Қайраткер тұлғаға арналады
Бүгін кешкі сағат 18.00-де Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Д.Қонаев мұражайы және Халықаралық Д.Қонаев қоры бірігіп «Димекеңнің сүйікті әндері» атты қайырымдылық концертін өткізеді.
Мәдени іс-шараның мақсаты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өнерге, елге деген сүйіспеншілігін көрсету арқылы жастар арасында отансүйгіштікті насихаттау, мемлекетшілікті қалыптастыру.
Тұлғаның құрметіне арналған кешке Е. Хасанғалиев, Н. Нүсіпжанов, Л.Кесоглу, Б.Төлегенова, Р. Рымбаева сынды бірқатар ән майталмандары өнер көрсетеді. Сонымен қатар «Отырар сазы» оркестрі, «Гүлдер» би тобы, шешен және татар қоғамдық-мәдени орталықтарының өнерпаздары да кештің сәнін кіргізбек. Қайраткер тұлғаның 100 жылдық мерейтойы былтыр республика көлемінде аталып өткен болатын. Шараны ұйымдастырушылар, өнер мен мәдениет арқылы Димаш Ахметұлының асыл қасиеттерін келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгі күннің парызы дейді.