Қайрат Нұртас маған бәсекелес емес - Серікбол Сайлаубек
«ДЕШЕВЫЙ» АДАМДАР «ДЕШЕВЫЙ» ӘҢГІМЕ АЙТАДЫ
– Серікбол, бір кездері сіз көпшілікке Қайрат Нұртастың боқтық сөз айтқан видеосын ғаламторға жариялаушы адам ретінде танылған едіңіз...
– Видеоны ғаламторға мен салды деп айта береді. Иә, ол видео¬ны түсірген – мен. Бірақ мен оны ғаламторға салып, таратқан жоқпын. Әлі күнге дейін ғаламторды қолдануды дұрыс білмеймін, қалай саламын?! Логикалық тұрғыдан ойласаңыздаршы, ол жерде Қайрат қана емес, мен де бармын. Өз-өзімді салмайтын шығармын?!
– Ол жерде сіз көрінбейсіз. сіздің салып жіберуіңіз де мүмкін ғой...
– Ғаламтор әлі дамымаған кез ғой. Қазіргідей емес, «простой» телефонға түсірілген. Бәрі сол видеоны мен салды деп ойлайды. Бірақ Алла тағаланың көзі түзу. Мені жақсы танитын адамдар менің салмағаныма сенеді. Өйткені ондай санасыздығым жоқ. Құдайға шүкір, кейбіреулерге қарағанда тәрбие көрген жігітпін.
– Сол шудан кейін-ақ сахнадан кетіп қалды ма деп ойлап отырмын...
– Жоға. Қайрат Нұртас өміріме бөгет бола алмайды. Ол маған бәсекелес емес. Қайрат екеуміз бірге оқыдық. Кезінде ол балаға біраз нәрсе үйреткенмін.
– Қазір де араласып тұрасыздар ма? сол видеодан кейін достықтарыңыз бұзылып кеткен жоқ па?
– Сәлеміміз түзу. Бірақ Қайрат қазір Астанада тұрады, мен Алматыдамын. Күнде кездеспесек те, көрген жерде амандасамыз. Қайрат маған дос емес, інімдей болып кеткен. Керек болып жатса, бір қоңырау соқсам жетіп жатыр. Сөзімді жерге тастамайды, бірден келеді.
– Бір бағдарламаға берген сұхбатында сізді кінәлаған еді...
– «Адамға ауыз берсе, былшылдай береді» деген мақалды білесіз бе? Ауыз өзінікі болған соң сөйлей береді. Ал бетпе-бет келгенде ештеңе айта алмайды. Сондықтан адамның сыртынан ғайбат сөз айтуға болмайды. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмағаннан кейін қалай маған кінә тағады?!
– Өз-өзіңізді неге ақтап шықпадыңыз? қанша дегенмен халықтың түсінігінде сіз сол бейнемен қалып қойдыңыз...
– Мен басқалар сияқты өсекке жақын емеспін. Арзан әңгімені қозғағанды қаламаймын. «Дешевый» адамдар «дешевый» әңгіме айтады. Мен ондайлардың қатарына кірмеймін. Бықсыған әңгімені сондайлар ғана айтады. Ұсақ-түйек әңгімеге араласатындай менде уақыт та жоқ.
– Өз тіліңізбен айтқанда, «дешевый» адам емес екенсіз. онда қандай мінезді адам болдыңыз?
– Мен жасаған нәрсемді істедім, жасамағанды жасамадым деймін. Бір Алла тағала деп жүрген жігітпін. Кімнің қандай екенін Алланың өзі көріп отыр. Дәл осы жағдайда кінәсіз адамға кінә таққандар ертеңгі күні ана жаққа барғанда сол үшін жауап береді. Олардың сұраққа ілінгенін сол кезде көреміз. Мүмкін, ол өзі үшін «қара пиар» жасаған шығар?..
– Дәл қазір ауыл аралап тегін концерт беріп жүрсіз. мұндағы мақсатыңыз не?
