Қайрат Баекенов, әнші: Батырхан Шүкеновтың фанатымын

Қайрат Баекенов, әнші: Батырхан Шүкеновтың фанатымын

Бірде Ресейдің Самара қаласында оқитын досым сол жақтың мейрамхана, клубтарында «Махаббат», «Телефон» сынды әндердің орындалатынын және орыстардың өзі оны қайта-қайта қойғызатынын айтқанда таңғалдым. Қазақша әндер өзге елде сондай танымал деп кім ойлапты. Бұл әндердің авторы хитмэн, әнші – Қайрат Баекенов. Сазгер ретінде жетпіске тарта ән жазған Қайрат: «Жасым 38-де, әрі сахнаға басқалардай емес, кеш келдім. Сондықтан болар атақ-даңқ, «жұлдыз» болу дегендерге жайбарақат қараймын», – дейді.
Қайрат Баекенов өнер көрсететін «Формат» тобының бір ерекшілігі – фонограммамен ән айтпайды. Сахнаға үнемі дайындықпен шығады. Шоу жасауға құмар. Есіңізде ме, өткен жылы «Астана жұлдызы» гала концертінде өнер көрсеткен «Формат» тобы бір әнді айтып болғанша, 4-5 костюмді ауыстырып үлгерді. Ылғи айтып жүретін көрерменді жалықтырмау, сахнаға әр шыққанда ізденіспен шығу дегеніміз осындай болса керек.
Менің қатарластарым тап қазіргі кезде Қайрат Баекеновті сүйіп тыңдайды. Неге? Өйткені, онда жаңашылдық та, кәсібилік те бар. Эстрада «жұлдыздарының» біразын тойдан шықпайды деп, мұрын шүйіріп жатамыз. Ал «Формат» тобы тойда өнер көрсетпейді. Сол үшін де бізге сүйкімді шығар.
Мен сүйікті әншімді студиясына іздеп бардым. Алдын ала телефон арқылы сұхбатқа келіскенбіз. Бірақ, ол кісіні бір жарым сағат тыста күтуіме тура келді. Кешіккені үшін қайта-қайта кешірім сұрағанына ішім жылып қалды. Өзі мектепте орысша оқып, орыстілді ортада өскен екен. Бірақ, маған қазақша сұхбат берді. Оның кейбір қазақша жеткізе алмаған ойларын көздері жеткізіп тұрды. Білмеймін, ол маған кеше ғана өмірден өткен Батырхан Шүкеновтің өнердегі болмысын, кәсіби сауаттылығын жалғастырушыдай көрінді. Жеке бастың әңгімесін емес, музыка туралы әңгімелескенді жақсы көреді екен. Сонымен, біздің толқынға кумир болған әншінің ойларын, өмірдегі, өнердегі жолының қалай өрбігенін оқып көріңіз…

Гандбол ойнап жүріп, домбырамен ән салып кеттім
– 1977 жылы Жезқазған облысының Сәтбаев қаласында дүниеге келгем. Анам дүкенде есепші болды. Әкем – шахтер. Біздің қаладағы негізгі жұмыс шахтада болатын. Анамнан домбыра тартуды үйрендім. 4-сыныпта 8 наурыз мерекесіне қыздарды құттықтап, концерт қоятын болдық. Сынып жетек-шіміз: «Қане, кім қандай аспапта ойнай алады?» – деді. Ешкім орнынан тұрмаған соң: «Мен домбырамен ән айта аламын», – дедім. Онда да домбырамен бір-ақ әнді айтамын. Анам сол кезде Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Бір ауыз сөз» әнін үйреткен. Орыс мектебі үшін домбырамен ән айту дегеніңіз – «фантастика». Сахнаға ұяла басып шығып, сол әнді айтқаным есімде. Одан соң ұстазымыз мені директорға алып барды, онда тағы да өзім білетін жалғыз әнді айтып бердім. Содан бастап мені түрлі конкурстарға қатыстыра бастады. Өзім гандболист болдым. Түске дейін гандбол алаңында жаттығамын, түстен кейін конкурстарға дайындаламын. Солайша сабақты қатырып оқи алмадым. Біздің құрама, тіпті, Қазақстан чемпионы да болған. Гандболистер дайындалатын ғимаратта жөндеу жұ-мыстары жүргізілетін болып, уақытша жабылды да, сол күйі қайта ашылған жоқ. Құрамадағы жігіттер жан-жаққа тарап кеттік. 9-сынып бітіргенде шахтаға барып, әкемнің, атамның жолын қууға шешім қабылдадым. Виталий деген досым болды. Өзі музыкалық мектеп бітірген. Өзімен бірге жүруін өтініп, соңымнан қалмады. «Ба-расың да, бір емтихан тап-сырасың, өтсең өттің, өтпесең қайтып келесің. Сосын шахтер боласың ба, өзің біл», – деп қоймаған соң келістім. Қазіргі Жезқазған мемлекеттік колледжіне бардық. Қарасам кілең үлкен, мұртты жігіттер жүр. Олардың жанында біз кішкентаймыз. Емтиханнан өтіп, «Халық аспаптар бөлімінің» студенті атанып кеттім. Домбырамды арқалап біраз жарыстарға қатыстым. Домбырашы Асылбек Еңсеповтермен сайысқа түскенбіз. 2-курс оқып жүргенде шаңырақ көтердім. Ол сондай қиын кездер еді ғой. Үйлерде жылу жоқ дегендей. Сол кезде даладағы жерошаққа шырпы жағып, тамақ пісіретінбіз.

