Қадырбай ағаның қадірі
– Қанатбаев ағаңа қатты ренжіпсің ғой, – деген дауыс естілді. Қадырбай аға екен. Күлімсіреп тұрған ағаға жылы шыраймен амандасып жатып, қапелімде «ол кісі қайдан біледі?» деп, іштей таңданыспен ойлап та үлгердім.
– «Нұр Астана» газетіне студенттік кезіңді жазыпсың, оқып шықтым! – деді Қадырбай Нұрпейісұлы салмақпен.
Сонда барып студенттік шақ туралы естелік жазғаным есіме сап ете түсті. Ол «мақала жаз» деп жүрген кездегі газеттің бір нөмірінде шыққан екен. Мен демалыста болғандықтан одан бейхабар едім.
Бұл оқиғаны есіме алып отырғаным, Қадырбай Нұрпейісов ағаның Президент Әкімшілігінде үлкен бір бөлімді басқарып, өзіне жүктелген қыруар шаруаны жауапкершілікпен атқара жүріп, күнделікті қазақ басылымдарымен мұқият таныс болып, әріптес інілерінің жазған-сызған дүниелерін оқып, өз пікірін білдіріп отыратын ерекше бір қасиеті туралы айтпақ едім. Әсіресе бұл – мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазым иелерінің арасында сирек кездесетін жайт. Қадырбай ағаның өзіне тән осы бір қасиеті көңіл түкпірінен берік орын алып еді.
Қадырбай Нұрпейісұлының әдебиетке өте жақын, сөздің қадірін терең түсінетін жандардың бірі екенін аңғару қиын емес.
«Адамның адамгершілігі – кішіпейілділігінде. «Ұлық болсаң, кішік бол», – деп анам құлағыма құйып отыратын. Мен сондай кішіпейіл, ақжарқын, адамгершілік асыл қасиетті Қадырбай Нұрпейісұлының бойынан көріп, тәнті болдым. Қысылғанға қол ұшын беру, демеп жіберу, қиналған жанның жан дүниесін сезіну, қолдан келгенше жәрдемдесу Қадырбай Нұрпейісұлының өзіне ғана тән адамгершілік қасиеттері дер едім. Жастарға жөн сілтеп, бағыт беріп, ақыл-кеңесін айтып, шарапатына бөлеп жүрген ел ағасын қалайша жақсы көрмеске, неге үлгі тұтпасқа!
Қадырбай Нұрпейісов – ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, отансүйгіштік қасиеті басым, мемлекетшіл тұлға. Кейіпкеріміздің өмірбаян деректеріне көз жүгіртсек, бұған көзімізді анық жеткіземіз. Қ.Нұрпейісұлы өз ісінің маманы болғандықтан болар, оған әрдайым жауапты қызметтер сеніп тапсырылды. Атап айтқанда, 1985-1991 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Талдықорған облыстық комитетінің бас бухгалтері, 1992-1996 жылдары ҚР Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Талдықорған облысы бойынша басқарма бастығы болып еңбек жолын жалғастырды.
Ал 1996 жылдың маусымында ҚР Президенті Істер басқармасы қаржы және бухгалтерлік есеп бөлімінде қаржы секторының меңгерушісі болды. Одан кейінгі жылдарда Президент Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары – бас бухгалтер, ҚР Президенті Әкімшілігі Қаржы, бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің меңгерушісі болып табан аудармастан табысты еңбек етті. Соңғы жылдар бедерінде Қ.Нұрпейісұлы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары – бас бухгалтер қызметін мінсіз атқарып келді. Бұл жөнінде білгір маманның тәжірибесінен тәлім алған шәкірті, бүгінде ұстаз аға жолын жалғастырушы, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде Кеңсе бастығының орынбасары – бас бухгалтер Еркімбек Арпабаев былайша сыр шертеді:
– Ең алдымен, мен Қадырбай Нұрпейісұлының кәсіби ісіне мұқият әрі зор жауапкершілікпен қарайтынын жадыма тоқып алдым. Президент Әкімшілігінің экономикалық бағытын анықтап, қаржы саласындағы бағдарламаларды айқындап, уәкілетті органдарға белгіленген мерзімде есеп беру үлкен білімді, тиянақтылықты, жауапкершілікті қажет етеді. Бұл саладағы жұмыста әр цифр нақты, дәл және өз орнында тұруы тиіс. Есеп-қисапта жаңылысу – өмір жолыңнан жаңылысу деген сөз. Жолдан жаңылсаң, сүрініп кетуің оп-оңай. Ал Қадырбай Нұрпейісұлы Президент Әкімшілігінің қаржы саласында басшылық жасаған көп жылғы тәжірибесінде қателікке жол бермей, тек абырой биігінен көріне білді. Біз үшін ол кісінің қажырлы ісі, адамгершілік мол қасиеті, кішіпейіл мінезі қашанда үлгі!
