Қанатын жайған «Жас қанат»
Мамырдың 15-17-сi аралығында Астанадағы Конгресс-холлда жас орындаушылардың кезекті XVIII «Жас қанат» музыкалық байқауы өтеді. Байқауды Астана қаласының әкімшілігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Азия дауысы» дирекциясы ұйымдастырып отыр.
Алматы қаласында 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Жас қанат» байқауы 2001 жылдан бастап елордада өткізіліп жүр. «Жас қанат» – жас таланттарға қолдау көрсететін мемлекеттік жоба. Биылғы жылы байқауға қатысушыларды іріктеу ұйымдастырушылар үшін де, үміткерлер үшін де оңайға соққан жоқ. Байқауға қатысуға ниет білдірген 60 жастың өтінішінің ішінен жылдағы дәстүр бойынша, 13 үміткер таңдалып алынды. Алайда алғашқы кезеңнен өткендердің өзі Конгресс-холда тірі дауыспен ән айтып, соңғы дайындықтан өткеннен кейін ғана нақты бекітілмек. Осыдан кейін байқауға қатысуға жолдама алған үміткерлер қатал төрешілер мен дүйім халықтың алдында үш кезеңнен тұратын сыннан өтеді. Байқаудың алғашқы күні жарыстан шеттетілетін төрт қатысушының тағдырын дауыс беру арқылы төрешілер шешеді. Екінші күні финалға шығатын бес қатысушы анықталады. Соңғы үшінші күні бес үміткердің ішінен негізгі жүлдегерлер – «алтын», «күміс», «қола» қанаттардың иелері белгілі болады.
Байқауға қатысуға жолдама алған «Жас қанат» үміткерлері:
Әсел Абдрахманова (Атырау), Гүлия Айдарханова (Павлодар), Ербол Ақбасов (Орал), Алена Аллахвердиева (Петропавл), Әлия Аюб (Алматы), Дуэт «Батыс» (Ақтөбе), Төлеген Ғабдрахман (Астана), Тарас Жұмбаев (Орал), Таңат Жексенбаев (Батыс Қазақстан облысы), Азамат Мекебаев (Астана), Melo'men тобы (Алматы), Әсем Омарова (Семей).