Менің жетекшім өмір болды
Өнер саласына келген әрбір әртістің жетекшісі болады. Ал менің жетекшім өмір болды. 19 жасымда әке атандым. Содан соң отбасын асырау қамымен кеттік. Жас отбасы болғандықтан, пәтерден-пәтерге көп көштік. Тіршілік қамымен колледжді бітіргеннен кейін оқуды ары қарай жалғастыра алмадым. Ал «Формат» тобындағылардың бәрі жоғары білімді. Олар маған: «Қайта сенің ары қарай оқымағаның дұрыс болған. Музыка жазғанда сенде еркіндік бар. Мына нотаны мына жерге қолдануға болмайды деп отырмайсың. Сен осы қалпыңмен жаза бер, қате жерлері боп жатса біз айтып жібереміз», – дейді. «Бәйтерек» тобы сияқты бірнеше топтарға ән жаздым. Бірақ, өзімді сазгермін деп санамаймын. Композитор деген үлкен-үлкен симфониялар жазады деп ойлаймын. Ал мен мелодистпін. Музыканы жазарда қалай басталуы керек, қай жерінде қандай дауысты алу қажет, мен соларды түсінемін, сезем. Сондықтан мен мелодистпін. Әнші ретінде шыққаныма аз болғанымен, осы уақытқа дейін өнердің айналасында жүрдім. Мейрамханаларда ән салдым. Әлемнің джаз, рок, поп музыка бағытындағы үлкен вокалистерін тыңдайтынмын. Кассета, диск қолымнан түспейтін. Өткенде ғана дүниеден өткен Батырхан Шүкенов өнер көрсеткен «А-студио» тобының әндерін айтатынбыз, соларға еліктедік. Мен үшін ол нағыз әртістің үлгісі. Оның халық алдына үлкен дайындықпен шығатыны, киім кигені, сахнада өзін-өзі ұстауы, әрқашан жанды дауыспен ән айтатыны – мұның барлығы мен үшін үлкен тәрбие болды. Кез келген әнін алсаңыз, сапалы шыққан, кәсіби тұрғыда жазылған. Кейіннен Батырхан ағамен жүзбе-жүз таныс болдық. Ол кісіде не болса соған күйгелектену деген жоқ, қашан көрсең өзін жайбарақат ұстайтын. Ылғи күлімсіреп жүреді. Мейірімді. Музыкант ретінде өзінің тәжірибесімен бөлісетін. «Қайрат, мына микрофонды ал. Осы жақсы. Мен байқап көрдім», – деп дұрысын таңдап беретін. «Музыкант өзінің кім екенін білуі керек. Кімсің сен? Неге микрофонмен ән салып тұрсың? Неге фонограммамен айтуың қажет? Сенің әнші болғың келеді емес пе?» – деп сұрақ қойып, ақыл-кеңесін аямайтын. Мен оның фанаты болдым, барлық әндерін жатқа білемін. Батырхан Шүкенов өмірден өтті дегенде қатты жыладым. Сондай өкінішті…

Маржан Арапбаевамен орындайтын «Қыздар мен жігіттер» әні қалай туды?
«Екі жұлдыз» деген жобаға «Индиго» тобы мен Нұрлан Абдуллин дуэт болғысы келіп, маған жаңа әнге тапсырыс берді. Сосын «Қыздар мен жігіттерді» жазып шықтым. Әнді тыңдаған соң, «Кешіріңіз, бізге келмейді екен» деп бас тартты. Өзім анда-санда тыңдап қоямын. Бұл ән өзіме қатты ұнады. Әрине, біліп тұрмын, тойда айтатын өлең емес. Сосын бірнеше рет өңдеп, дайындадым. Ендігі сұрақ: «кіммен айтамыз?» Бірінші Маржан ойыма түсті. Телефон шалған едім, бірден келді. Тыңдады да, «фирменный ән» деп баға берді. Бейнебаян түсірген соң, телеарналарға бердік. «Бір-екі рет көрсетеді де қояды» деп ойлағанмын. Жоқ, экраннан түспеді. Осы әнімізбен «Астана жұлдызы» конкурсын аштық, көптеген концерттерге шақырды.

