Қалижан ақынның есімі ардақталды
Жуырда Павлодар жерінде бүкіл аймағымызды, тіпті барша елімізді қуанышқа бөлеген ұлағатты той өтті. Өңірімізге алты Алашқа аты мәлім жыр дүлдүлдері мен көркемсөз зергерлері, қоғам қайраткерлері мен ұлт жанашырлары ат басын тіреді. Бұған халқымыздың аяулы перзенті, ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Қалижан Бекқожиннің 100 жылдық мерейтойы себеп болды.
Ақынның 100 жылдығына орайластырылған мерейтойлық шара Павлодар қаласында Қалижан Бекқожинге арналған асқақ ескерткіштің ашылуымен басталды. Салтанатты жиынға республика мен облысымызға белгілі азаматтар, ақын-жазушылар, ақынның ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, шетелдік қонақтар, облыс және қала әкімшілігінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен жастар қауымы атсалысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі Ерлан Арын алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Қалижан Бекқожин – қазақ халқының көрнекті тұлғаларының бірі. ХХ ғасыр поэзиясында өзінің сүбелі мұрасын қалдырған жыр дүлдүлі. Оның шығармашылығында халқымыздың басынан кешкен толқымалы кезеңдер көрініс тапқан. Ана тіліміздің асқақтауына өлшеусіз үлесін қосқан өлең-жырлары – біздің әрдайым рухани нәр алатын қазынамыз. Мұндай асыл азаматтың мерейтойы оны дүниеге әкелген қасиетті туған жеріне де, барша елімізге де құтты болсын!» делінген Мемлекет басшысы жолдаған құттықтауда.
– Жерлесіміз Қалижан Бекқожин – әлем әдебиетінде өзіндік жолын қалыптастырған елеулі тұлға. Ол шығармашылығын ерлік жолына арнап, шындық үшін өмір сүрді. Сонымен бірге шебер аудармашы ретінде танылып, ұлттар достығының нығаюына үлесін қосты. Бүгінде жерлестері ғана емес, бүкіл ел оны мақтан тұтып, жарқын тұлғасынан үлгі алуда, – деді Е.Арын өз сөзінде.
Тұлғасы ақындық шабытқа толы ескерткішті ашу рәсімі ақынның жұбайы Зайда апайға және ұлы Ерланға берілді.
– Қалижан Бекқожин өмірінің соңына дейін жүрегінде туған жеріне деген сүйіспеншілігін, сағыныш сезімін аялап өтті. Кереку-Баян өңіріне қатысты жақсы жаңалықты құлағы шалған сәттерде көңілі қуанышқа толатын. Міне, бүгін жерлестері оның жарқын бейнесіне құрмет көрсетіп, есімін қайта жаңғыртуда. Мен үшін бұл Қалекеңнің тіріліп келуімен тең болды. Әлі талай ұрпақ оның ескерткішіне көз салып, ақын жүрегімен табысқандай, сырласқандай болады. Сіздерге Жаратқан разы болсын! – деді жүрекжарды лебізін білдірген ақын ағамыздың өмірлік жары Зайда апай.
Ескерткіштің ашылу рәсімі сол күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен «Қалижан Бекқожиннің шығармашылығы және қазіргі қазақ поэзиясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына ұласты. Оның пленарлық отырысында облыс әкімі Ерлан Арын, ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры, ақынның ұлы Ерлан Бекқожин, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Тұрсынбек Кәкішұлы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаев, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, Ұлттық Ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаров және шетелден келген қонақтар қатысты.
Конференция барысында ақынның қазақ әдебиетіндегі орны, өз заманындағы тұлғалық портреті, шығармашылығындағы халық тіршілігінің көріністері жайлы ой-пікірлер айтылып, заманауи қазақ әдеби тілінің мәселелері қарастырылды.
Қалижан Бекқожиннің мерейтойына жиналған дүйім жұрт Павлодар қаласындағы ақын атындағы №12 мектепке аялдап, мұндағы «Қалижантану» орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ бұл күні Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде ақын рухына арналған ас беріліп, дұға бағышталды.
Бүгін мерейтой қонақтары ақынның кіндік қаны тамған жері – Баянауылдың Мойылды шатқалына да ат басын бұрды. Мұнда атақты жерлесіміздің есімін ұлықтау шаралары жалғасын тапты.
Қалижан Бекқожин – қазақ әдебиетіндегі алтын дәуірдің ұлы ақындарының тұяғы. Оны жай ғана жазушы, ақын деп білу аздық етеді. Оның мол мұрасы – халқының өмір айнасы, сөз өнерін сусындатар қайнар бұлағы. Қалижан Нұрғожаұлының туған жері – Кереку-Баян өлкесіндегі ұлық той ақын тұлғасына көрсетілген биік құрметтің бір шоғыры ғана.
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Жұрт менің Арал теңізінің жағасында дүниеге келгенімді жақсы біледі. Мұны айтқан себебім – сіздер, павлодарлықтар, бақыттысыздар. Арал айдыны тарылғаннан бері біздің жер аппақ сорға айналды, жаздың күні Бетпақдалада шелегі даңғырлаған қыз-келіншектер ауыз шаяр су іздеп зар болса, сіздер ұлы Ертістің суына шөл қандырып, Баянтаудан ескен самал желге еркелеп жүресіздер. Әр аттаған он қадам сайын ұлы перзенттер дүниеге келген, қызмет еткен киелі орындарға тап боласыз. Міне, бұл бақытты бағалай білу керек.
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, әдебиет зерттеушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Кеше ғана Абылай ханның 300 жылдығына арналған тойда болып қайттым. Қазақты бір бүтін еткен көрнекті саясаткердің мерейтойы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Бүгінде Керекуге жол тартып, осы тарихи тұлғаның халық жадында сақталуына елеулі үлесін қосқан көрнекті азамат – Қалижан Бекқожиннің 100 жылдығына шақыру алдым. Осы екі тұлғаның мерейтойлары бүкіл қазақ даласын шаттыққа бөлегені өмір заңдылығы, тарихи әділдіктің орнағаны деп білемін. Сіздер Қалижан ақынның жерлестеріміз деп шаттансаңдар, біз қазақ поэзиясының қайталанбас өр тұлғасымен замандас болдық деп мақтанамыз. Қазақтың тойы көп болсын, ағайын!