттерін жиі береді, ай сайын жаңа әндер жаздырады, тойға көп шақырылады, гастрольдік сапарларға жиі шығады. Яғни, талмай еңбек етеді. Жас әншінің мұндай жетістікке жетуі әрине, тек өзінің ғана емес, әншінің продюсері Гүлзира Үсенқызының еңбегі десек қателеспейміз. Өйткені баласының өнері үшін жанын салып, пайда үшін ғана емес, нәтиже үшін еңбек етіп жүрген продюсердің еңбегі жанғанына көзіміз жетіп жүр. Демек, шоу-бизнесте продюсердің рөлінің күштілігін жоғарыдағы мысалдан анық көруге болады. Осы орайда «Алаш айнасы» еліміздегі жалпы продюсерлік туралы аз-кем ізденіп көрген еді.
Қарапайым әншіні жұлдыз етіп шығаратын, ал жаңа  әнді хит-парадтардың алдыңығы үштігіне жеткізетін, клиптер мен фильмдердің телеарналарда және кинотеатрларда көрсетілуін қамтамасыз ететін, телеарнадағы түрлі жобалардың рейтингісін көтеруге еңбек ететін кім? Әрине, продюсер. Бір сөзбен айтқанда продюсер – телевидение мен шоу-бизнестің құдайы деуге болады. Ол шығармашылық бірлестіктермен үнемі бірге жұмыс істейді.
Продюсер ағылшын тілінен аударғанда «өңдеп шығару» деген мағынаны білдіреді. Музыка саласындағы продюсерлікті айтар болсақ, олардың өзі бірнеше түрге бөлінеді екен. Айталық, қаржымен айналысатын продюсер, өндіріс продюсері, маркетингпен айналысатын продюсер, HR продюсері, sound продюсер және концерттік продюсер сиқты бірнеше түрі бар. Айта кету керек, біздің елімізде продюсерліктің біпнеше түрімен бірдей айналысатындар да бар. Бұл сөзімізге мысал ретінде белгілі продюсер Баян Есентаеваны айтуға болады. Баян ханым, бүгінде «Кешью» секілді музыкалық топқа продюсерлік етеді, клиптер мен телесериалдар түсіреді, телеарналарда «Саз әлемі» секілді музыкалық шоуларға продюсерлік етеді. Яғни, біз сөзбен айтқанда әмбебап продюсер. Қазіргі таңда Баянның есімі өзіне қызмет ететін дәрежеге жетті деуге болады. Оның танымалдығы сонша, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде Баянның күнделікті іс-әрекетін, айтқан сөздері мен суреттерін күніне 100 000 адам бақылап отырады екен.  
Продюсерліктегі басты нысан – қаржы
Продюсердің міндеті – қолына алған жобаны қаржыландырып, одан барынша жоғары көлемде пайда табу. Мысалы, фильмнің продюсері сценарист, режиссер, демеуші іздейді, актерлерді іріктейді, жарнамалық кампания жасайды, киножобаның жарыққа шығуына жағдай жасайды.Телебағдарламалар мен театр жобалары да бастан аяқ продюсердің тер төгуімен жүзеге асады. Ал музыкалық өндірісте продюсер гастрольдік сапарларды, концерттерді ұйымдастырады,  PR жасайды, клипке лайықты әндер таңдайды. Ең бастысы осының бәрін қаржыландыру үшін қаражат табады.
Кейбіреулер продюсерді әншіні, телебағдарламаны немесе фильмді  өз қалтасынан қаржыландыратын қалталы адам болу керек деп ойлайды. Бірақ бұл қате пікір. Продюсер меценат емес. Оның міндеті – өз жобасына жарнама жасау, демеушілер тарту, дискілер сату, концерт ұйымдастыру арқылы қаражат табу. Әсіресе әлі көрермендерге таныла қоймаған әртіске немесе жобаға оған қаржы салу тәуекелді іс. Дегенмен кейінгі кезде нар тәуекелге баратын продюссерлердің қатар көбейіп келеді.