«Қазақ қызы шетелде қалып қоймаса» деген ниетпен «Телефон» әні жазылды
Менің әндерімнің өлеңін жазатын – Қанат Жүнісов. Бұрынырақта бірінші өлең шығарылып, сонан соң оған музыка жазылатын. Ал қазір керісінше. Мен бірінші музыканы жазып, өңдеп, дайындап қоямын. Жазу үстінде өлеңде болуы қажет сөздер, әннің «оқиғасы» өз-өзінен ойға келе бастайды да, соны Қанатқа айтамын. Яғни, өз идеямды ақырын жеткіземін. Ары қарайғы жұмысты өзі бітіреді. Мұны дұрыс деп есептеймін. Өйткені әнде «фишка» болуы қажет. Мысалы, «Телефон» әнін жазуда оған «телефон, sms, аэропорт» деген сияқты сөздер, соған сәйкес бір оқиға болсыншы» дедім. Басында бұл әннің тақырыбы «Болашақ» деп аталған. Яғни, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға шетел асқан қыз, еліне қайтуды әлі ойлап жүрген жоқ деген сияқты ойлар болды. Сол ән арқылы қазіргі қазақ жастарын тәрбиелегім келді. Қыздарымыз шетел асып, туған елін, туған тілін ұмытып кетсе, не болады? Осындай ойлар мазалағандықтан, ән жазылды. Қазақ қызы шетелде қалып қоймаса деймін. Бұл әнді кейін бәрі «Телефонды» айтыңдаршы» деп кетті де, әннің тақырыбы да солай қалды.
Ән жазу оңай емес, ұжымдық жұмыс. Түнімен студиядан шықпай жазамыз, бірде керемет көрінеді, жоспарлаған ноталардан басқасын алып қалсақ, ол тіптен сәтті шыққандай болады. Ал таңға жуық дайын болып, тыңдағанымызда, бір нәрсесі дұрыс болмай шығады да, жұмысқа қайта кірісеміз. Хиттан кейін хит шығару, көрерменнің көңілінен шығу қиын. Егер мен «Махаббатқа» ұқсас ән шығарсам, барлығы «өй, ана әні хит болған соң, мынаусы да сондай бола ма деп шығара салған ғой» деп кетер еді. Бір әннің стилінде тұрып қалмай, жаңарып, жаңа биікті алып отыру қажет. Қазір жаңа бір ән бітіріп жатырмыз. Бейнебаян түсіруге дайындалып жүрміз. Ол да жастардың сүйіп тыңдайтын әніне айналады деп ойлаймын.
Альбом дегеніміз – кемпірқосақ сияқты болса…
Менде таңдап алған арнайы бағыт жоқ. Рок та, поп музыка да, RNB, рэп те ұнайды. Рэпті жақсы айтамын. Барлық стильде айтқым келеді. Жоғарыда айтқанымдай, негізі домбырашымын. Бірақ қолға домбыра алмағалы біраз жыл өтті. Өткенде Семей қаласына барып, концерт қойғанымда домбыраны қостық. Жап-жақсы шыққан сияқты. Көрермендер қайта-қайта «тағы да, тағы да» деп айқайлады. Қайдан тағы болсын, бары сол. Бірақ алдағы уақытта домбыраны да, рэпті де қосамыз. Альбом шығып, оны тыңдаған кезде ол кемпірқосақ сияқты болса деймін. Кемпірқосақ дегеніңіз түрлі-түсті ғой. Сол сияқты топтың да әні түрлі бағытта, түрлі стильде болса, тыңдарманға да ұнайды: мұңайып та, жылап та, көңілденіп те, қуанып та кетсе, альбом осындай түрлі сезімдерді жинақтап тұрса деймін. Өзіңіз ойлаңызшы, көлік жүргізіп келе жатасың, ал қойылып тұрған әндер біресе ауылға, біресе шетелге апарып тастайды. Бір ғана мотивте тұрып қалмау керек.

«Формат» тобы кәсіби музыканттардан құралған
«Формат» тобының директоры – келіншегім Ләззат. Кастинг жариялағанымызда бірінші болып қазіргі бас дауылпазшымыз Андрей Приль келді. 4-5 жылдай жұмыс істеген соң кетіп қалған музыканттар болды. Ал Андрей болса ылғи маған қолдау білдірді, сенді, топта қалды. Өте көңілді, позитивті жігіт. Сахнаға шығар алдында қобалжып тұрғанда қашанда демеу беріп, көңіліңді орнына түсіреді.
Гүлсім Мырзабекова қарағандылық қыз. Бізге дейін вокалшы болған. Қазір Астанадағы «Шабыт» өнер университетін тәмамдағалы отыр. Кастингке 12 қыз келді. Бәрін группамен ән айтқызып көрдік. Сосын «А-студионың» қазақша бір әнін, орысша бір әнін айтып беріңдер деп тапсырма бердім. Гүлсімнен басқасының бәрі тапсырманы қаз-қалпында орындап шықты. Бірақ бұл қызда бір қазақилық бар, әрі дауысы жоғары ноталарды ала алатынын көріп тұрмын. Жанымдағылар басқа қызды ал деп тұрса да, мен топқа Гүлсімді шақырдым. Оның тәрбиесі өте жақсы, түсінігі мол. Ата-анасы өте тәрбиелі кісілер екен.
Синтезаторда ойнайтын Оля Джулдиева бізге кейінірек келді. Астананың ең мықты оркестрлерінде жұмыс істеп жүрді. Бұрыннан жақсы араласып тұрамыз. Алдыңғы музыканттарым кеткен соң жариялаған кастингіме көмектесу үшін келген болатын. Сосын оларға топта қалуға ұсыныс жасадым.
Виталий Юрчук – ритм-гитарашы, өте білімді жігіт. Онымен әңгімелескен қызықты, кітапты көп оқиды, жан-жақты. Ербол Тасмамбетов – бас гитарашы, бізге Оля, Виталий үшеуі бір оркестрден келді. Ерболдың кәсіби деңгейі жоғары. Қызылорданың жігіті. Адамдармен тез тіл табысып кетеді.
Біз тек жанды дауыста ән саламыз
«Формат» тобына келесі жылы он жыл толады. Алла бұйыртса, бірінші Астанада үлкен концерт береміз. Санасам, осы уақытқа дейін тек 7-8 ғана әніміз бар екен. Бірнеше жыл тойларда кәдімгі тойдың ансамблі болып, тойға лайықты басқалардың әндерін орындап жүрдік. Екі жылдай болды, тойға мүлдем шықпаймыз. Өз шығарма-шылығымызға көңіл бөліп, үлкен сахналарда өнер көрсетеміз. Он жылдыққа дейін біраз ән дүниеге келеді. Менің авторлық әндерімді де орындаймыз. Жарыққа шықпағандары да бар. Ал орындалып жүргендерін әншілер ары кетсе «Астана» радиосына дейін апарады. Кей әндерімді айтып жүрген топтар тарап кетіп жатты. Негізі ән жазуды нықтап 2001 жылдардан бастап қолға алдым. Егер сол кезде Алматы сияқты өнер ордасында тұрсам, онда басқаша болар ма еді… Осы Астанада жазылған әндерімді жарыққа шығарамын. «Форматта» өзіміз келіскеніміздей тек менің әндерім ғана орындалады. «Астана» радиосында тұңғыш рет радио-концерт өтті. Бірінші бізді шақырыпты. Оның себебі біздің астаналық болғанымыздан болар, әрі біз тек жанды дауыста ән салатын топпыз. Радиода ән айтқан қызықты әрі қиын екен. Біз алдымызда көрермен толып отыруына, мелодияның үлкен дыбыс зорайтқыштан шығып тұруына үйренгенбіз ғой. Ал радиода тек құлаққаптан орындауымыз естіліп тұрды, тыңдарманның қалай қабылдап отырғанын білмейміз. «Ана жақта қалай боп жатыр өзі» деп ойлап қоямыз. Ән жазар кезде оның тыңдармандарын көз алдыма елестетіп аламын. Кім үшін, қандай көрермен үшін жазып отырғанымды білуім керек қой. Мәселен, «Махаббатты» біз әкім шыршасында орындау үшін жаздық. Ойлаңыз, концерт жай ритмді музыкалармен өтіп жатады, әкім, депутат сынды костюмдегі кісілер болады. Көрермен де жалыға бастайды. Демек, бір дегенде жұртты елең еткізу керек. Қуанғаным – сол мақсатымызға жеттік.
Телебағдарламаларға шақыр-ғанда фонаграммамен ән айтуға тура келеді. Жанды дауыспен айта берейік десек те, ондағы аппаратуралар бұған сай келмей жатады. Фонограммамен айтқанда шатасамыз. Мен түспей қала беремін. Жанды дауыспен айтқан қызықты. Ән фонограммадағыдай емес, қандай күйде тұрсаң солай шығады.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ,
ЕҰУ-дың студенті.
«Ақ желкен» журналының жас тілшісі.
(«Ақ желкен», №5. 2015 жыл)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста