Қайдасың, коммерциялық детектив?
Детектив әдеби жанрлардың ішіндегі жылдам оқылатын, оқырманды бірден баурап алатын жанрлардың қатарына жатады. Оның бірден-бір себебі – бұл жанрдың әдеби және кинематографиялық сипаттары бар. Мәселен, «Шерлок Холмс туралы жазбалар» туындысын әлем халқы телеэкран арқылы да, кітап арқылы да жақсы біледі. Сондықтан бұл жанрдың болашағы зор деп айтуға болады. Кезінде Кемел Тоқаевтың детектив жанрындағы шығармалары сол заманның, яғни 60-70 жылдардағы жастардың үлкен қызығушылығын тудырды. Оның шығармаларынан кейін жастардың жаппай ішкі істер органдарына жұмысқа тұруы белең алды. Бүгінгі күні қазақ әдебиетінде детектив оқылмайтын жанрға айналып, қара домалақтарымыз өзге елден келетін туындыларға телміріп қалған сияқты. Оны жазушылар түрлі себептермен байланыстырады.
Бүгінгі күні еліміздегі қай кітап дүкеніне кірсеңіз де, батыстың түрлі-түсті безендірілген, мұқабасы менмұндалап тұратын кітаптарынан көзіңіз сүрінеді. Олардың арасынан қазақтілді кітаптарды саусақпен санап жүріп қана табасыз. Ал қазақтілді детектив кітаптарды мүлдем кездестірмейсіз. Рас, бізде бұл жанрда жазатын жазушылар жоқ емес. Бірақ олардың туындыларына көпшіліктің көңілі толмайды. Біріншіден, әдебиетте тілдік көркемдік деген ұғым бар. Яғни шығармалар суреттеліп, барынша көркем тілмен жазылуы шарт. Ал біздегі детектив жанрындағы шығармалардан мұндай көркемдікті байқай алмайсыз. Сондықтан оқырмандар бұл жанрды оқуға бейілсіз. Екіншіден, оқиғаны беру формасы ойдан шықпайды. Мәселен, өзге елдің Агата Кристи, Шерлок Холмс сынды жазушыларының шығармалары оқырмандарды жетелеп, бірде кейіпкерлермен бірге қуантып, бірде мұңайтып, белгісіз бір оқиғалардың толқынына түсіріп жібереді. Тосын оқиғадан басталып, күтпеген оқиғалармен аяқталады. Шынын айту керек, бүгінгі оқырман шытырман оқиғаларды көркем шығармалардан ғана іздейтін болды. Мәселен, олардан бұл тақырыптағы шығармаларды сұрасаң, Нұрғали Ораздың «Колониядан қашқан бала» повесін, Қуандық Түменбайдың «Сотталған домбыра» деген кітабындағы бірер әңгімені ауызға алады. Ал нақты бұл тақырыпта қандай шығармалардың, қалам тербеп жүрген қандай жазушылардың бар екенін білмейді. Екінші бір үлкен мәселе нарықтық қоғамда кез келген шығарылған зат тауар болып есептеледі, ал біздің детектив жанрында жазатын жазушыларымыз өз туындыларын коммерцияға, яғни пайда табудың көзіне айналдыра алмай отыр. Мәселен, кезінде Агата Кристидің шығармаларының көп оқылатыны соншалық – кітаптардың таралымы Інжіл немесе Шекспирдің кітаптарымен теңесті. Осы арқылы жазушы үлкен табыстарға жетті. Қазір Ресей жазушылары детектив жанрына мықтап ден қойды десе болады. Тіпті көршілеріміздің мұндай кітаптары Қазақстанның кітап сауда нарығын жаулап алды. Міне, осыдан шығатын бір қорытынды, бізде коммерция болмағаннан кейін, детектив жанры кенжелеп, жазушыларымыз бұл тақырыпқа қалам тартпайтын болды.
Елеусін МҰРАТОВ, журналист:
– Бұл тақырыпқа жазып жүргендер бар. Бірақ сондағы оқиғалар Кемел Тоқаевтың шығармаларындай адамды тартпайды, тез жалықтырады. Мәселен, шетелдің шытырман оқиғалы кітаптарын оқысаң, белгісіз бір әлемге кіріп кетесің. Бізде шытырман оқиғалар бар, бірақ оларды дұрыс бере білмейміз. Тақырыптар адамды тартпайды немесе шытырман оқиғаларды талғаммен, сараптап оқырманға ұсынатын адам жоқ. Бұрын детектив жанрына түрлі бәйгелер жарияланатын. Қазір де сондай үрдіс бар, бірақ бас бәйгені тек белгілі бір адамдар ғана алады. Бәйге жеңімпазы алдын ала белгіленіп қояды. Жанрдың кенжелеп қалуының бір себебі – осы. Нарық заманында жанрлар тоқырауға ұшырады. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардан бері 60-70 жылдармен салыстыратын шығармалар жазылған жоқ. Өз оқырманын таппайтын кітаптар қаптап кетті. Осындай жағдайда біз қалайша кітапты коммерцияға айналдыра аламыз?
Совет-хан ҒАББАСОВ, жазушы:
– Біздің қоғамымызда кәсіпкерліктің өзі дұрыс дамып жатыр деп айтуға болмайды. Елімізде көптеген ірі сауда орындары бар, бірақ онда өзіміздің, яғни отандық тауарлар жоқ. Онда саудаға түсіп жатқан түрлі шетелдік детектив кітаптар болашақта қоқысқа айнала ма деп ойлайсың. Себебі кітаптар оқырмандардың талғамына сәйкес келе бермейді, екіншіден, бағасы өте қымбат. Біз сырттан алып келіп сатқаннан басқаны білмейміз. Бұл – ойланатын мәселе.
Білмекке
Детектив – латынның «detego» деген сөзінен алынған. Қазақша «айтып, әйгілеп жатырмын» деген мағынаны береді. Бұл жанрдың әдеби және кинематографиялық сипаты бар. Жалпы, детектив шығармалардағы оқиғалардың өн бойы тылсым, шытырман оқиғаларды зерттеп, оның анық-қанығын ашып, жұмбақ істерді шешуге негізделеді. Көп жағдайда шығарманың ауаны қылмыстық істерді суреттеуден құралады. Детективтің бір ерекшелігі – шығармадағы оқиға түгел зерттеліп болғанша оқиғаның мән-жайы оқырманға берілмейді. Осы арқылы оқырман кейіпкерлермен барлық сәттерде бірге болып, барлық оқиғаларды бірге бастан өткереді. Егер шығармада адамды таңғалдыратын, ойландыратын оқиғалар болмаса, демек, шығарма өз желісін таппаған болып саналады.