Қалжың әндерді қалжыратып алған жоқпыз ба?
Дарқан даламыздың төсі әзіл-қалжың әнге бай. Ілгерідегі әндер қазіргі әзіл әндердей тым қарабайыр, жеңіл емес. Автордың көтеріңкі көңіл күйінен туған ойнақы әндер тыңдаушыны терең ойға шомдырмайды. Керісінше, ондай әндерді тыңдаған адамның «Паһ, шіркін!», «Бәрекелді!» деп бір сергіп қалары анық. Әуенге қарай сөзі де мәнді.
«Ішім-ай, дертім-ай, қыздар-ай,
қырғын-ай!
Қыр басында – қыз ойнақ,
күнде – мәжіліс, түнде – ойнақ!
Екі манақ, нақ-нақ!» – деп келетін халық әні «Нақ-нақпен» кезінде селт еткізген Елубай Өмірзақов болатын. Орыс-қазақ сөздерін араластыра отырып, тыңдаушының езуін тартқызатын әйгілі «Он алты қыз», «Ақ қурай», «Қыздар-ай», Берікболдың «Ағаш аяғы», Кененнің «Көкшолағы» күлдірмей қоймайды. Әрине, орындаушысы әннің мақамына қарай сан түрлі образға еніп, дауыс ырғағы, домбыра тартысы, бет-әлпеті арқылы әннің характерін жеткізе алса?!
Әнсүйер қауымның делебесін қоздырған «Молдабайдың әні» арқылы Шәкен Айманов атамыз Алдаркөсенің әзілін жеткізсе, Бекболат Тілеухан өзінше жаңартып, бүгінде Ерлан Рысқали шырайын кіргізе орындап жүр. Дәуірінде Молдабай әнін шырқағанда үйдің кіре берісінен «Әу» деп бастап, жамбасымен ақырын сырғып секіріп отырып, дастарқанды бір айналып шығып, әнін де аяқтайды екен.
Әзіл әндерді құбылта, сызылта орындаушының бірі – Қайрат Байбосынов. «Бесіктегі баладан алғыс алған – жиырма бес, есіктегі кемпірден қарғыс алған – жиырма бес» деп халық әні «Жиырма бесті» Қайрат аға шырқағанда, халық тағы бір ән сұрамай жібермейді. Асау ән орындаушының бабына сай келіп тұр деген – осы. Талайды тамсандырған Үкілі Ыбырайдың:
«Тұрмай ма жақсы қызға
көңілің ауып,
Әзілмен сөйлеу керек ебін тауып», – деп өрілген «Қызыл асық» әнінде автор әннің әзіл ән екендігін айтып тұрғандай. Бірақ «әзіл, қалжың» деген сөздің өзін жеңіл санайтын адам халық әндері мен халық композиторларының бірлі-жарымды әзілге құрылған әндерін салмақсыз әнге баламауы керек. Ол да – классика.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, өнер зерттеуші, күйші:
«Музыкатану саласында арнайы бөліп алып қарайтын «әзіл-қалжың ән» деген арнайы жанр жоқ. Бірақ қазақтың дәстүрлі ән өнерінде автордың көңіл күйін білдіріп, ситуацияға қарай туған Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», Жаяу Мұсаның «Құлбай байы», Мәриям Жагорқызының атынан шығарған Үлгебайдың «Дудар-айы» әзіл-қалжың әндерге жатады. Әзіл әндерді күйдегі «Ақжелең», «Қосбасар», әнде «Мақпал» секілді жанрлық жағынан барлық ақын-композитор тақырып етіп шығармаған. Батыс жақта «мәтөк әндер» деген «қара өлең» түрінде келетін әзіл әндер бар. Арнайы зерттелмеген, тек мінез жағынан топтастырып, бөліп айтуға болады».
Асылында, қуақы қалжыңды табиғаты қалжыңбас, ақ адал пейілді, мінезі жеңіл адамдар айтады. Халық композиторларының ішіндегі әзілқойы – Жаяу Мұса. А.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінде Жаяу Мұса туралы айта келе: «...М.Жамболовтың айтуынша, көңілді шал, қазақ ақындарының салтындағыдай домбыраны көп тартпаған, керісінше, татар әншілері секілді скрипкада ойнаған. Турасы, татардың кейбір әсері кәсіби өнерпаз үшін әртүрлі талғамдағы көпшіліктің көңілінен шығу мақсатында туса керек (Мұса орысша әндер де айтқан!). Мұса шығармашылығынан жалпы қазаққа жат жеңіл-желпі қуаныш пен әзіл-қалжың орын алады. Оның жеңіл, қайғысыз, өшіктіруші әуендері көбіне біркелкі (бұл да татарлық сипатта) гитаралық аккомпанементке биге (қазақта мүлдем жоқ) шақырып тұрғандай сұрану арқылы соңына дейін нақтылап айтылады. А.Байтұрсыновтың жеткізуінше, жан-жақты Мұсаға мазурка ырғағы жақсы таныс».
Бұл сөзімізге бірден бір дәлел – «Құлбай бай» әні:
«Құлбай байдың тұсағы,
Өткір екен пышағы.
Басқасы жаман болса да,
Қызының тәуір құшағы».
Былтырғы жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы жаңғыртқан «Қазақтың 1000 әні» антологиясына енген әндердің ішінде елге беймәлім әзіл әндер де бар. Олар – Ерлан Рысқалидың орындауында енген «Қиясбайдың әні» мен «Шалабек» әні. Абайдың ақындық ортасын зерттеуші ғалым Бауыржан Ердембеков Абайдың айналасындағы күлдіргі, сөзі қисық, табиғаты ешкімге ұқсамайтын ерекше Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембай, Қатпа сынды адамдар туралы жазған мақаласында Қиясбайға тоқталуы ерек. «Кім шығарса да, әлгі өлең тек Қиясбай айтса ғана жарасатын, соның табиғатына ғана сай болған соң, сөзсіз, Қия-ағаңның қоржынына салынады. Ел ішінде «Қиясбайдың қозы көші» деген ән бар. Анығы – Шәкәрімнің әні, Қия-ағаң бір бестіге сат деп өтінген соң, қажы тегін берген екен. Біреуден мәнсіз өлең мен ән қолқалап алып жүрген Қиясбай күшті ақын болмағанымен, екі ауыз сөзді қиыстырар қауқары болған». Сондағы Қиясбайдың мағынасыз өлеңі мынау:
«Айдалада ақ қасқыр, опақ-сопақ,
Ақ сиырдан туады жирен айғыр,
Аспанда ителгі құс пішен жейді,
Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда».
Түйін
Ел-жұрт «жындыға» балаған Қиясбайды Абайдың айрықша сыйлап, төрінен орын бергенін білеміз.
Расында, әзіл айтып, сайқымазақ болып көрінген кісілер – болмысы арам ойсыз, аңғал да аңқау, ақкөңіл адамдар. «Ішімдегіні біл» деп тымыраймайтын ақжарқын адамдар қалжың айтып ойнауға, шындықты айтып шымшуға бейім келеді. Салмақсыз сатира мен әлсіз әзіл жаулаған заманда көше әнімен көмкерілген әзіл әннің бағасы өсіп, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Кенендер әзілдеп түйреп өткен әлеуметтік шындыққа құрылған әндердің ақысы арзандап тұр. Әннің қадіріне жетіп, құнын өсіретін тыңдаушы бар ма екен?!