Қадырбай ағамыз қызметте ғана емес, отбасылық өмірімен де бізге үнемі үлгі көрсетіп келеді. Күләш жеңгемізбен бірге Дархан, Дәурен және Дамир атты ұлдарын тәрбиелеп, білім беріп өсірді. Ұлағатты отбасында тәрбиеленген балалар әке жолын жалғап, мемлекеттік қызметте және әр салада табысты еңбек етіп келеді. Ал әулеттің ұйытқысы бола білген аға-жеңгеміз өнегелі ұрпағынан немерелер сүйіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын Қадырбай аға Алматыға барып, үлкен немересін қолынан жетелеп бірінші сыныпқа апарып, аталық қамқор көңілін көрсеткен еді. Бір сөзбен айтқанда, қызметте де, үйде де, қарапайым өмірде де асып-таспайтын, жүзі жарқын, кез келген адамды кісілік қасиетімен баурап алатын, Жетісу өңірінің сыйлы азаматы Қадыр ағамызды біз әрдайым қадір тұтамыз.
Иә, мемлекеттік қызметтің майталманы ретінде кәсіби шеберлігімен көзге түсті, сый-құрметке бөленді. Президент Әкімшілігінің қаржы саласындағы көзге көріне бермейтін, ал шындап келгенде, маңызды әрі ұшан-теңіз жұмысын білгірлікпен атқара жүріп, білікті басшы, үлкен жүректі азамат, мемлекетшіл тұлға ретінде республика көлеміне кеңінен танылды. Сөзіне ісі сай, әулетке тірек, дос-жаранға адал, үлкен-кішіге қамқор азамат Қадырбай Нұрпейісұлы қызметте де үлкен абырой-беделге ие болды. Елге сіңірген зор еңбегі еленіп, Қадырбай Нұрпейісов бірнеше рет Мемлекет басшысының алғысхатын алды. Сонымен қатар Президенттің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ алты мерейтойлық медальмен марапатталды. Есімі елге белгілі қаржыгерді туған өңірі де құрмет тұтып, ұзақ жылғы еңбегін бағалап, «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағын берді.
Қажырлы қаржыгер 2011 жылы Президенттік сайлауда Н.Назарбаевтың сайлауалды жеке қорының жұмысын басқарды. Осы орайда Президенттікке кандидаттың сенімді өкілдерінің бірі ретінде Елбасының өзге үміткерлерден озып шығып, халықтың зор сеніміне ие болып, 95 пайыздан астам дауыс алуына ақпейілімен, адал еңбегімен бір кісідей атсалысты. Бұл ретте Қ. Нұрпейісұлына сайлауалды кезеңдегі күн демей, түн демей атқарған белсенділігі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі беріліп, бағалы сыйлық тапсырылды. Мұндай еңбек қадір тұтуға да, жас ұрпаққа мақтан етуге де тұрарлық деуімізге әбден болады.
Елімізде қай кезде де білікті мамандарға деген сұраныс көп. Өз ісіңнің майталманы болған жан түбі адал еңбек, маңдай терінің жемісін көреді. Біздің кейіпкеріміз де еліне еңбегі сіңген қаржыгерлердің бірінен саналады. Жақында Қадырбай Нұрпейісұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Талдау және ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК қаржы директоры қызметіне кірісті. Біз ел ағасының жаңа қызметіне сәттілік тілейміз.