«Қайда барарымды білмеймін»: Актриса Дариға Бадықова өз жанайқайын жеткізді
Дариға Бадықова бағдарламаларға қатысып, ауқымды сұхбат бергісі келетінін алға тартты.
Актриса Дариға Бадықова бүгінде отандық бағдарламаларға көңілі толмай жүргенін ашық айтты. Өнер иесі шығармашылығында болып жатқан жаңалықтарын қайда бөлісерін білмей қалғанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дариға Бадықова бағдарламаларға қатысып, ауқымды сұхбат бергісі келетінін алға тартты. Алайда актриса қазіргі уақытта көңілінен шығып жатқан бағдарлама таба алар емес. Бұл жайлы ол өзінің Instagram парақшасында айтты. "Қайда барарымды білмеймін. Осы қара көйлекті бәрі ұнатып жатыр. Енді осыны киіп баратын күшті бір шоу программа болса ғой! Тек шоуды жүргізе алатын әзілі мықты жүргізуші болса.⠀ Келген қонаққа қазан-ошақтың төңірегінде сұрақ қоймай, өсек-аяңды сұрап кетпей, шоуға сай, ішкі еркіндігі бар, қонақтың мамандығы бойынша, сұрақтың астаң-кестеңін шығарып, күлкіге толы астарлы әзілдермен, сұрақ қоя алатын, бір бағдарлама болса шіркін ай! Бізде бағдарламалар бар ғой дерсіз, бірақ жүргізушілердің ішкі еркіндікі жоқ, қатып қалған ауырлық сезіледі.
Қазір істеп жатқан дүниелерімізді көрерменмен бөлісе алмай қалдық. Кезінде әйтеуір "Түңгі студияға" барып бөлісіп қайтушы едік. Орыстардың "Привет Андрей", "Вечерний Ургантын" көріп қызығып кетемін. Бізде неге осындай жоқ деп. Өзіміз өнерде жүргеннен кейін, кейде шоу программа жүргізгің келеді. Ұсыныпта көрдік! Түрлі синопсистар өткіздік. Білмеймін, алмайды. Әртіс ретінде динамикасы мықты шоу программаға барғым келеді. Телевидениенің құдыреті басқа", - деп жазды ол.