Қаламұш қашанда ұштала бергей!
...Әлдекім дүниеден өткеннен кейін ғана кімді жоғалтқанын біліп, аһ ұратын қазақ үшін адамның қадіріне көзінің тірісінде жету – өте қат та қажет қасиет. Осы тұрғыдан алғанда, журналист, әдебиеттанушы ғалым, профессор Бауыржан Омарұлының таяуда жарық көрген «11-ші қаламұш» деген жаңа жинағының мейлінше тағылымды дүние екендігі даусыз.
«11-ші қаламұш» – автордың журналистика майданындағы қаламдас, қанаттас әріптестері, олардың осы саладағы өзіндік үлес, салмағы, шығармашылық лабораториясының қыр-сыры, сондай-ақ адамдық болмысы, азаматтық бейнесі жөніндегі толғаныстарына толы. Бұл жобаның әріптестер жайлы портреттік мақалалардан бастау алғандығын айта отырып, Бауыржан Омарұлы: «...Журналист өмірінің жұртқа аса мәлім емес тұстарын танытуға тырыстық. Олардың өскен ортасы, мамандықты игеруге ұмтылысы, жолсапар хикаялары, кәсіби шеберлігі жөнінде әңгіме өрбіттік», – дейді кітаптың «Қаламгер және қаламұш» атты күрмеу сөзінде.
Айтса айтқандай, бұл – өзінің қарақан басынан гөрі өз ісіне, кәсібіне көбірек қызмет еткен жандар, замандастар, әріптестер жөнінде аспандата емес, кәдімгі адами тілмен жазылған жүрекжарды лебіз. Мұнда сан алуан адамдар жайлы әңгімеленген. Олардың ішінде атақтылары да, атақсыздары да, қалың көпшілікке таныстары да, бейтаныстары да бар. Бірақ олардың қай-қайсысы да – күнделікті өмірдегі күрескер, суреткер, былайша айтқанда, нағыз алдыңғы шептің адамдары. Автор өзіндік майда тілімен, қаламгерлік шеберлігімен әр кейіпкерінің жұрт көзінен таса қасиеттерін, ерекшеліктерін әсерлі штрихтар, тосын да тың теңеулер арқылы өте шынайы сипаттайды. Сөйтіп, қазақ журналистерінің шын мәнісіндегі ұлы ұстазы Т.Қожекеевтен бастап, С.Бердіқұлов, Е.Смайыл, Ж.Аупбаев, Ж.Бейсенбайұлы, Қ.Жиенбай, Д.Егізов, С.Парманқұлов, Қ.Олжай, М.Тәжімұратов, Н.Жүсіп, Т.Батырхан, Қ.Рысбекұлы, Ә.Оралбаев, М.Байназар, Н.Байсақал, Ә.Сабыржанұлы сияқты аға, іні, замандастарының әрқайсысының өзіндік қадір-қасиетін тамыршыдай тап басқаны байқалады. Осы тізімдегі танымал көсемсөзшілер өз алдына, әсіресе «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болып, ел ішінде елеусіздеу күн кешіп жүрген соңғы бес-алты журналист бейнесі Бауыржан Омарұлының кейіптеуінде өте сәтті шыққан. Бұл ретте, Бауыржан Омарұлы «Өңі шырайлы, сөзі шұрайлы» тележурналист Әлімжан Сабыржанұлының өткір де ұтымды түйіндерін тіпті жіліктеп шағады. Мысалы, сөреде секіріп бара жатқан әлдебір қытайлық саудагерді көрсете отырып: «Бүгін сөреде секіргендер ертең төбеде секіріп жүрмей ме?», «Қыз сынында» бас бәйге алған арудың ана тілге шорқақ екенін «Түрің ұнамды екен, енді тіліңнің де құнарлы болуына тілектеспіз!» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген немесе «Ұлықта құлық жоқ», «Ұшақтан түсіп, құшаққа кірген» деген сияқты сәттілігімен талайдың зердесінде жатталып қалған тіркестеріне дейін тізіп шығуды ұмытпайды. Сол сияқты қазақ журналистикасының ыстық-суығына бір кісідей төтеп келе жатқан, сөйте тұра «биліктегі бар жеткен биігі 501-оқу тобының старосталығы» болып қалған, қаламы қарымды тілші Нұржамал Байсақал жөнінде де жанашырлық көңілмен көсіле жазады, «Алымды әрі шалымды. Оқырманын да, өз стилін де тапқан журналист. «Алматы ақшамының» бір тіреуін көтеріп, бірнеше айдарды үкілеп ұстап отыр», – деп шын бағалайды, әділ саралайды.
Қорыта айтқанда, «11-ші қаламұш» – жалғасын табуға тиісті құнды дүние. Әрине, замандас туралы сөзді басқалар да айтпай, жазбай жүрген жоқ. Бірақ олардың, негізінен, белгілі мерейтойларға орайластырылатыны, ең сорақысы, көбінесе әсіремақтау, мадақтау түрінде болып келетіні шындық. Ал оқырманға замандас бейнесін ашатын шынайы, адами сөз керек. «11-ші қаламұш» – осы талап үдесінен шыға алатын бірден-бір тұшымды туынды.