Қаламгер қыздарға арналды
Аналар мерекесі қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Қыз-көктем» атты дәстүрлі ән-жыр кеші өтті. Кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп ашып, өзінің жүрекжарды жырын тарту етті.
Марфуға Айтхожина, Нәзікен Алпамысқызы, Зайда Елғондиновадай халқымыздың аяулы ақындары бастаған нәзікжанды қалам иелері өрнекті жырдан шашу шашты. Әдеби шараға сондай-ақ Қалижан Бекхожин, Жұмекен Нәжімеденов сынды о дүниелік болған бірқатар қаламгердің жарлары қонақ ретінде шақырылды. Кештің соңында Ғафу Қайырбековтің жары Бәдеш Қайырбекова сахнаға көтеріліп, ақынның өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін бастағанда көпшілік көрермен қосыла шырқады. Ұйымдастырушылар «бұл шараның мақсаты – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында әдебиет пен өнерде жүрген қаламгер аруларды құрметтеп, оларға қошемет көрсету, шығармашылықтарын насихаттау» дейді.
Қыз-келіншектер мен әйел-аналарды ұлықтауға арналған кеште Бақыт Беделхан, Қайсар Қауымбек сынды талантты ақындар көктем, ана тақырыбында өлең оқып, жырдан шашу шашты. Белгілі эстрада жұлдыздары әнмен әуелеткен әсерлі кешті ақын Бейбіт Сарыбай жүргізді.