Прокаттың рақатын қашан көреміз?
Кино қоғамның рухани-өнегелік тұрғыдан қалыптасуына ықпал етіп, тіпті мемлекеттің тұтасуына әсер ететін маңызды элемент болуға тиіс. Алайда біздің кино қазір өзінің сол үдесінен шыға алып отыр ма? Бір қарағанда, отандық картиналар жыл сайын көбейіп, сапасы да бара-бара жақсарып келе жатқандай. Оған мемлекеттің де, жеке азаматтардың да қаржылары құйылып жатыр. Алайда сол киномызды өз жұртымыз толық көре алмай отыр, қазақ кинотеатрларында қазақ киносының үлесі 10%-ды әрең құрайды. Содан келіп кинокартина өндірісі мен оны прокаттаудың арасында жер мен көктей алшақтық жатыр. Осының себебі не?
Кім кінәлі дегенше, не істеу керек десек-ші...
Қашанда бір тығырыққа тірелгенде, қай қоғам болсын екіге жарылып, қарсы жақты кінәлайтын әдеті емес пе? Бізде де режиссерлер мен продюсерлер бір жақ болып, киноның алға жылжымай отырғанын прокат жүйесінен көреді. Ал прокатқа шығарушы компаниялар болса өздерінің табыс табуға мүдделі екендіктерін, алайда отандық киноның сапасы сын көтермесе, көрермен келмесе, оған кинематографистер кінәлі деген сыңай танытуда. Осыған орай таяуда еліміздегі Саяси шешімдер институты арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, сол жерде барлық киногерлердің басын қосты. Ең басты екі баяндамашы жас кинорежиссер Тимур Қасымжанов пен «Арман» киноорталығының директоры Бауыржан Шүкенов отандық киноның мәселелерін өз тараптарынан, яғни бірі кино жасаушы ретінде, екіншісі киноны таратушы ретінде жілікше шақса, қалған қатысушылар соған байланысты сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға тастады.
Кинорежиссер Тимур Қасымжановтың пайымдауынша, қазақ киносының аяқ алысын кешеуілдетіп отырған мәселелер:
1.Қаржы экономикалық дағдарыс;
2.Көрермендердің қазақ киносына деген сенімінің жоғалуы;
3.Өзіндік құнының қымбаттығы;
4.Кинематографияда кәсіби деңгейдің төмендігі;
5.Қазақ киносына тән өзіндік стильдің болмауы: айталық, голливудтық киноларды, неміс, фрнацуз не түрік киносын, ондағы бет бейнелер, киіну стилінен бірден айырсақ, қазақтың киносын көргенде бірден оның қазақтыкі екенін айыру қиын, өзбектікі ме, болмаса әзірбайжан ба, еш түсіне алмайсың;
6.Елімізде халық санының аздығы.
Қазақ киносы ма әлде қазақстандық киноиндустрия ма?
Осы тақырыпта баяндама жасаған «Арман» кинорталығының директоры Бауыржан Шүкенов еліміздегі кинопрокат мәселесінің ұңғыл-шұңғылына үңілді.
1.Ең басты мәселе, мұнда экрандар санының аздығы екен. Соңғы санақ бойынша елімізде 65 кинотеатр, 200 кинозал бар екен. Алдағы наурыз айында олардың саны тағы үшеуге артады екен, яғни жаңадан кинотеатрлар ашылмақ.
2. Кинопленкадан цифрлық форматқа өту. Еліміз бойынша барлығы 200 кинозал бар десек, соның небары 71-і ғана қазіргі таңда цифрлық форматта, яғни үштен бірі ғана заман талабына сай.
3. Телевизия және интернеттің кең етек алуы. Аталған екеу – кинотеатр атаулының ең бірінші әрі ең мықты бәсекелестері. Сондықтан бүгінгі таңда кинотеатрлар үшін жай қарап жататын кезең емес, көрерменді қалайда теледидар мен интернет алдынан суырып алып, өз табалдырықтарын аттатудың түрлі әдіс-тәсілдерін табу керек.
Ал ол үшін:
1.Қазақстанда кинотеатрлар желісін барынша кеңейту қажет;
2.Инвесторлардың кинотеатрлар салуына жол ашатындай пайыздық жарнаны (ставка) төмендету қажет.
Қасқалдақтың қанындай тапшы адам...
Ол – дистрибьютор. Ал қазақ киносына бүгінде тап осы маман ауадай қажет. Қазақша айтқанда, кино түсірушілер және кинотеатрлар мен көрермен арасын жалғайтын делдалдың табылмауынан біз бүгін:
1.Қазақ киносын сата алмау;
2.Қазақ киносына продюсерлік жасау жүйесінің жоқтығы секілді қадау-қадау мәселелермен бетпе-бет ұшырасып жатсақ керек.
Осы ретте біздің елімізде киноның дамымай жатуына бір жағынан телеарналардың да кінәсі бар. Мәселен, ресейлік «Первый канал» кезінде Тимур Бекмамбетовтің «Ночной дозор», «Дневной дозорына» сиясы кеппей жатып «құда түсіп», дайын болысымен соны көрсету арқылы киноның да айналымда табысқа жетуіне ықпал етті, сондай-ақ өз рейтингілерін көтерді дей аламыз. Бізде де сондай бірді-екілі талпыныстар байқалды, мысалы, «КТК» «Қайрат – чемпион» фильмін насихаттауға үлес қосты. Алайда сол үрдіс жаппай сипат алып, телеарналар мен киноиндустрия арасы біте қайнасып кетпегені өкінішті.
«Мәртебелі көрермен». Осылай атамасқа лаж жоқ, себебі көрерменсіз қандай болмасын киноның өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі таңда кино түсіруші мамандар болсын, оны айналымға түсірушілер болсын, осы бір құрметті қауымды зерттеуге кірісуі керек. Көрермен дегеніміз кім? Олардың нені көргісі келеді? Бұл – бір, екіншіден, осы орайда мемлекеттік қолдау қажеттігі аса қатты сезіледі. Нақты қандай қолдау екеніне келсек:
1. Кино туралы заңды толықтырып, өзгертулер енгізу шарт;
2. Салықты азайту, преференция жол картасы;
3. Билет санын бақылау сол заңда қарастырылуы керек;
4. Мемлекеттен бөлінген қаржы жүйесінде жариялылық, ашықтық қажет. (прозрачность)
Бұл ретте бізге АҚШ, Франция және Ресей секілді үш алыптың жүйесіне сүйенуге болады. Айталық, Францияда 1946 жылдан бері үстемдік құрып келе жатқан мықты жүйе бар, сонысымен олар өздерінің әлемдік кинода үшінші ел екенін мойындатты.
Жанайқай
Темірлан ТӨЛЕГЕНОВ, заңгер, «Абырой» авторлық қоғамының президенті:
– «Ұлттық кино» мәртебесі дегеннің бізде еш қауқары жоқ. Ал көршілес Ресейде ол мәртебе кәдімгідей тегеурінді, оған кинокартиналар талпынады, себебі «ұлттық кино» деген атақ оларды салықтан босатады не жеңілдетеді. Кино – идеология, кино – саясат, егер киногер осыны ұқпаса, соған сай әрекет ете алмаса, несіне кино түсіреді? Кезінде мен кино продюсері болуды, кинопрокатты «Қазақфильмнің» өз қолына алуы керектігін айтқанмын. Бірақ оған құлақ асқан жанды көрмедім. Бізге бүгінгі таңда авторлық қоғамдар бірлесіп, басқосып, ортақ келісімге келу керек.
Керек дерек
• Әлемдік киноиндустрияда киноның ең төменгі бюджеті 500 мың АҚШ доллары, ол өз құнын өтеді деу үшін кемі бір миллион доллар табуы керек.
• Ал кинодан түсетін табыстың ең биік шыңы 270 миллион доллар, ондай пайда түсуі үшін оған жұмсалған қаржы көлемі 35 миллион доллардан кем болмауға тиіс.
• Соңғы жылдары түсірілген қазақ киноларының ішінде өз құнын өтеп, ең мол табыс түсірген туынды – Ақан Сатайдың «Ликвидаторы» болса керек. Ол кассаға 80 миллион теңге түсірген.
• Бізге киноны дамыту үшін жылына кемі 80 фильм түсіріп, айына 7 фильмнің тұсауын кесу керек.