Қайраткер қаламгерге құрмет
Алаштың арда туған адал азаматтарының бірі, белгілі қоғам қайраткері, қаламгер-ғалым Ақселеу Сейдімбектің елордамыз Астанадағы тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды.
Бұл жөнінде «ҚазАқпарат» таратқан мәліметтерге сүйенсек, мемориалдық тақта қайраткер тұлға өмірінің соңғы жылдары тұрып, ақтық сапарға аттанған Күмісбеков көшесіндегі 6-үйге орнатылған.
Осы орайда өткізілген шараға ҚР Парламенті мен Астана қалалық мәслихатының депутаттары, елорда басшылығы, Қазақстанның өнер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қаламгердің өмірдегі достары, әріптестері және туған-туыстары қатысты.
Ескерткіш-тақтаны салтанатты түрде жазушылар Әкім Тарази, Қойшығара Салғара және асыл азаматтың перзенті Ернар Сейдімбек ашты.
Төлен Әбдік, жазушы:
– Ақселеусіз қырық күн өтті... Ақаң жан-жақты, қарымды қаламгер болатын. Оның әсіресе соңғы жазған «Қазақтың ауызша тарихы» атты көлемді монографиясы ұлттық санаға игі ықпалын тигізетін, қазақтың руханиятына қосылған алтын қазына деп айта аламыз. Ақселеу сондай-ақ сырбаз күйші болатын. Ал оның шығарған әндері халыққа кеңінен тарап, ең ірі сахналарда орындалып жүргенін жақсы білеміз.
Қайраткер тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында сондай-ақ Астанадағы №54 қазақ мектеп-лицейінің ұжымы осы білім шаңырағына Ақселеу Сейдімбектің есімін беру мәселесімен тиісті орындарға ұсыныс-хат жібергендіктерін айтып отыр.
Ұсыныс мақұлданып, арнайы шешім қабылданса, бұл мектепте алдағы уақытта А.Сейдімбектің мұражайы ашылып, қаламгер-ғалымның еңбектерін зерттеу қолға алынбақ.
Қазіргі уақытта ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Сейдімбектің атымен Астана көшелерінің бірін атау мәселесі қарастырылып жатыр.