Қаламгерлер оқушылармен жүздесті
Жуырда Алматы қаласындағы Теміржолшылар сарайында Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығы аясында жас ақын-жазушылардың №6 кәсіптік лицей оқушыларымен кездесуі өтті.
Кездесуді белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, «Қаламгер-медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы бастаған аға буын өкілдері ұйымдастырды.
Әуелі лицей оқушылары келген қонақтарға өз өнерлерін тарту етті. Белгілі ақындардың өлеңдеріне шағын поэтикалық қойылымдар жасап, ақын ағаларын да, жиналған көрермендерді де бір серпілтіп тастады. Оқушылар өнерін тамашалағаннан кейін сахнаға көтерілген Бейбіт Сарыбай, Ырысбек Дәбей, Ерғали Бақаш, Мәди Алжанбай, Дархан Бейсенбек, Бауыржан Әлқожа, Олжас Қасым сынды жас ақын-жазушылар өздерінің отты өлеңдерімен, лирикалық жырларымен көпшілікті поэзия әлеміне үңілдірді, сөз құдіретін танытты.
Ерболат Батталханов, №6 кәсіптік лицейдің директоры:
– Қазақ халқы небір зұлматты басынан кешіргенде осы Жазушылар одағы әрдайым халықтың мұңын айтып, арашашы болып жүрді. Сонау Желтоқсан оқиғасы кезінде, туған тіліміздің мәртебесін қайтару жолында жасалған жұмыстардың барлығына осы қасиетті қара шаңырақтың әсері болды. Бүгінгі кәсіптік лицейдің оқушыларын ақын-жазушы ағаларымен таныстырып, олардың өлеңдерін тыңдатудағы мақсатымыз – әдебиеттен әлеумет жырақтап кеткен заманда автор мен оқырманның арасындағы алтын көпірді қайта жалғау болатын. Өйткені әдебиет адамның өзі үшін керек.
Бейбіт Сарыбай, ақын:
– Әрине, жас ақын-жазушылардың жастармен, осындай оқу ордаларында білім алып жатқан оқушылармен кездесіп, өздерінің өлеңдерін тыңдатып, жазып жатқан дүниелерімен таныстырып отырғандығы дұрыс. Өйткені бала көңілі, жастардың ұғымы жақсыны да жасықты да бірден айырады.