Қайтсек ғылым дамиды?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ректорлары, ҒЗИ директорлары, ғылыми орталықтар мен мекеме жетекшілерінің қатысуымен 2010-2014 жылғы ғылым, инновация және технологиялық модернизацияны дамыту бағдарламасы талқыланды.
ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттің ғылым саласын дамытуға байланысты мәселелер сөз болды. Жиында бас қосқан ғалымдар аталмыш бағдарлама аясында қазақ ғылымы мен технологиясын өркендетуде жаңа амалдардың табылатындығына сенім артатындығын атап өтті. Сондай-ақ ғалымдардың пайымдауынша, бағдарламаны экономикалық қажеттілікке қарай жүзеге асыру керектігі тілге тиек етілді. Қазақстан өз өнімін шығаруға барлық мүмкіндіктері бар. Мәселен: «Емдік өсімдіктерді, химиялық қоспалар мен қара металдан жасалатын аз тоннажды бұйымдарды қолға алу қажет», – дейді олар.
Бір өкініштісі, кейбір ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың жетекшілері бізде әлі күнге дейін ғылыми саланың негізгі басымдықтары анықталмағандықтан, салаландырылған жобалық институттарды ашуда қиындықтар туындап отырғандығын айтады. Егер бұл мүмкіндікке қол жеткізген болсақ, өнеркәсіптер мен бизнес орындарының көңілін аударар едік. Алайда бүгінде мемлекеттің ғылым саласын дамытуға бөлген қаржысы өте мардымсыз болып отыр. «Сондықтан да тұрақты қаржысыз ғылым саласында жаңалық ашып, жетістікке жету қиынға түседі», – дейді ғалымдар. Жиын соңында ғалымдардың ұсыныс-пікірлері топтастырылып, ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігіне жіберіледі.