– Белгілі бір мақсат үшін беріп жүрген жоқпын. Не болмаса асып-тасып жатқан ештеңем жоқ. Халыққа мейрам сыйлағым келеді. Бойымдағы өнерімді халыққа сатпай тегін беріп жүрмін.
– Әнші болғалы барлық жерге тегін шығып жүрсіз бе?
– Жоқ. Тойларға шыққанда ақшамды аламын. Ән жаздырып, бейнебаян түсіруім керек қой. Ал концертті тегін бергім келді. Өйткені кішкене кезімде ауылға келген концерттерге кіре алмадым. Жағдай жоқ, ақша болмады. Осы нәрсе көңіліме қатты тиіп, қасымдағы балаларға «Осыдан әнші болайын, тегін концерт беремін» деп сөз берген едім. Мен уәдемде тұратын жігітпін.
– Бала кезіңізден әнші болатыныңызды білдіңіз бе?
– Әнші болсам деп армандадым. Балалық шағым бұрынғы Талдықорған облысының Сарқан ауданында өтті. Мектеп қабырғасында жүргенде мерекелік кішігірім концерттерге қатысатынмын. Былайша айтқанда, мектептің «Филипп Киркоровы» болдым.
– Негізі, мектептің Филипп Киркоровы болғандар сабақ жағына келгенде онша емес болып жатады...
– Үздік оқушы болдым. Мектеп директорының тойына шығып бір әніңді айтып берсең жетіп жатыр. Сабағыңның бәрі «бес» болады. Негізі, мен Талдықорған қаласында оқыдым. Көптеген қалалық жарыстарға қатысатынмын. Оның бәрін өзім ұйымдастырғанмын. Мектепте нағыз белсенді болдым. Сол үшін мұғалімдер маған бағаны көтермелеп қоятын. Қанша дегенмен мектептің атын шығарып жүрген баламын, емтиханнан да сүрінбей өтіп кететінмін. Ән айтуды 9-сыныптан бастадым.
– Тегін концерт беріп жүргеніңізге бәрі таңғалуда. мұндай шара өнерде сонша жыл жүрген кісілердің де қолынан келмеді. қаражатты қайдан аласыз?
– Әншіліктен басқа да айналысатын шаруаларым бар. Қаражат жағынан келсек, маған «Жайлау» шаруашылық орталығы көмектеседі. Ал ол жерде қандай кісі отыр, есімін айта алмаймын.
– Жеке шығармашылық кешіңізді өткізу жоспарыңызда бар ма?
– Жеке шығармашылық кешімді күзде берсем деп жоспарлап отырмын. Бірақ Республика сарайында емес, концертті кең, ашық аспан астында өткізгім келеді. Бұйырса, алаңда тегін концерт беремін. Өйткені мен өзімді әлі жабайы, даланың адамы сезінемін.
– Жеке шығармашылық кештерін өткізгеннен кейін көп әншілер қарыз болып қалады. сол сияқты шығындалып қалмайсыз ба?
– Ең бастапқы кезде олардың «ақша жасасам» деген арам ойлары болады. Сөйтіп, қарызға батып қалады. Алла тағала әркімнің ниетіне қарай береді.
ЗАҢГЕР, ЭКОНОМИСТ ҚАНА ЕМЕС, ӘКІМ ДЕ БОЛА АЛАМЫН
– Сахнаға қай кезден бастап шыға бастадыңыз?
– Мектепті бітірген соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін экономика саласы бойынша білім алдым. Одан кейін заңгерлікті оқыдым. Екі жоғары оқу орнының дипломы бар. Эстрадаға 2007 жылы келдім. Бірақ арасында үзіліс жасадым. Отбасылық жағдайға байланысты сахнадан қол үзе тұруыма тура келді. Алматы қаласында үй салып, кішкене тұрмыс-тіршілігімді дұрыстап алуды жөн көрдім. Аяғымнан нық тұрған соң өнерге қайта оралдым.
– Кейін заңгер, экономист болып кетуіңіз мүмкін бе?
– Өзіңіз де көріп отырсыз, өнерде аяқтан шалатындар көп. Бүгін қасыңда жүрген адамың ертеңгі күні дұшпан болып шығады. Сондайда сақтандыратын нәрсе керек (күлді). Диплом артықтық етпейді. Кезінде уақыт болған соң оқып алдым. Мен заңгер, экономист қана емес, әкім де бола аламын.
– Неліктен өз-өзіңізге сонша сенімдісіз?
– «Адамнан сұрасаң, мұрттай ұшасың; Алладан сұрасаң, құстай ұшасың» дейді. Не болса да Алла тағаладан сұрау керек. Мен өз-өзіме сенемін. Өйткені жүрегімде Аллам бар. Сондықтан ештеңеден қорықпаймын, жасқанбаймын.
– Өнерге келуіңізге кім себепкер болды?
– Аллаға шүкір, бауырларым, ағайын-туысым бар. Олар менің болашағыма сенеді. Солардың сенімін ақтауым керек. Тағыма таласқанымен, ешкім бағыма таласа алмайды. Әр адамның өз дәуірі болады. Алла тағаланың бір сәтке беретін бағы болады. Соны дер кезінде ұстап қалу керек. Қасыңда сатып кетпейтін достарың, жанашыр бауырларың болса ғана адам өседі. Арам нәрседен аулақ жүру керек. Егер адам таза жолмен жүрсе, бәрі өз ретімен келеді. Ал ластықпен, зина және араммен болған дүниенің ешқашан берекеті болмайды. Өнерге кеше ғана келген адам емеспін, сахнада жүргеніме он жыл болды.
– Осы аралықта репертуарыңызға неше ән жаза алдыңыз?
– Репертуарымда жүзден аса әнім бар. Кезінде дұрыс жұмыс істемегеннен көп әндерім халыққа танылмай қалды. Енді шығармашылығыма қайта кірісіп жатырмын. Қазір сахнаға басқа стильде шығып жүрмін.
– Басқа стиль деп той әндерінің жанрына кеткеніңізді айтып отырсыз ба?
– Мен кезінде шығыс стилінде, рок, рэп жанрларында айтып көрдім. Бірақ қазақ халқына танылу үшін бірінші той әнін айту керек екен. Еуропа, Америкаға қанша еліктегенмен, бірінші кезекте халықпен есептескен жөн. Осы уақытқа дейін біраз әндер жаздым. Бірақ ол кезде жаспыз, көп нәрсені білмедік. Кезінде жасанды стильде шығып, халыққа таныла алмадым. Қазір өмірде қандай болсам, өнерде де сондаймын.
– Сол жүз әніңіздің қайсысы хит болды?
– «Ең сұлу» әні. Ол халықтың арасында «Ой, жеңге» деп таралып кетті. Және «Дос¬тарым» деген әнім жақсы өтіп жатыр.
– Үйде неше ағайындысыздар? ата-анаңыз кімдер?
– Үш қыздан кейінгі кенжесі боламын. Жалғыз ұлмын. Әкем Сайлаубек жүн дайындайтын жерде істеді. Анам Жәмилә саудамен айналысты.
– Отбасыңыз бар ма? ерекше стильді қалыптастырып жүрген Серікболдың жұбайы кім болды екен?
– Басқа әншілер секілді өз бала-шағамды жасырмаймын. Иә, отбасым бар. Үлкен ұлым Бейбарыс 1-сыныпты бітірді. Қызым Дәрия мектепке келесі жылы барады. Екі-үш күнде дүниеге тағы бір сәбиіміз келгелі отыр. Әйелім Альмира екеуміз кафеде танысқанбыз. Ол кезде мен «Ерке», «Нұр-нұр» деген кафелерде музыкант болып жұмыс істейтін едім.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН, «Жұлдыздар Отбасы» журналы