Батыста продюсерлер негізінен пластинкалар, дисклер шығарып оларды сатумен пайда табады. Ал бізде әзірге қарақшылық көшірмелер көп болғандықтан продюсерлерге мұндай жолмен аса көп пайда табу мүмкін болмай тұр. Біздің продюсерлер негізінен әншілердің гастрольдік сапараларын, концерттерін ұйымдастыру арқылы пайда табады.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева бұған дейін «Алаш айнасына» берген сұқбатында: «Қазіргі біздің продюссерлеріміз әншіні дайындап, тойға сатумен айналысады» деген еді. Халық әртісінің осы сөзінің жаны бар. Өйткені дәл қазіргі таңда еліміздегі продюсерлердің бәрі болмаса да көбі жоғарғы деңгейлі халықаралық байқауларға қарағанда күнделікті тойларға әнші әзірлеуден аса алмай жүргендері шындық. 
Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ, әнші:
Қазіргі таңда бізде шоу-бизнесті көтеруге тырысып жүрген жеке продюсерлер бар. Бірақ қанша тырысқанымен, бәрібір олардың шоу-бизнесі той-бизнеске айналады. Өйткені олардың сүйрелеп жүрген Линдасы, «Ордасы», Мақпал Исабековасы – бәрі-бәрі Қазақстанның деңгейіндегі әншілер. Былай қарасаң, халықаралық конкурстарға солар барып жүр. Ең қызығы, ауылдағы және жалпы қазақы тыңдарман оларды тыңдамайды да, тіпті кім екенін білмейді де. Есесіне «МузАртты», «Жігіттер» мен «Каспий» топтарын жақсы біледі. Әркімнің өз деңгейі бар. Бұлардікі – Қазақстанның аумағында. Мысалы, Мақпалдың продюсері Ерік Тастамбеков мына бір нәрсені ескермей жүр. Әншіге кілең орысша ән айтқызып, клиптерін тек қана Мәскеуге, Ленинградқа, Киевке барып түсіргенше, керісінше, қазақша әндерді де орындатып, Алматы мен Қапшағайда, Балқаштың жағасында керемет клиптер түсірсе, орындаушының өзі де, өнері де ұлтқа бір табан болса да, жақындай түсер еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «МузАрттың» әндері де, клиптері де жақсы. Бірақ олар қазақи тыңдарман үшін ғана бағалы. Ал шоу-бизнес деген бір елдің, бір үйдің ішінде ғана болмауы керек, жан-жақпен қарым-қатынаста, байланыста болуы шарт. Жалпы, қазақ эстрадасын көтеру үшін барлық продюсерлер бірігіп, бір одақ құруы қажет. Сөйтіп, мысалы, әлдебір халықаралық конкурсқа бір адам жіберуіміз керек болса, әркім өзіне тартпай, әділ кеңес құруымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, продюсерлер одағы әлемдік деңгейдегі әншілерді өсіріп, тәрбиелеп қана қоймай, елдің имиджін көтеруге де қызмет етер еді. («Алаш айнасына» берген сұқбатынан)
Продюсер болдым, мінеки!
Продюсер болу оңай шаруа емес, әрине. Продюсерлікті қолға алған адам алдымен өз есімі үшін қызмет етеді, одан кейін ғана продюсердің аты өзіне қызмет жасай бастайды. Продюсерлік біздің елімізде арнайы оқытылмайды. Алайда проюсер болу үшін терең білім, ұйымдастырушылық қабілет, тіл табыса білу секілді қасиеттер аса қажет. Қазіргі таңда біздің еліміздегі маңдайалды продюсерлердің көбі әнші, актерлер, режиссерлер, Алайда мамандағы мүлде басқа саланың адамдары да продюсерлікпен айналыса береді. Көптеген жастар алғашында телевидение, киностудияларда администратор, продюсерлердің көмекшісі болып жұмыс істейді, кейіннен тәжірбие жинақтай  келе продюсерлікке бет бұрады.
Ең танымал продюсерлер
Егер қазір Қазақстандағы шоу-бизнесті «арба» дейтін болсақ, осы арбаны алға сүйретіндер – продюсерлер. Ендеше еліміздегі танымал деген продюсерлерді түгендеп көрелік. Танымал деген продюсерлердің ондығын таяуда qaznews.kz сайты жариялаған болатын.  


1. Баян Есентаева — «Кеш Ю» тобы, Айлан, Айгүл Иманбаева және тағы да басқа әншілердің продюсері, «Саз әлемі», «Қазақ аруы» жоба-байқауының ұйымдастырушысы. Ол 2012 жылы «Ғашық жүрек» атты екі сериялы фильм түсірілді, соңынан осы фильмді телесериал етіп шығарды. Баян Есентаеваның  «Ел арна» телеарнасында «Тракторшының махаббаты» телехикаясы көрсетілді. Таяуда Баянның «Абайлаңыз, сиыр» атты картинасы қазақстандық прокатқа шықты.


2. Қыдырәлі Болманов 1996 жылы «АБК» тобының негізін қалады және «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі болды. Оның ең үздік жобасы «Ұлытау» этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Сондай-ақ Рахат Тұрлыхановқа «Бангор» тобына, Қарақатқа продюсерлік етті.


3. Ұлықпан Жолдасов «Каспий», «Заман», «Самал»  және «Нами» топтарының негізін қалаушы. Ол өзінің балалары Болат Жолдасов пен Фарида Жолдасованың жеке шығармашылығына да демеу беріп отырады.


4. Гүлзира Үсенқызы отандық шоу-бизнесте ойып тұрып орын алған Қайрат Нұртастың продюсері. Бүгінде Қайраттың 100-ге жуық әні бар, жақында «КН» журналы да жарыққа шықты. «Қайрат түшкірсе де хит» дегендей оның әндерінің бәрі дерлік хитке айналып жатады. Таяуда «Өкініш» атты фильмін де көрермендер назарына ұсынды.


5. Ерік Тастембековтің есімі тек Қазақстан ғана емес, Ресей шоу-бизнесінің өкілдеріне де етене таныс. Ол әнші Мақпал Исабекованы өз шығармашылық жобасы ретінде тек Қазақстанға ғана емес, Ресейдің шоу-бизнесіне де араластыра білді. Ол «101» және «Текила», «Гильдия» тобының продюсері.


6. Алуа Қонарова продюсерлік ететін «Ринго» тобы ТМД елдері арасындағы «Новая Волна» байқауына қатысты.  Сондай-ақ таяуда ол «Аюми» қыздар тобын құрды.


7. Ерғали Әбдірайымов қазақ тыңдармандарының сүйіктілеріне айналған «Жігіттер» квартетін қалыптастырды. Ерғали Әбдірайымовтың өзге де танымал шығармашылық жобалары – Асқар Жүнісбеков, «Жалын» топтары.


8. Сәбит Әбдіхалықов. Ол Айгүл Иманбаева мен жұбайы Алтынай Жорабаеваның басын қосып, «Тату-тәтті» тобын құрып, біраз елді таңғалдырды. Сәбит Әбдіхалықов одан өзге «Қазығұртфильм» төл киностудиясында бес фильм түсірді. Қайрат Әлімгерей және Талғат Жорабаев деген өнерлі жігіттердің продюсері.


9. Нұржан Қожабеков, «Сәт» триосының продюсері. Азат, Тұрар, Сапарбай деген зағип жігіттерден тұратын бұл топтың әзірге 22 әні жазылған.. Сонымен қатар, Нұржан «Раян», «Серпіліс», «Нұрай», «Еркеле» топтарына продюсерлік етеді.


10. Ренат Гайсин продюсерлік еткен «The Magic of Nomads» тобы қазақы дәстүрлі әндерді заманауи жанрға айналдыру арқылы ерекшеленеді. Жекелеген әншілерден Нұрлан Абдуллин, Айгүл Бабаева, Ғазиза және Асылбек Еңсепов те музыка жаздыруда Ренатқа жүгінеді екен.


11. Майра Ілиясова продюсер ретінде көптеген жас әншілердің, топтардың танылуына мұрындық болып жүр. Сондай-ақ ол «Сағындырған әндер-ай», «Жан анам» т.б жобаларды, қайырымдылық концерттерін ұйымдастырумен ерекшеленеді.
Бұдан бөлек, шоу-бизнесте танылып, еңбек етіп жүрген Марлен Қарабас, Әділ Жамбакиев, Адиль Лиян, Жамшит Карин, Жомарт Сүлейменов, Нұржан Тойшы секілді продюсерлерді айтуға болады.
Майра ІЛИЯСОВА, продюсер:
– Кейінгі кезде сахна мәдениетін жақсы білмейтін, өз айтып тұрған әннің сөзіне мән бермейтін білімсіз, дарынсыз жас әншілер көбейіп кетті. «Сағындырған әндер-ай» концертіне соңғы рет біраз танымал емес жастарды қатыстырып едім, концерт ұзаққа созылып, көрерменді жалықтырып алдық. Көбіне жас әншілердің көңіліне қарап концерттерге қатыстырып жатамыз. Маған «ана туралы бір ән жаздырып едім «Жан анам» концертіне қатыстырыңызшы деп күніне қаншама адам хабарласады. Олардың арасында түрлі деңгейдегі әншілер бар. Сондықтан продюсер үшін қазіргі таңда үлкен көрегендік, жоғары талғам аса қажет. Меніңше, болашақта халық өзі нағыз дарындарды сүзгіден өткізіп алады». 
Продюсер телеарнаға миллиондаған қаржы тарта алады
Бүгінде еліміз бойынша телевидение мен кинода Серік Абас-шах, Ләйлә Сұлтанқызы, Динара Адам, Серік Әбікен, Мәди Маратбек, Бибігүл Жексенбай, Данияр Саламат, Рүстем Әбдіраш, Рашид Сүлейменов, Алтынбек Рахметов секілді продюсерлер нәтижелі еңбек етуде.
Жалпы мамандардың айтуынша, егер телеарнада нағыз кәсіби продюсер жұмыс істейтін болса, сол бір ғана кадр арқылы телеарнаға миллиондаға қаржы тартуға болады екен. Батыста телеарналардың продюсерлерінің табысы өте жақсы болатын себебі, оларға өз жобаларына қаржыны тарту, жұмсау еркіндігі берілген. Ал бізде телевидениеге қаржы жарнама арқылы келеді, ал ол ақшаның продюсерге қатысы жоқ. Олар өздерінің жасаған жобаларының сапасына қарай ақы алмайды, тек жалақыға ғана қанағаттанады. Сондықтан да көп продюсерлердің жұмыс істеуге деген құлшынысы, ынтасы, қызығушылығы болмайтыны да сол. Яғни, продюсерлікті қаржыдан, қаржыны продюсерліктен бөліп қарамау керектігі айдан анық. Телеарнада продюсерлер күн демей, түн демей жұмыс істейді, ел қатарлы мерекелерде де демалмайды. Мұндайда өз ісін шексіз сүйетін продюсерге ең қажеті – сабыр мен төзім. 
Продюсерге қажет қасиеттер демекші, егер продюсер болам десеңіз, есіңізде болсын, келесі қасиеттер бойыңыздан табылуы керек: продюсерге бірнеше тіл білген артық болмайды; ғылым мен техникадан да хабары болу керек, ғаламтор, дыбыс жазу, операторлық құрылғыларды игеріп алғаны жақсы; әр продюсер ең алдымен өз халықының мүддесіне жұмыс істеу үшін өз елінің тарихын, өнерін, дәстүрін білгені жөн;  психологиялық тұрғыда тұрақты, сабырлы болуы керек және ең бастысы, PR, маркетинг саласын меңгеруі тиіс.
Түйін: Бас продюсер – мемлекет
Қазіргі заманда тек шоу-бизнеске, киноға ғана емес, барлық салаға продюсер керек. Бұл – заман талабы. Ал ұлтымызға қатысты төл дүниелерімізге мемлекет өзі бас продюсер болса, онда біздің жұлдызымыз жанар еді. Мысалы, Италия өздерінің дәстүрлі өнері операны әлемдік деңгейге көтере білді. Ал біз өзіміздің дәстүрлі өнерімізге, яғни классикалырамызға тиісінше қолдау көрсете алмай отырған жайымыз бар. Төл мәдениеті мен дәстүрін ұлықтамаған елдің ертеңі бұлыңғыр екені айтпасақ та түсінікті. Сондықтан мемлекет ұлттық өнерді түсінбейтін, жаны ашымайтындарға емес, нағыз қазақтың қамын ойлайтын азаматтарға, ұлттық жобаларға қолдау көрсеткені ауадай қажет болып тұр. Сондай-ақ өнер, мәдениет саласындағы жастарды шоу-бизнесі өте жақсы дамыған елдерге барып білім алуына жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста