«Қабанбай батыр жатқан жер» ұлттық қабірстанға айналады

«Қабанбай батыр жатқан жер» ұлттық қабірстанға айналады

Ұлттық пантеон ашу мәселесінің көтерілгеніне де біраз болғанын жұрт біледі. Ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі елге әкелінгенде дәл осы пантеон мәселесінің өзектілігі онан сайын тереңдеген. Кейіннен жұрт арасында Астанадан 20 шақырым жер­дегі «Қабанбай батыр зираты» ретінде аталып жүрген бейіт-төбе пан­теон­ға айналатыны туралы әңгіме өрбіген-ді. Бұл расқа айналатын секілді.
Өткен жолы Еуразия ұлттық уни­вер­си­те­тінде «Алаш көсемсөзі» он томдығының тұсауын кесу барысында жиналған зия­лы­лар­дың арасында да пантеон мәселесі кө­те­рілген. Жайдан-жай көтерілген жоқ, мұнда да бүгінгі қазақтың қарын аштырар тірлігіне қатысты айтылған сын мен қадау-қадау пікірлердің бірегейі осы болатын. Жиында сөз алған ақын Жүрсін Ерман жұрт арасында біразды «шайқап», қоғам­дық пікірді қалыптастырған пантеон мәсе­лесін суыртпақтап бастап, ақырында ашы­ғына көшкен. Әзірбайжан жұртының аста­на­сы Ба­кудегі ұлт қайраткерлеріне арнал­ған пантеоны туралы сөз қозғап келіп, Кубаны да мысалға тартты. Расында, Әзір­байжанда та­ғылымды орынның бастысы болып сана­ла­тын шаһиттер қабірстаны мен ұлттық пан­теоны бар. Әзірбайжан ұл­тының бет­ке­ұстарлары бір жерде, бір саябақтың аумағындағы топырақта жатыр. Барғандар айтады, молаға барғандай болмайсың, сол елдің зиялысымен сыр­лас­қандай күйге еніп, рухтанып шығасың, тәу етесің. Куба астанасындағы ақ мәр­мәр­мен әрленген ұлт қайраткерлерінің пан­тео­ны да – елі үшін зор мақтаныш. Соның арқасында ку­балық көрегендерді басқа жерден іздеп жүрмейсіз, бәрін бір жерден табасыз. Ал қазақтың басындағы кешегі һәм бүгінгі кеп туралы Жүрсін Ерман мы­наны айтады: «Қазақтың азаттығы үшін кү­ресіп, ажал жас­тығына бас қойған, біз­ден әлдеқайда кемел ойлайтын, бізге қарағанда көреген болжайтын қайрат­кер­лерді қазір қалай қадірлеп жүрміз? Ана жылдары Мір­жа­қып­тың сүйе­гін Алматыға әкелді, ол сүйек екі күн бойы КаМАЗдың үстінде жатты. Ең ауыры:  Алаштай ардақ­ты жұрттың асыл аза­матына Алматыдан орын табылмай, ақыр соңында Торғайдың Қызбел дала­сын­да, бір фермаға апарып көмдік. Сонда Міржақып Қызбелге ғана, әйтпесе өзінің туған-туысына ғана керек адам болғаны ма? Естуімше, сол Қызбелдегі біраз жұрт көшіп кетіп, әлгі қара моланың басында Алаш қайраткерінің аталас туыс­тары ғана он шақты үй болып қарауылдап қалғанға ұқсайды. Осылай масқара бол­дық?! Сүйегі кеше әкелінген Смағұл туралы айтпай-ақ қойсам да болатын шығар. Сәкеннің сүйе­гін де іздеп жүрміз, оны әкел­генде не іс­те­мек­піз? Апарып Жаңа­ар­қаға жерлеу мақ­сат па? Сондықтан да пантеон ашатын кез жетті».
Расында, ұлттығымызға сын болатын дү­ниеге жол беріп жатқанымызды біл­мей­тіндейміз бе, қалай? Дегенмен басу ай­туға болатындай жайт: ұлттық пантеон мәселесі – шешімін тауып, біржақты болып қалған дүние. Оны сол жиында кейіннен сөз алған Мыр­затай Жолдасбеков те тілге тиек етіп, Ас­тана қаласының маңындағы «Қабанбай батыр сүйегі жатыр» деген жерден 500 гек­тар жер бөлінгенін, әкімдік тарапынан ар­найы комиссия құрылып, тиісті шаралар атқарылып жатқанын да естіртіп өтті. Бір өкініштісі – кештеу көтеріліп, кейіннен қол­ға алын­ғалы жатқан осынау пантеонға Сма­­ғұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлін жерлеу бұйырмай қалғаны. Қазір С.Сәдуа­қас­ұлы­ның мәйіт-күлі бас қаланың орта­сын­дағы қо­рымның ішінде жатыр. Бұған белгілі бір жеке тұлғаны кіналауға еш бол­майтынын түсінемін. Қоғам, ел мен жұрт бармыз ғой? Бір-бірімізге айтып, өксіп-өксіп қайта тар­қа­са кететін заманда емес­піз. Іскер аза­мат­та­рымыз да баршылық. Со­ларға ой салсақ, біріміз болмаса, екін­шіміз құлақ ассақ, жарар еді», – дейді алаш­танушы Дихан Қам­забекұлы. Айтпақ­шы, ұлттық пантеон туралы мәселені ың­ғайы келгенде Мем­ле­кет басшысына жет­кізген де, сол арқылы сеңге қозғау салған да осы Дихан Қам­за­бек­ұлы болатын.
Ұлттық қабірстан не үшін керек?
Қабірстанның керектігі, оның өзектілігі күні кеше Смағұлдың сүйегі елге оралғанда тағы бір дәлелденді. Қазақтың басынан өткен жайсыз тағдырлардың қай-қайсы­сын­да да ұлт асылдарының біразы сыртта қалды. Зерттеу, талдау болса, сарапталса, ғалым талаптанса, осындай ұлтқа аты бел­гілі, бірақ жатқан сүйегі белгісіз болып кел­ген, шетте қалған тұлғалармен де қауы­шу­ға әбден болады. Олардың сүйегі құт­ты­ха­на­сына қонбағаны қаншама! Арғы жағы – Кенесары мен Кейкі батырдың басы, бер­гісі – Алаш қайраткерлері. Дерек жоқ делін­генмен, Алланың қалауымен аяқасты табыла кетсе, Кененің басын жерлеудің орынжайына келгенде тағы дау тудырмас деп айта алмасымыз – анық. «Ұлытауға ұлық­таймыз ба, жоқ, өзі қасқая шапқан Қараөткелде басын қайтара қарайтамыз ба?» деген әңгіменің тумай қоймасына көз жетеді. Тіпті басқасын қойып, Ресейде тұр­ған орны белгілі болып отырған Кейкінің басын қайтара алсақ, қайда жерлер едік? Ал ұлттық пантеон болса, ондай әңгіме де көпке созылмайтын еді. Бұл – бірінші жа­ғы. Екіншіден, ешбір данышпан даладан кел­мейтіні, қайраткер де, көсем де көктен түспейтіні – анық. Бәрі қоғамның, қазақтың ортасында, халықтың арасында. Ісімен, халыққа жасаған қызметімен танылып жа­та­тын осындай тұлғаларды тірісінде де, ақырында да лайықты ұлықтай білу – қашан да өрелі елдің ісі. Өйткені өмірдің ақиқаты да, аяғы да – ажал. Сол тұрғыдан алғанда, Алашпен рухтас, иықтас, ойлас азаматтар қазіргі күні де баршылық. Сон­дықтан да қазақтың игі жақсысының басын қосатын пантеон бәрібір керек. Ұлт­ты­ғы­мыз­ға, елдігімізге селкеу түсірмейік десек, бүтінделейік. Бүтіндейік! Басымызды иіп баратын ғажайып жер қажет! Алаштың ардақтыларынан бастап, бүгінгі құрмет­ті­лер­ге дейін бас ию үшін! Бұл біздің мәде­ние­тімізді де білдірсе керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста